Сейсенбі, 16 сәуiр, 12:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Елімізде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні ұстаздарының қауымдастығын құру ұсынылды

04.10.2021

665 0

Елімізде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні ұстаздарының қауымдастығын құру ұсынылды. Бұл ұсынысты осы пәннен сабақ беретін мұғалімдер Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен кездесуде айтты.

Төраға оқушылар мен студенттерге кәсіпкерлік негіздерін үйрететін ұстаздардың талап-ұсынысын тыңдады. Арнайы жиынға Қызылорда облысынан № 9 мектеп-гимназиясының мұғалімі Сәуле Шайхысламова қатысты.Ол аймақта «Кәсіпкерлік негіздерін» алғаш факультатив курс ретінде пилоттық режимде жүзеге асырған.

Қызылордалық мұғалімнің айтуынша, кездесуде ұстаздар түрлі ұсыныс айтып, түйткілді мәселелер көтерген. Олардың ішінде ұстаздар қауымдастығын құру және 5-9 сыныптар үшін пәнді қосымша сабақ етіп енгізу бар.

«Пән пилоттық режимде болған кезде арнайы оқу бағдарламасы, қосымша әдістемелік құралдар болған жоқ. Дегенмен, палатамен бірге жоспардың жобасын әзірлеп, кәсіпкерлерді мектебімізге шақырып, оқушылармен кездестірдік. Оқушылардың іскерлік қабілетін ашуға септігін тигізетін ойындарды ұйымдастырып, оқушылардың қызығушылығын ояттық. Білім және ғылым министрлігінің талабына сәйкес пән қазір мектептерде 10-11 сынып оқушыларына енгізілген. Бірақ біз жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесуде «Атамекеннің» басшысына 5-9 сыныптар арасында қосымша сабақ етіп қосуды ұсындық. Себебі 10-11 сыныпқа балалар бұл пәннің маңызын түсініп бару керек», – дейді Сәуле Шайхысламова.

Бұл пәннің оқытушылары біліктілікті арттыру курсынан әзірге бір рет өткен. Сондықтан педагогтар кәсіби дағдыны дамыту үшін мұндай арнайы курсты бірнеше рет өткізуді ұсынып отыр.

Сондай-ақ, Сәуле Шайхысламова кей жағдайда ата-аналар тарапынан бұл пәннің қажеттігіне қатысты сұрақтар туындайтынын айтты. Ол «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» баладан бизнесмен шығармаса да, кем дегенде іскер, қоғаммен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, жан-жақты азамат

тәрбиелеуге ықпал ететініне сенімді. Сонымен қатар, кәсіп ашып, табыс тауып отырған оқушылардың бар екенін атап өтті.

Еске салайық, өңірде «Кәсіпкерлік негіздерін» факультатив ретінде пилоттық жобамен енгізуді 2015 жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұсынған болатын.

Осы уақытқа дейін Қызылорда облысында «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінен сабақ беретін 288 мектеп мұғалімі, 13 жоғарғы оқу орны мен 62 мемлекеттік колледж оқытушысы «Атамекен» ҰКП-ның арнайы біліктілік арттыру курсынан өткен.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: