Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар аясында электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілердің арнайы тізбесі жарияланды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер белгіленген квота шеңберінде осы санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.
2026 жылы квота 2,6 мың жұмыс берушіге белгіленіп, 16,7 мың жұмыс орнын қамтып отыр. Бұл мүгедектігі бар азаматтардың тұрақты табыс тауып, кәсіби әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
– Квоталауға қатысатын жұмыс берушілердің тізбесі аудандар мен қалалар бөлінісінде электрондық еңбек биржасында жарияланды. Бұл жұмыс іздеушілерге өз өңірінде қолайлы бос жұмыс орындарын жылдам табуға мүмкіндік береді, – делінген министрлік мәліметінде.
Ведомствоның хабарлауынша, жұмыс орындарын квоталау тек жаңа жұмыс орындарын ашумен шектелмей, инклюзивті еңбек нарығын қалыптастыруға бағытталған маңызды тетік болып табылады.
– Министрлік мүгедектігі бар адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, квотаның орындалуын мониторингілеу мен бағалау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ 50-ден астам қызметкері бар жұмыс берушілер үшін квоталарды автоматтандырылған есепке алуды енгізуге басымдық береді. Сонымен қатар мансап орталықтары жұмыс берушілерге квоталанатын орындарға кандидаттарды іріктеуде практикалық қолдау көрсетеді, – деп атап өтілген.
Айта кетейік, биыл мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметіне 112 мыңнан астам тапсырыс берді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
