Сенбі, 20 сәуiр, 19:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Көлікке «киім» тігетін отбасы

01.12.2020

1468 0

Қазіргі таңда сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, одан пайда тауып отырғандар аз емес. Бұл халықтың еңбекке араласу ынтасының жоғары екенін анық аңғартады. Бүгінде кәсіп ашамын дегенге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да аз емес. Сан мәрте сараланған тиімді бизнес жобаға мемлекет несие немесе грант бөлуге дайын. Мемлекет қамқор­лығын тиімді пайдаланғанның бірі – автокөлікке «киім» тігетін отбасы.

Руслан Темірбеков пен Марал Жүнісова отбасылық кәсібін өткен жылдың күзінде ашқан. Алғашында автокөліктің еденіне төсеніш (автополик) тіккен олар бүгінде «Бастау» жобасын қорғап, 555 600 теңге көлемінде грант ұтып алған. Қаражатқа кәсіпкерлер өндірістік тігін машинасын сатып алып, кәсібін кеңейткен.

Жалпы бұл отбасының бизнеске келуіне Руслан Темірбековтің досы себепкер болған екен. Бірнеше жыл бойы құқық қорғау саласында қызмет еткен отағасы қатты ауырып, ұзақ уақыт үйде жатып қалады. Кейін тігінге икемі бар азамат тігіншілікті ермек еткен. Бір күні досы Бақытжан Тілеуқабыловтың айтуымен кәсіп ашуға бел буады, ал досы демеушілік етеді. Шаңырақтың анасы көмекші болып жұмысқа жәрдемін тигізеді. Алғашында көлік жүргізушілерінің арасында сәнге айналған, пайдалануға ыңғайлы ЭВО төсеніштер тігеді. Өнімге деген сұраныс артып, тапсырыс саны да күннен-күнге көбейе түседі.

– Жақында «Бастау» жобасынан грант ұтып алдық. Жеңіп алған қаражатқа тігін машиналарын сатып алдық. Заманауи тігін машиналарының жұмысты жеделдететіні рас. Оның үстіне қазір көлікке «полик» тігуден басқа орындыққа жапқыштар тігіп, рульді қаптау мен орындықтарды жаңғыртудан өткіземіз. Тапсырыстар күн сайын түсуде, барлығын сапалы әрі уақытылы орындау қажет. Бастысы – тапсырыс берушінің көңілінен шығу. Сол үшін тынбай еңбектенудеміз, – дейді кәсіпкер Руслан Темірбеков.

Аталған шаңырақта бұл кәсіп отбасылық бизнеске айналған. Себебі үйдің атқамінер баласы қол көмек көрсетсе, бұрымдысы PR-менеджер, яғни әлеуметтік желіде жарнамалаумен айналысады. Ал кәсіп төңірегіне келсек, алдағы уақытқа қойылған жоспар көп. Соның ішінде жақында «Aqua print» технологиясымен көлік жабдығын бояу жұмысын қолға алуды көздеп отыр.

P.S. Көлікті сәндегенді жақсы көретін жүргізуші бұл шағын цехтан өзіне ұнаған өнімді табатыны анық. Себебі кәсіпкерлер автомобильді мейлінше ең әдемі «киімдермен» киіндіреді. Өзіңіз ұнатқан түс пен материал таңдап, ойыңыздағыдай сәндеп, автомобиліңіздің интерьерін көздің жауын алатындай кейіпке ендіреді.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: