Бейсенбіде Гонконг полициясы қаладағы «Apple Daily» газетінің офисін қылмыс орны деп танып, 500 құқық қорғау органының қызметкері басшылық пен редакторды қамауға алған. Одан бөлек, редакциядағы барлық журналистік жазбаларды ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамаға байланысты тәркілеген. Осыған байланысты CNN арнасында тілші Эрик Ченгтің «Гонконг полициясы «Apple Daily» жаңалықтар газетінің редакторлары мен басшыларын ұлттық қауіпсіздік заңына сәйкес қамауға алып, редакцияны қылмыс орны деп жариялады» атты мақаласы жарық көрді.
Apple Daily редакциясы компанияның бас директоры Чунг Ким Хунг, операциялық директор Чоу Тат Куэн мен бас редактор Райан Лоу және оның орынбасары қамауға алынғанын мәлімдеді. Редакцияның хабарлауынша, оларға шетелдік күштермен сөз байласу арқылы ұлттық қауіпсіздік заңнамасын бұзды деген айып тағылған. Бұл елде өткен жылы Пекинге қарсы көтеріліске, бөлініп шығуға және диверсияға тыйым салатын ауқымды заң қабылданған еді.
Гонконгтың қауіпсіздік министрі бұл істің сөз байласуға байланысты екенін, полиция қазіргі таңда ұлтқа қауіп төндіретін қылмыс жасап жатқан журналистерге қарсы рейд жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеген.
Ұлттық қауіпсіздік полициясының аға басқарушысы Стив Ли компанияның 18 млн гонконгтық доллар тұратын акциялары әзірге тоқтатылғанын айтты.
Гонконг басшылығы полицияға ұлттық қауіпсіздікті бұзған бес «компания директорын» қамауға алу және журналистік жазбаларын тәркілеу туралы ордер жариялағанын растап отыр.
Стив Ли бірінші рейдтен соң редакцияның қылмыс орны деп танылғанын және журналистердің телефон, ноутбук, компьютер секілді заттары тексеріліп жатқанын айтты. Ал «Apple Daily-дың» желіде жариялаған суретінен полицияның электронды заттарды тексеріп жатқанын көруге болады.
Қазіргі таңда полиция редакцияның «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіру үшін шетелдік күштермен және сыртқы элементтермен жасасқан келіссөздерін» зерттеп жатыр деп жазады арна өз материалында. Стив Ли бұл редакция 2019 жылдан бері өзге елдің биліктерін Қытай билігі мен Гонконгқа қарсы санкция жариялауға шақырған материалдар жариялап келгенін айтады.
Сондай-ақ ол өзге басылымдарға мұндай мақалаларды қажеттілік болмаған жағдайда жарияламауды, заңсыз болса қамауға алынатындарын ескертті.
Бұған дейін Қытай мен өзге материктердің шиеленісінің символы болған медиамагнат Лай қазір ұлттық қауіпсіздік заңы бойынша түрмеге қамалған. Ол 2019 жылғы көтеріліс кезінде заңсыз жиындарға қатысты деген айып бойынша жауапқа тартылды.
Ли өз кезегінде бұл жауапқа тарту редакцияға қарсы емес, заңды бұзған белгілі топты қамауға алу мақсатында жасалғанын, Гонконг билігі БАҚ бостандығын қадірлейтінін айтты.
Қала басшысы Кэрри Лэм де Гонконгта ұлттық қауіпсіздік заңына қарамастан тұрғындардың сөз бен баспасөз еркіндігіне рұқсаты бар екенін, бірақ орын алған істің заңды екенін алға тартып отыр.
Ұлттық қауіпсіздік полициясы баспасөзге ешқандай қысым көрсетілмейтінін, бұл редакция тек журналистік қызметпен айналыспағанын мәлімдеуде. «Біздің журналистика саласына ешқандай қысым көрсетуді көздеп отырмағанымызды түсініңіздер. Біз өз мансабын пайдаланып, ұлттық қауіпсіздікке зиянын тигізгісі келгендерді ғана жауапқа тартамыз», – деп мәлімдеді ұлттық қауіпсіздік полициясының баспасөз хатшысы.
Дегенмен сарапшылар БАҚ-қа қысым көрсетіліп жатыр деп алаңдап отыр. Себебі бұған дейін 2019 жылғы көтерілістен репортаж дайындау кезінде «Radio Television Hong Kong» редакциясының продюсері жол ережесін бұзды деген айыппен жауапқа тартылған. Одан бөлек баспасөз еркіндігін алға тартып жүрген «Шекарасыз репортер» ғаламдық ұйымы Гонконг БАҚ бостандығы бойынша 180 елдің 80-орнында тұрғанын, нәтиже көңіл көншітпейтінін айтуда. Себебі 2002 жылы 138 елдің арасында Гонконгтағы баспасөз еркіндігі 18 орында деп бағаланған.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!