Биыл облыс бойынша 188,2 мың гектарға егіс егу жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжіліс отырысында айтылды. 2021 жылдың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындық шаралары және облыс бойынша санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы екі мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев көктемгі егіс науқанына дайындық барысы жөнінде хабарлады.
– Облыс әкімімен аудандар және Қызылорда қаласы бойынша 2021 жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасы бекітілген, осы сызбаға сәйкес, үстіміздегі жылы облыс бойынша 188,2 мың гектарға егiс егу межеленіп отыр. Оның ішінде дәндi дақылдар 96,6 мың, майлы дақылдар 6,7 мың, мал азықтық дақылдар 66,4 мың, картоп, көкөнiс, бақша 18,5 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 84,4 мың гектарға жоспарлануда, – деді Шахмардан Қойшыбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, көктемгі егіс науқанына қажетті 22 244 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы, 661,3 тонна жаздық бидай, 50,6 тонна арпа, 8,6 тонна тары, 1272 тонна күздік бидай, 18,8 тонна дән жүгері, 275,6 тонна жоңышқа және 164,2 тонна мақсары тұқымы дайындалған.
Сонымен қатар су тапшылығына байланысты ағымдағы жылы облыста алғаш рет негізгі дақыл күрішті көшеттеп отырғызу технологиясы қолданылады. Атап айтқанда «Golden Bridge Turan» ЖШС, «Ы.Жахаев» атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ базасында 400 гектар жерге жапон технологиясымен күрішті көшеттеп отырғызу межеленуде.
Егіс және дала жұмыстарына қажетті 12,8 мың тонна арзандатылған дизель отынының, бүгінгі күнге наурыз айына бөлінген 7,9 мың тоннасы белгіленген операторлар арқылы облысқа жеткізіліп, оның 1,0 мың тоннасы ауылшаруашылығы құрылымдарына әр литрі 164 теңгеден таратылуда.
Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов Сырдария өзеніндегі судың өткен жылдарға қарағанда аз болатындығын айтты.
– Қазіргі уақытта қалыптасқан су шаруашылығы жағдайы туралы айтатын болсам, Сырдария өзені бассейніндегі үлкен су қоймаларында 13,7 млрд текшеметр су болса, өткен жылмен салыстырғанда 3,1 млрд кем су бар. Бүгінгі күні Шардара су қоймасында 4792 млн, Көксарай су реттегішінде 1404 млн текше метр су жиналды. Жиналған су көлемі Шардара су қоймасында өткен жылмен салыстырғанда 351 млн текшеметрге аз. Көкбұлақ су бекетіне секундына орташа 581 текшеметр су түсуде. Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларының гидромет қызметтері 2020 жылдың 1 қазаны мен 2021 жылдың 1 наурызы аралығында түскен жауын-шашын мөлшері өткен жылмен салыстырғанда орташа 15-20 процентке төмендігін болжады, – деді Сейілбек Нұрымбетов.
Жиында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова 2021 жылы ауылшаруашылық дақылдарының көлемін бекітілген сызбаға сәйкес және мерзімінде егілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ су тапшылығына байланысты егіс дақылдарын түрін әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру және су үнемдеу барысында жаңа технологияларды енгізу қажет екендігін баса айтты.
– Су тапшылығына байланысты егіс дақылдарын әртараптандыру жұмыстарын жалғастырып, дәнді дақылдар, майлы дақылдар мен мал азықтық дақылдардың, сондай-ақ картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемдерін ұлғайтыңыздар. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Агрохолдинг Қызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалымен бірлесіп, 2021 жылдың көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруды ұйымдастырсын. Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы егіске қажетті суармалы сумен қамтамасыз ету шараларын қабылдасын, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе аймақтағы санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының орман қорында 2 млрд ағаш және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында 21 наурызда «Таза табиғат» ұлттық жобасы іске асырылмақ.
– Наурыз мейрамының бірінші күні Мемлекет басшысының орман қорында 2 млрд ағаш және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын іске асыруды бастаймыз. Бұл шара шеңберінде «Мекенім – жасыл орманым», «Бұл –менің ағашым» атты акциялары өткізіледі. Сондай-ақ «Таза табиғат» жобасын іске асыру барысында «Су көздерін ашу, бұлақтарды тазарту» шарасы барысында: елді мекендерде каналдар мен арықтар және суару желілерін тазарту, «Таза су айдындары» экологиялық акция аясында – су айдындарын заңсыз балық ауларынан және жағалау белдеулері қоқыстан тазартылатын болады, – деді Бауыржан Шаменов.
Өңірде орман көлемін арттыру мақсатында 2 кешенді іс-шаралар жоспары әзірленген. Алғашқы кезең бойынша алдағы 5 жылда Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 213 мың гектар жерге 177,5 млн сексеуіл ағаш көшеттері отырғызылады. Ағымдағы жылы ормандарды толықтыру жұмыстары 14,3 мың га жерге жүргізіледі. Оның ішінде 3 мың гектар Арал теңізінің құрғаған ұлтанында атқарылады. Облыстағы сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін орман тұқымбақтарының көлемі 22 гектардан 100 гектарға ұлғайтылады. Ал екінші кезеңде Қызылорда облысының елді мекендерді көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың 2021-2025 жылдарға арналған Өңірлік жоспары аясында алдағы 5 жылда 467,7 га жерге 1 138 мыңнан астам жергілікті климаттық жағдайына бейімделген ағаш көшеттерін отырғызу межеленген.
Аймақ басшысы сала басшыларына санитарлық талаптарды сақтай отырып, «Таза табиғат» ұлттық жоба аясында облыс көлемінде экологиялық акцияларын жоғарғы деңгейде ұйымдастыруды жүктеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!