Жексенбі, 28 сәуiр, 15:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Тайвань қаруын күшейтпек

27.08.2022

850 0

Өзін тәуелсіз мемлекет деп санаса да Қытай әлі күнге дейін Тайваньді өзінің аралы ретінде санап отыр. Санап отқанымен қоймай азуын көрсетіп, Тайваньға деген қысымды күшейтуде. Дегенмен бұл текетіресте Тайбэй басшылығы тыс қалмай, қазіргі кезде қару-жарағын күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымының тілшісі Джою Ван «Тайвань әскери шығынын арттырмақ» тақырыбында мақала жариялады.

Тілшінің хабарлауынша, Тайвань Бейжің мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына байланысты Қытаймен шиеленістің күшеюіне жауап ретінде әскери шығындарды соңғы 15 жылдағы ең көп қаржыға ұлғайту жоспарын жария еткен.

Бейсенбіде Тайвань министрлігі келесі жылға рекорд­тық 13,7 миллиард долларлық базалық әскери бюджет­ті ұсынған. Бұл биылғы қорғаныс бюджетінен 13 процентке көп және мұндай қаржы 2007 жылдан бері бөлінбеген.

Министрлер кабинеті сонымен қатар реактивті ұшқыштарды сатып алуға және қосымша зымыран, әскери-теңіз кемелерін және басқа қару-жарақ жүйелерін қаржыландыруға қосымша 3,6 миллиард доллар бөлуді ұсынған. Бюджет ұсынысын Тайваньнің билеуші партия басымдыққа ие заң шығарушы органы мақұлдайды деп күтілуде. «Бұл пандемиямен күресу сияқты. Пандемия­ның алдын алу – өмірді қорғау. Бұл шешім де елді қорғау мақсатында жасалған», – деді Тайвань статистика департаментінің басшысы Чу Церминг.

Тайваньнің әскери шығынды күрт ұлғайту туралы мәлімдемесі Қытай Фуцзянь жағалауында әскери жатты­ғулардың жаңа кезеңін өткізуді жоспарлағанын жариялағаннан бір күн өткен соң жасалды. Қытайдың мемлекеттік телерадиокомпаниясы биліктің кемелерге жұма және сенбі күндері жаттығу өтетінін айтып, судан аулақ болу туралы ескерту жасағанын айтты.

АҚШ палатасының спикері Пелосидің Тайвань президенті Цай Инвэньмен кездесу үшін Тайбэйге барған сапарынан кейін Қытай-Тайвань арақатынасы одан әрі шиеленісіп кетті. Пелоси сапарынан кейін Бейжің Тайваньның үстінен зымыран ұшырып, блокадаға ұқсай­тын әскери жаттығулармен аралды қоршап алды.

«Тайваньды ешқашан басқармаған Қытай коммунис­тік партиясы аралды өз территориясының бір бөлігі деп мәлімдеп, қажет болған жағдайда оны күшпен бақылауға алуға уәде берді», – деп жазылған мақалада.

Вашингтондағы Қытай елшілігінің өкілі Лю Пэнгю бюджеттік ұсынысты Тайвань үкіметінің «сепаратис­тік ұстанымды ұстанғанының» белгісі ретінде қарастыра­тынын айтты. Ол Пекиннің өзін-өзі басқаратын аралды бақылауға алу туралы уәдесін тағы да айтты. Қытайдың қарулы күштері өкілі бейсенбі күні АҚШ-ты Тайвань бұғазындағы шиеленістің күшеюі үшін айыптап, Тайвань төңірегіндегі әрекеттерін Қытайдың аумақтық тұтасты­ғын қорғаудың заңды шарасы деп атады.

Тайвань ұсынған «қорғаныс» бюджетінде аралдың реактивті ұшақтары мен әскери кемелеріне жанармай мен техникалық қызмет көрсету шығындарын айтарлық­тай арттыру қамтылған. Әскери сарапшылардың айтуын­ша, бұл өсім Тайбэй аралдың қорғанысын әлсіре­туге бағытталған «сұр аймақ» соғысының түрі деп атаған Тайвань маңындағы Қытай жаттығулары мен «Қытай Халық азаттығы армиясы» шабуылдарына жауап беру үшін қосымша шығындарға байланысты болуы мүмкін.

Ұсынылған бюджет жарияланғаннан кейін Тайвань Қорғаныс министрлігі кеңейтілген бюджетін қаруды жақ­сартуға, резервтік күштердің дайындығын арттыруға және асимметриялық соғыс мүмкіндіктерін дамытуға жұмсауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Тайвань соңғы екі онжылдықта әлемдегі ең қуатты әскери күштердің бірін құрған Қытайдан төніп тұрған қауіп-қатерді ескере отырып, өз қорғанысына көбірек ақша жұмсамағаны үшін әскери сарапшылардың сынына ұшыраған еді.

Ұсынылған өсіммен Тайваньнің әскери шығындары 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің 1,7 процентін құрайды. Ал Қытайдың ресми қорғаныс бюджеті жалпы ішкі өнім­нің 1,3 процентін құраса, АҚШ көрсеткіші шамамен 3,1 процентке тең. Тайваньнің әскери бюджеті туралы «Бұл − оң тенденция. Бірақ оларға төніп тұрған қатердің үлкендігіне байланысты бұл қаржы әлі де аз», – деді АҚШ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы қызметкері және қазір Сингапурдағы Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінің аға ғылыми қызметкері Дрю Томпсон.

Тайбэйдегі әскери қолдау көрсететін Ұлттық қор­ғаныс және қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының зерттеушісі Су Цзу-ён Тайвань әскери шығындарды ішкі өнімнен үш немесе одан да көп процентке дейін ұлғайта алатынын, бірақ әлеуметтік әл-ауқат пен денсаулық сақтау шығындарын ұлғайту үшін саяси қысымға тап болып отқанын мәлімдеді. «Мәселе Тайваньдағы саяси мәдениет ұлттық қорғанысты басты басымдық ретінде қарастыратынында. Ұлттық қорғаныссыз әлеуметтік қамсыздандырудың қажеті болмайды, өйткені ол кезде Тайвань Қытайдың бір бөлігі болады», – деді ол.

Осы аптада Цай және басқа да жоғары лауазымды Тайвань шенеуніктерімен кездесуге АҚШ-тан келген қытайлық сарапшылар тобының бірі Орвилл Шелл Тайбэйде Қытай шабуыл жасаса АҚШ немесе Жапония аралды қорғауға келе ме, жоқ па деген сұрақ көп қойылғанын айтқан.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: