Жұма, 29 наурыз, 20:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Кейінгі ұрпақ ұмытпаса екен…

20.03.2021

1987 0

Киіз үй – халқымыздың ең алғашқы сәулеттік құрылысы. Бұрышсыз үй қыста да, жазда да өмір сүруге қолайлы. Жылжымалы үйде әп-сәтте көшіп-қонуға болады. Оның жалпы салмағы жабдықтарымен қосқанда 300-400 келі. Кезінде киіз үйді бір түйеге артып, жаңа қонысқа көшкен.

Қалаға қарасты Белкөл кентінде Мәрзия Құлмышова есімді әжей тұрады. Жасы алпыстың асқарынан асқан ақжаулықты ана көздің жауын алатын жасауымен жасақталған киіз үйді жалға беріп, кәсіп көзі етіп отырғанына жиырма жылға жуық уақыт өтіпті. Ұлттық болмыстың иісі аңқитын құндылықты көздің қарашығындай сақтап отырған оның сарайында бүгінде барлығы 6 киіз үй иін тіресіп жинаулы тұр. Ал үйінің бір бөлмесі құдды бір тігін шеберханасындай. Себебі кейуана киіз үй жабдықтары мен жасауының барлығын дерлік осында өзі тігеді екен. Кестелейді, тоқиды, сан түрлі оюмен өрнектеп, әйтеуір, небір кереметті әп-сәтте әзірлеп шығады.

Ісмерді үйіне арнайы іздеп бардық. Ол киіз үй жабдықтарының кем-кетік тұсын түгелдеп, тігіп отыр екен. Күн сәулесімен жарқыраған сырлы уықтар мен керегелерді «қыздың жиған жүгіндей» етіп жинап қойған.

– Өзбекстаннан 2003 жылы көшіп келдік. Туған елге қадам басар тұста өзіммен бірге 8 қанат ақ боз үйді ала келдім. Кезінде қысы-жазы тұтынып, жайлы тұрақ еткен дүнием еді. Елге оралғаннан кейін де сол үйді қайта жабдықтап құрып жүрдім. Уақыт өте келе қызығып, жұрттың керек етпей тастаған киіз үй сүйектерін аз-маз тиынға сатып алып, жасауын тігумен айналыстым. Сөйтіп, бір жылы екеу, келесі жылы үшеу етіп, біртіндеп киіз үй санын көбейте бастадым. Жақында 7 және 10 қанатты үйді тағы әкелдім. Бұл өзі бір қызық дүние. Өзіне еліктіріп, баурап, тартып тұрады. Шаршап отырсам да, кейде қолыма ине-жіп ұстағанымды өзім де сезбей қаламын. Қазір енді әне-міне дегенше Ұлыстың Ұлы күні табалдырықтан ен­гелі тұр. Әдемі жасауымен киіз үй сұрап келетіндер өте көп. Сондықтан күні бұрын осылай әрқайсысының кем-кетігін дұрыстап, жуып-тазалап отырған жайым бар. Бір жағынан ұлттық байлығымызды жастарға дәріптеу, көрсету болса, екінші жағынан бұл да бір тіршілік қамы ғой, – дейді ақжаулықты ана.

Расында киіз үйдің құрылымдық ерекшелігіне назар аударсаң, жинақылығы мен ыңғайлылығы өз алдына, сәулеттік сырт пішіні ерекше сұлулығымен дараланып тұрады. Ал көші-қонға лайықталып жасалған үй жиғанда жалғыз түйеге жүк болған.

– Өткен жылы киіз үйлер індеттің кесірінен тігілмей қалды. Биыл аз-аздап болса да киіз үйге сұраныс бар. Бұл өзі наурыздың сәні ғой. Қасиеті сондай, киіз үйге кіргенде жансарайың ашылып бір серпіліп қаласың. Өзіме солай әсер етеді. Киіз үйді жалға береміз. Бір қынжылатыным, қазіргі адамдар киіз үйді құру жүйесін білмейді. Әрбір жалға алушылармен бірге еріп барып, көрсетіп тұрамын, – дейді Мәрзия ана.

Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық киімдер мен киіз үйлерге сұраныс артады. Киіз үйді тігу әркімнің қолынан келе бермейтін іс.  Мереке кезінде Мәрзия апаның да жұмысы қызады. Ол әрбір үйдің құруына көмектесіп, жастарға үйретуден жалықпайды. Киіз үйін бірге құрып, бірге жығып, жақсы істің басы-қасында жүреді.

– Жастардың киіз үйден хабары жоқ. Кейбірі бірінші рет көргенін айтып таңғалып жатады. Қызықтап сұрағандардың бәріне ерінбей түсіндіремін. Кейінгі ұрпақ киіз үйді ұмытпаса екен деймін, – дейді ол.

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: