ҚазМұнайГаз мұнай алу коэффициентін арттыратын Жасанды интеллект платформасын енгізді. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM
Оның айтуынша, мұнай өнімдерінің айналымын талдау үшін жасанды интеллекті қолданылып жатыр. Жүйе нарық қатысушыларының деректерін біріктіріп, жасанды интеллект арқылы мұнай өнімдерінің қозғалысын талдайды, қорларды болжайды және тапшылық тәуекелдерін анықтайды.
— Бұл жеткізілімдерді жоспарлауға, логистиканы үйлестіруге және шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Күтілетін нәтиже — жоспарлау дәлдігін 85 пайызға дейін арттыру және жылына 22,5 млрд теңгеге дейін экономикалық әсерге қол жеткізу. Айта кету керек, бұл жасанды интеллект моделі де Қазақстан өнім саналады. Ол ҚазМұнайГаз бен Қазақстан-Британ техникалық университетінің ынтымақтастығы аясында жасалған, — деді ол.
Министр кен орнын тиімді басқару үшін жасанды интеллекті қолданылып жатқанын айтты.
— Бұл — геологиялық және гидродинамикалық модельдерді талдап, деректерді нақты уақытта тексеретін және игеруді оңтайландырып, мұнай алу коэффициентін арттыратын Жасанды интеллект платформасы. Жүйені өндірістік енгізу ҚазМұнайГаз активтерінің портфеліне кіретін 12 кен орнын қамтиды. Күтілетін экономикалық тиімділік 2030 жылға қарай 2,9 млн тонна қосымша өндіру есебінен 326,3 млрд теңгеге дейін құрайды. Бұл жүйе — ҚазМұнайГаз әзірлеген өнім, оны басқа кен орындарында да масштабтауға болады, — деді Ерлан Ақкенженов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
