Қалада су ресурсын үнемдеу маңызды. Көшедегі гүлдерді күн сайын қолмен суару қиын, ал тамшылатып суару жүйесі бұл жұмысты автоматты түрде атқарады және өсімдіктердің әрдайым жақсы күйде болуына көмектеседі.
Тамшылатып суару жүйесінде су арнайы құбырлар мен тамшылатқыштар арқылы тікелей өсімдіктің түбіне беріледі. Су тамшы түрінде аз-аздан бөлінеді, сондықтан топырақ бірқалыпты ылғалданады. Бұл әдіспен суғарудың ең басты артықшылығы 30-70% аз су жұмсалады. Көбіне қала көшелеріндегі гүлзарларда, саябақтарда, аула мен жеке бақшаларда және де ауыл шаруашылығында қолданылады.
Қалада қолданыстағы аяқсу арналары тазартылып, 18 насос қондырғысы іске қосылған. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу және су жеткізу тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар қолға алынған. Алдағы кезеңде аяқсу жүйесін толық жаңғырту, жаңа тұрғын аудандарға желі тарту және автоматтандырылған суару жүйелерін енгізу жоспарлануда. Бұл шаралар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және жасыл аймақтарды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Көшедегі гүлдерді тамшылатып суару – бұл өсімдіктерге суды баяу, дәл және үнемді түрде жеткізетін заманауи әдіс. Бұл әдіс алғаш рет XX ғасырдың ортасында Израильде пайда болған екен. Су тапшы болғандықтан, олар суды үнемдеудің ең тиімді жолын іздеп, осы технологияны ойлап тапқан. Қазір ол бүкіл әлемде кеңінен қолданылады.
Ақтоты Жұмабекова,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 4-курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
