Өткен демалыс күндері отандық спортшылар олимпиадалық спорт түрлерінен ірі халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 19 медаль иеленді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады, – деп хабарлайды KAZINFORM
Әлемдік және құрлықтық додаларда ел намысын қорғаған бірнеше ұлттық құрама жоғары нәтиже көрсетіп, ел спортының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.


Ең табысты нәтиже Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing әлем кубогінің екінші кезеңінде тіркелді. Қазақстан боксшылары қоржынға 5 алтын және 3 қола медаль салып, жалпы сегіз жүлде жеңіп алды. Турнир чемпионы атанғандар: Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай және Виктория Графеева.



Индонезияның Бали аралында өткен WKF каратэден Азия чемпионатында да Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Отандастарымыз 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, құрлықтың үздік командаларының қатарынан көрінді. Азия чемпионы атанғандар – Жоламан Биғабыл мен Олжас Алтынбек.


Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы да ел қоржынына алтын медаль салды.
Қытайдың Шаосин қаласында өткен Азия эстафеталық чемпионатында ұлттық құрама аралас құрамдағы 4×400 метрлік эстафетада жеңімпаз атанды. Құрама сапынан Эльнор Мұхитдинов, Мария Шувалова, Андрей Соколов және Аделина Земс жүгірді.

Өткен демалыстағы нәтижелер отандық спортшылардың жоғары дайындық деңгейін және елімізде олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісті екенін тағы бір мәрте көрсетті.



Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
