Бейсенбі, 26 желтоқсан, 08:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық қор қарызды төлеуге жете ме?

25.04.2023

965 0

Жуырда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтті. Осы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  ұлттық қор мәселесіне назар аударып, бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеуді тапсырған болатын. Кеңесте ұлттық қордағы қаржы көлемі де айтылды. Біз өз кезегінде ұлттық қор ел қарызын төлеуге жете ме деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Несиеге шырмалған жұрт не істеуі керек?

Дәл қазір қазақтың шымбайына батқан екі мәселе болса, соның бірі – қарыз. Несін жасырамыз, елдегі әрбір отбасы банкке берешек. Халықты бұл күйден құтқаратын мемлекеттің өзі сырттан миллиардтап қарыз алған. Алдымен қарапайым халықтың несиесіне тоқталайық…

Бірінші несие бюросының ақпарына сүйенсек, 2021 жылдың шілдесіндегі мәлімет бойынша Қазақстандағы 7,5 млн азаматтың банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар. Ұлттық банктің Қызылордадағы филиалы берген мәліметке сүйенсек, банктердің экономиканы несиелеу көлемі бойынша қарыз 2021 жылғы 1 желтоқсан бойынша 17 838,2 млрд теңгені құраған. Оның ішінде заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 7 497,1 млрд теңге болса, жеке тұлғалар 10 341,1 млрд теңге көлемінде несие алған.

Жалпы халықтың банктер алдын­дағы берешегі жыл санап артпаса, кеміп жатқан жоқ. Бірінші несие бюросының 2023 жылғы қаңтардағы мәліметі бойынша, Қазақстанда кепіл­сіз тұтынушылық несие портфелі 28,3%-ға артқан. Бүгінде киетін киімі мен тұтынатын азық-түліктің өзін банк арқылы (каспи ред) алатын тұрғындар қарызға әбден батты десек те болады. Айлығы шайлығына жет­пейтін, оның үстіне жұмыссызы да аз емес қарапайым жұрт қаржының тапшылығынан амалсыз банкке жү­гінеді. Халықты мұндай күйден кім құтқарары белгісіз. Тек өйту керек, бүйту керек деп, көлгірсіп ақыл айтатындар азаймай тұр. Біз несие жайын сөз етіп, тұрғындарды әңгімеге тартқан едік…

Ләйлә Жұмабекова, қала тұрғыны:

– Қазір қымбатшылық белең алды. Базарға барсаң бір апталық азық-түліктің өзін алу үшін 20-30 мың теңге кетеді. Одан бөлек несиеміз бар. Бір айда аздап, үнемдеп тұтындық дегеннің өзінде азық-түлікке кететін қаржы 100 мыңнан асып тұр. Шынын айтқанда, несиені несие алып жабатын болдық қой.

Азамат Тұрсынбаев, қала тұрғыны:

– Менің өзім айына 200 мың теңге несие төлеймін. Айлығымды аламын да банкке беремін. Отбасымызды асырау үшін таңертең жұмысқа дейін және кешкісін жұмыстан соң таксист боламын. Әйтпесе жетпейді. Үйдегі бала-шағаға тамақ керек, киім керек дегендей. Азық-түліктің бағасын айт­пағанның өзінде құрылыс заттары да қымбат. Бұл аздай жанармайдың да бағасы өсіп жатыр. Арты жақсы болса жарар еді.

Сыртқы қарыз да аз емес

Қазақстанның басқа мемлекет­терге әжептеуір қарыз екенін эконо­мистерден бөлек қарапайым жұрт та жақсы біледі. Қаржы министрлігі Tengrinews.kz басылымының ресми сұрауына берген жауабында 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарыздары 54 миллиард доллар не­месе 25 триллион теңгеден асады деп хабарлаған.

Осы жылдың 19 сәуірінде Астана­да елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңес өтті. Осы кеңесте Премьер-министр Әлихан Смайылов ұлттық қордағы қаржының 58 млрд дол­ларға жеткенін айтқан. Ұлттық қор­дағы қаржының ел қажетіне алы­натындығын ескерсек, онда сырт­қы қарызды өтеуге қордағы қаржы да жетпейді.

Қаржы министрлігі берген мәлі­метке сүйенсек, 54 миллиардтың 47 миллиард доллары (22 триллион теңге) үкіметтік қарыздар. Оның ішінде 7 триллион теңге (16 миллиард доллардан астам) сыртқы қарыздар екен. Үкіметтік қарыздардың басым бөлігі ішкі қарыздар. Оның жалпы сомасы 14 триллион теңгеден асып жығылады.

Министрлік ұсынған мәліметтерге сәйкес, ішкі қарыздардың 10,9 трил­лион теңгесі мемлекеттік ұзақ мерзімді қазыналық міндеттемелер. 1,2 триллион теңгеден астамы – орта мерзімді қазыналық міндеттемелер. Тағы 1 триллион теңгесі – мемлекеттік ұзақ мерзімді жинақ қазыналық міндеттемелер. Ал TONIA ставкасы бойынша индекстелген мемлекеттік қазыналық міндеттемелер 814 мил­лиард теңгеден асады.

Ведомство мәліметінше, сырт­қы қарыздардың басым бөлігін халық­аралық қаржы ұйымдарынан алын­ған несие құрайды екен. Мысалы, Халықаралық жаңғырту мен даму банкі алдындағы қарыз 1,6 триллион теңге, Еуропалық жаңғырту және даму банкі алдындағы қарыз 54 миллиард теңге болып отыр. Бұдан бөлек Азия даму банкіне 908 миллиард теңге, Ислам даму банкіне 38 миллиард теңге берешек бар. Азия инфрақұрылымдық инвести­ция банкі алдындағы қарыз 326 миллиард теңге болса, Қытай Халық Республикасының экспорт-импорт банкі алдындағы қарыз 56,8 миллиард теңгеге жеткен. Сондай-ақ шетелдік коммерциялық банктер алдында мемлекеттің 92,5 миллиард теңге қарызы бар. Сонымен қатар Ресей нарығында орналастырылған мемлекеттік бағалы қағаздардың жалпы құны 514 миллиард теңгеден асып жығылады.

Негізі сыртқы қарыздың 4 трил­лион теңгесін еуррооблигациялар құрайды. Сондай-ақ шетелдік ком­мер­циялық банктер мен өзге мем­лекеттердердің үкімет ұйымдары алдындағы берешектер де аз емес. Олардың ішінде Кувейттік Араб экономикалық даму қорына 852 миллиард теңге, Жапония халық­аралық серіктестік агенттігіне 115 миллиард теңге, Германия үкіметінің несие агенттігіне 3 миллиард теңге қарыз бар.

Ұлттық қордан алынып жатқан қаржы аз емес. Ақпарат көздеріне сүйенсек, ұлттық қордан 12 триллион теңге, яғни 30 миллиард долларға жуық қаржы алынған. Жуырда рес­публикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Абай Асанкелдіұлының «Ұлттық қордың көлемі қайтсе ар­тады?» атты мақаласы жарық көрді. Мақала  «Egemen.кz» сайтына осы жылдың 21 сәуірінде жарияланды. Материалда ұлттық қордан қар­жы алудың тиылмай тұрғаны баяндалады. «Дегенмен биыл да Үкімет Ұлттық қорға қол салмақ. «Қазақстан Респуб­ликасының Ұлт­тық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепіл­денді­рілген трансферт туралы» заңға сәй­кес, республикалық бюджетке кепілден­дірілген транс­ферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге көлемінде белгіленді. Ал 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге бөлінбек», – делінген мақалада.

Біздің түсінікте ұлттық қор қар­жысын аса мұқтаждық тумаса пай­далануға болмайды. Қайта еселеп арттыру керек. Президент айтқандай, бұл – болашақ ұрпақтың қаржысы. «Аikyn.kz» сайтына өткен жылдың қыркүйегінде Нұрлан Қосайдың «Ұлттық қор: қоржын қайта тола ма?» атты мақаласы жарияланды. Мақалада сарапшы Әсел Майданованың біз қаузаған тақырыпқа қатысты пікірі берілген. «Ұлттық қорды әуелде құруда екі мақсат қойылғаны белгілі. Олар – тұрақтандыру және жинақтау. Сондықтан да бюджеттің жыртығын жамау заңды да болар, бірақ дұрыс емес. Өйткені одан алынған ақшаны қайтару жолы өте күрделі. Тіпті мүмкін емес деуге болады. Осы ретте қордың жинақтаушылық тетігіне басымдық беріп, мүмкіндігінше табыс табу, көбейту жағын қарас­тырған жөн. Оның қор ретіндегі мәні де осында.», – дейді AERC аға сарапшысы.

Экономист Айбар Олжай ұлттық қорда «Оң қол, сол қол» парадоксы байқалады деген пікірде. «Ұлттық қорға қатысты «Оң қол, сол қол» парадоксының орын алып отырғанын көріп отырмыз. Себебі оң қол сол қолдың қимылын білмей отыр. Стратегиялық мақсат – 2030 жылы ұлттық қорды 100 миллиард долларға толтыруымыз керек дейміз. Бірақ дәл сол кезде, бюджетте бекітілген кө­лемге қарамастан, тағы да ұлттық қордан трансфертті ұлғайтып отыр­мыз. Биылғы жылды дағдарысты деуге келмейді, экономикалық өсім тіркелді. Контрциклді заңдылықпен қарасақ, қазір ұлттық қорға тиіспей, керісінше көбейтудің кезеңі. Бірақ біз Үкіметтің керісінше трансферттерді бюджетке түзету арқылы көбейтіп отырғанын көріп отырмыз. Ұлттық қорды сақтау керектігін Президент те, Жоғарғы ау­диторлық палата да айтты. Бірақ Үкіметтің өз жолы бар сияқты. Онда Үкімет осы шешімдердің логикасын түсіндіруі керек. Себебі оның басты KPI-інің бірі – инфляциямен күрес»,  – деп береді экономист Айбар Олжайдың пікірін «Егемен Қазақстан» газеті.

Р.S. Байқаған адамға халықтың қарызы да, мемлекеттің қарызы да аз емес. Қазақстан бұл қарыздан қалай, қашан құтылады? Ол жағы тағы белгісіз. Себебі ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаржысы. Оны оңды-солды жаратуға, қарыз жабу үшін қолдануға болмайды. Бір анығы, ұлттық қор қаржысын пайдалансақ та, қарыздың үстіне қарыз жамап жатқан жайымыз бар.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: