Жұма, 17 мамыр, 13:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Техас: АҚШ-қа кіру арманға айнала ма?

06.02.2024

234 0

Сурет: iz.ru

Соңғы жылдары Мексика арқылы АҚШ шекарасын заңсыз кесіп өтіп, жайлы өмір іздеген адамның саны мол. Қатерлі де қызықты «сапарды» еңсергендер қатарында қазақстандықтар да бар. Алайда енді бұл мүмкіндікдің жолы жабылмақ. Жуырда Техас штаты Мексикамен шекараға әскер әкеліп, заңсыз өткен халықты қайтаруда. Саяси алаңда қызу талқы тудырған оқиға туралы BBC арнасының тілшісі Сэм Кэбрал арнайы репортаж әзірледі.

АҚШ-Мексика қабырғасы деген атаумен танымал шекара бұрыннан заңсыз өту аймағына айналған. АҚШ визаны екшеп беретін болғандықтан, «үшінші мемлекеттердегі» жоғары білімі жоқ, жалақысы аз, Америка көруге асық» азаматтар үшін бұл шекара арман қақпасына айналған. Әрине, оларға ресми тіркелу мүмкін емес, әлеуметіттік көмек те қолжетімсіз. Қашыппысып қара жұмыс істеп, орташа айлықтан төмен еңбекақы алады. Алайда соның өзі отанындағы күнкөріс деңгейінен жоғары болғасын, көбі аталған қадамға баруда.

Алайда заңсыз көші-қон мәселесі қоғамдағы қылмыс көрсеткішіне әсер етіп, еңбек нарығында тұрақсыздық тудыруда. Сондықтан кей штат мигранттардың құқығын әсіреқорғау басым деп жазғырып, тіпті орталық билікпен шекарадағы тәртіпті өз бетінше шешуге кіріскен. Мысалы, Мексикмен іргелес Техас штаты орталық билікпен кикілжіңге келіп, бақылау пунктерін дамытпаған лауазымды тұлғаларды кінәлаған. Штат губернаторы Грег Эбботт заңсыз мигранттарды тоқтату үшін дербес шешім қабылдап, Игл Пасс қаласы маңынан темір қабырға тұрғызды. Штат басшысының жұмысты бұл өңірден бастауында мән бар. Себебі өткен жылы Мексиканың аталған шаһар маңындағы шекарасынан өткен заңсыз мигранттар саны 56 процентке артқан.

«22 қаңтарда Fox News агенттігі АҚШ Жоғары сотының қаулысын жариялады. Онда Техас шататындағы Мексикамен шекарадағы 48 шақырымдық темір тосқауылды алып тастау үкімі көрсетілген. Оған қоса штат өкілдерінің шекара патрульдерін Рио Гранде өзеніне жақындатпауын заңсыздық деп атаған. Ал техастықтар болса, заңсыз келген халықтың көптігіне шағымданып, оларды Вашингтон, Нью-Йорк, Чикаго секілді қалаларға автобуспен жіберуде. Мұндай қарсылық жалпыхалықтық талқыға ұшырап, қоғам белсенділері ойын жеткізуде», – дейді автор.

Жағдайды пайдаланып, саяси ұпай жинауға тырысқан экс-президент Дональд Трамп АҚШМексика шекарасындағы жағдайды сынады. The Hill ақпарат агенттігінің мәліметіне сенсек, Трамп бұл дауды әлем тарихындағы ең масқара жағдайға теңеген. Ол аздай, шиленіс артса, елде қарсылық белгісі ретінде теракт орын алуы мүмкін екенін жасырмаған. Экс-президент Truth Social әлеуметтік желісінде де ойын қайталап «Бізде небары үш жыл бұрын ғана ең мығым әрі қауыпсіз шекара болды. Ал бүгінгі ахуал ше? АҚШ шекарасы әлемдегі ең сорақы шекараға айналды. Алдымызда қиын дағдарыс күтіп тұр», – деген.

Мәселеге агрессиялы ұстаныммен жауап қатқандар да кездеседі. Әсіресе өзге штат басшылары әріптесінің қадамын құптап, керек болса, иелігіндегі ұлттық гвардияны көмекке жіберетінін айтуда. Флорида штатының губернаторы Рон Десантис бұл ойды ісімен дәлелдеп, әскерге пәрмен дерген. Ол X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде: «Штаттар шекарасын қорғауға толық құқы бар. Егер Техас қабырға тұрғызғысы келсе, көмекке дайынбыз. Мен қабырғаны бұзып, заңсыз мигранттарды көбейтуге ниетті орталық биліктің сапында болғым келмейді. Бұл – бассыздық. Сондықтан Ұлттық гвардияның бір батальонын Техасқа көмектесуге жібермекпін» – деп жазба қалдырды.

Байқасақ, АҚШ қоғамы қанша жерден толерантты ортаны құруға тырысқанмен, заңсыз көші-қон мәселесінен қажыды. Мұндай «бас ауруы» солтүстік Африка босқындары мезі еткен Еуропада да кездеседі. Сондықтан әлеуметтік тенденция өзгеріп, бұрынғыдай мигрантқа мүсіркей қарай бермейді. АҚШ-та шекараны заңсыз кесіп өткен азаматтардың көптігінен адам құқығын қорғайтын ұйымдар үні де бәсеңдегендей.

Оған себеп жоқ емес. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ-Мексика шекарасын 300 мыңнан астам адам заңсыз аттапты. Ұлттық қауіпсіздікке бей-жай қарамайтын елді мұндай дерек шошытқаны анық. Техасты қолдап Ұлттық гвардия жіберуге дайын отырған Республика партиясының 25 губернаторының әрекетінің мәні де осында болатын.

«Заңсыз келімсектер кесірінен мемлекетте фентанил, есірткі айналымы көбейіп, террористер де қарапайым халық кейіпінде енуде. Сондықтан Эббот мырза бастаған «Жалқы жұлдыз» операциясын қолдаушы көп. Орталық билік те қарсы емес, тек Техас әскери күштерінің шекара патрулін аймаққа кіргізбегеніне наразы. Жаңадан салынып жатқан қабырғаны қолдамағанымен, бұрыс деп кесіп айтпады. Білетініміз, штат басшысының ісі Жоғары сот қаулысына кереғар емес», – дейді Сэм Кэбрал.

Техастағы қадамға қарсы шыққандар да кездесті. Мысалы, конгрессмен Хоакин Кастро губернатор әрекеті хаос тудырады деп айтыптап, орталық билікке Ұлттық гвардияны басқару билігін қайтып алуды сұраған. Оған қоса Ақүй Техас губернаторын сотқа тартып, Байден берген тапсырманы орындамады деп кінәлайды. Олардың сөзінше, Эбботт Мексика тұсынан заңсыз шекарадан өткен мыңдаған мигрантты түрмеге қамамаған. Ал сол мигранттарды автобуспен АҚШ-тың ірі қалаларына апарып тастап, ішкі қарсылығын көрсеткен.

Байден болса тақырыпқа салқынқанды қарауда. Көші-қон мәселесін реттеуге дайын екенін айтып, ол үшін құқықтық өзгеріс жасау керегін жеткізген. Сөзінен саяси келіссөздер жүретінін байқауға болады. Ал ашулы республикалықтар Президент сөзін місе тұтпай, ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркасқа импичмент жариялап, қызметінен кетуін талап еткен.

«Республика партиясының көшбасшысы, бұрынғы президент Дональд Трамп жақтастырын үгіттеуге көшкен. Ол Байденнің келесі сайлауда жеңіске жетуіне кедергі болуға шақырып, саяси қателік жасамау керегін қайталаумен әлек», – дейді тілші.

Иә, Техас билігі екі ел арасындағы саяси дағдарысты үдете түсті. Оның үсітне шекара қауіпсіздігіне жауапты патрульді аймаққа кіргізбеуі ахуалға кәсіби баға беруге кедергі келтіруде. Заңды кие тұтатын елде Жоғары соттың қаулысына қарсы шығу, орталық биліктің пәрменін орындамау қылмыспен тең. Сондықтан ел билігі жағдайды ушықтырмау үшін кей сұрақты жауапсыз қалдыруға көшкен. Мысалы, штаттағы Ұлттық гвардия губернатор не тапсырма береді, соны орындайды. Заң солай. Шекара патрулін аймаққа кіргізбе десе, демек кіргізбейді.

Осы орайда қоғам құқық тарапын қозғап, «Неліктен Байденнен Техастағы гвардияны басқару билігін губернатордан алмайды?», «Басқару құқын басқа адамға берсе жеткілікті емес пе?» деген сауалмен мазалауда. Орынды сауал болғанымен, билік әлі нақты жауап берген емес. Осыдан-ақ ахуалдың тым күрделі екенін аңғаруға болады.

P.S. Қай елге болсын, заңды негізде аяқ басқан жөн. Заңды айналып өтуге талпыну, шекараның белгіленбеген тұсына бару қатерлі екенін түсінген жөн. АҚШ-қа барудың жолы осы екен деп, Мексика арқылы тығылып өткен Қазақстан азаматтары да аз емес. Сол үшін АҚШ билігі виза беру жолын жеңілдетіп, түрлі бағдарламаны іске қосуда.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: