Ветеринария саласы мамандарына ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы төленбек. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жауабында айтылған, – деп хабарлайды KAZINFORM
-Ветеринария мамандарының еңбегіне ақы төлеу деңгейін арттыру мақсатында 2023-2025 жылдары жергілікті атқарушы органдарға республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер түрінде 29,6 млрд теңге бағытталды. 2026-2028 жылдарға жыл сайын 12,2 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған. Нәтижесінде ветеринариялық дәрігерлердің орташа жалақысы 119,7 мыңнан 271,5 мың теңгеге дейін өсті. 2023 жылдан бастап ветеринария мамандарына І және ІІ топтағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін тиісінше 35 және 50 пайыз мөлшерінде үстемеақылар белгіленді. Сондай-ақ екі лауазымдық айлықақыдан кем емес мөлшерде сауықтыру жәрдемақысын төлеу қарастырылған, деді Серік Жұманғарин.
Оның мәліметінше, 2025 жылғы 9 қазандағы Республикалық бюджет комиссиясының отырысында Парламент депутаттары бастамашылық еткен «Ветеринария мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұжырымдамалық түрде қолдау тапты.
-Заң жобасы ветеринария саласындағы мамандардың еңбекақы деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған және жыл сайынғы еңбек демалысын беру кезінде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыру жәрдемақысын төлеуді, ғылыми дәрежесі үшін 17 АЕК (ғылым кандидаты) және 34 АЕК (ғылым докторы) мөлшерінде қосымша ақы белгілеуді, сондай-ақ қосымша ынталандырушы үстемеақыларды енгізуді көздейді, – деді вице-премьер.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
