Бейсенбі, 09 мамыр, 10:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Салық төлеуден жалтарғандар жауапқа тартылады

16.10.2023

5130 0

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов биыл 9 айда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, соңғы тоғыз айдағы мемлекеттік бюджеттік салықтық түсімдері 67 миллиард 971 миллион теңгені құраған. Оның 52 миллиардтан астамы республикалық бюджет кірісі саналады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5 миллион теңгеден астам қаржыға артық орындалған. Ал жергілікті бюджеттік түсімі 14 млрд 924,9 млн теңгені құрап, былтырғы есепті кезеңімен салыстырғанда түсім 6 млрд 550,5 млн теңгеге артқан. Жалпы биыл 1 қазанға дейінгі аралықта 38  мыңнан астам салық төлеуші тіркелген. Оның 30 мыңнан астамы жеке кәсіпкер болса, 8 мыңға жуығы заңды тұлға.

Қазір тұрғындар арасында салықтық берешек көлемі 2 989 миллион теңгені құраған. Берешек деңгейі былтырға қарағанда 33 процентке төмендеген. Оның ішінде салық берешегін инкассалық өкім арқылы өндіріп алу шарасы бойынша 104,5 миллион теңге, дебиторлар есебінен өндіру шарасы бойынша 102,5 млн теңге, борышкерлердің мүліктерін сату есебінен бюджетке 28,5 млн теңге, салық базасын ұлғайту арқылы жергілікті бюджетке қосымша 345 млн 41 мың теңге өндірілген. Осы орайда салық берешегі тұрғындардың мүлік, жер, көлік салығын төлемеуден қалыптасып отырғандығын жеткізді. Бұл жағдайда салық төлеуден жалтарғандарға тиісті шара қолданылатынын да атап өтті.

Сала басшысы сонымен бірге Президент тапсырмасына сәйкес бөлшек салықты, сондай-ақ үдемелі салық салуды енгізу, құн салығын қайтару тәртібін жеңілдету, салықтық бақылау ісін толық цифрландыру, есептілік формаларын 30 пайызға, салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту сияқты бизнеске оң әсер ететін жағдай жасауда жаңа салық Кодексі әзірленіп жатқандығын жеткізді.

Брифинг барысында басқарма басшысы жалпыға бірдей декларация жайын да түсіндіріп өтті. Биыл бар­лық бюджеттік қызметкер мен олардың жұбайларына аталған декларацияны тапсыру міндеттеліп, оны тапсыру қағаз түрінде 15 шілдеге, электронды түрде 15 қыркүйекке дейін белгіленген. Бүгінде аталған декларацияны тапсырмаған қызметкерлер мен олардың жұбайларына ескерту хабарламасы жіберілген. Дегенмен бұған салғырттық танытудың соңы айыппұл төлеуге әкеледі.

Сала басшысы бұдан бөлек декреттік төлем алу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматшалардың барын айтты. Олардың жеке кәсіпкер ретінде тір­келгендіктен салық төлеуге міндеттелетінін, деклара­ция тапсырғанда оның кедергі болуы мүмкін екендігін жеткізді. Мұндай жағдайда сауатты болу керектігін ескертті.

А.САЙДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: