Қазақстандағы инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Алайда халық екі таңбалы, яғни 10 пайыздан асатын инфляцияны күтіп отыр. Бұл туралы сарапшылар Ұлттық Банктің «Экономикалық саясатты интроспективті талдау: күтулерден шешімдерге дейін» атты VI конференцияда айтты, – деп хабарлайды kursiv.media
«Экономика – үй шаруашылықтарының мінез-құлқы, бизнестегі шешімдер мен мемлекеттің әрекеттері өзара тығыз байланысатын біртұтас жүйе ретінде қарастырылады. Осы жүйеде ақпараттық сигналдар, макроэкономикалық шоктар және құрылымдық ерекшеліктер даму траекториясы мен қаржы тұрақтылығының деңгейін айқындайды», – деп атап өтті ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин.
Халықтың инфляцияға қатысты пікірінің қалыптасуына елдегі азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасының қымбаттауы себеп.
Азық-түліктің ішінде көкөніс бағасының құбылуы халықтың қалтасына қатты әсер етеді. Одан бөлек, тұрғын үй бағасы да халықтың инфляцияға қатысты пікіріне ықпал етіп отыр.
Ұлттық банк пен үкімет елдегі инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетуге ниетті. Сондықтан орталық банк ақша-несие саясатын қатаң ұстанып, базалық мөлшерлемені 18 пайыздан түсірмей отыр. Наурыз айында инфляция деңгейі 11 пайызды құрады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
