Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 21:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Облыстық жас жыршылар байқауы өтті

15.03.2023

867 0

Бүгін Амал мерекесі аясында қысқа ғұмырында жиырмаға жуық дастан мен мысалдар, екі жүз елуден астам өсиет, лирикалық толғау мен жұмбақ өлең, жыр-терме жазған Сырдың даңқты шайыры Омар Шораяқұлы бабамыздың туғанына 145 жыл толуына орай облыс аудандары мен Қызылорда қаласының жас термешілері жыр додасына түсті. Ақынның бай мұрасын насихаттап, ұрпақ жадында жаңғырту мақсатын мұраттаған бұл байқау Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, қалалық мәдениет және спорт бөлімі, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Қызылорда облысы бойынша филиалының бірлесе ұйымдастыруымен, сондай-ақ, Омар Шораяқұлының ұрпақтарының демеушілігімен өткізілді. Жыр байқауына арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов жиылған жұртшылықты Амал мерекесімен құттықтап, талапкер жас жыршыларға сәттілік тіледі.

Облыстық жас жыршылар байқауы өтті

– Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті десек, өнер сол мәдениеттің ең маңызды құрамдас бөлігі саналады. Сондықтан өнердің қай түрі болмасын ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз, таусылмас қазынамыз. Соның ішінде «Сыр елі – жыр елі» деп айдар таққан осы топырақтан түлеген ұрпақтың қанға сіңген жыраулық өнерден алшағы жоқ екені даусыз.Өздеріңізге белгілі, Сыр елінде өзіндік тарихы қалыптасқан 3 жыршылық мектеп бар. Осы ретте, жүз жырау жүзіктеген Қармақшы өңірінен шыққан Омар Шораяқұлының бай мұрасын насихаттау арқылы жас ұрпақ жадында жаңғыртуды мұрат еткен бұл байқаудың берері мол деп білемін, – деді қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Жақсымұратұлы.

Сондай-ақ, шайырдың ұрпағы, Мәдениет саласының үздігі, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, Алашқа танымал ақын Серік Ыдырысов жаңа талап жыршыларға батасын беріп, өнердегі жолдарың даңғыл болсын деген тілегін білдірді.Омар шайырдың термелері, сондай-ақ дастандарынан үзінді орындалған облыстық байқауға белгілі жырау, ҚР Мәдениет қайраткері Руслан Ахметов, белгілі жырау, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының жыраулармен жұмыс секторының меңгерушісі Майра Сәрсенбаева және белгілі жырау Марат Сүгірбай қазылық жасады. Байқау нәтижесінде қызылордалық Ділдәбекқызы Аңсаған мен Рысбек Жанұзақ және Құрманғалиев Досымжан, қармақшылық Арай Оңғарқызы арнайы жүлде алса, Жалағаш ауданынан келген Бақытбек Дәулетбек, қармақшылық Амантай Айдана, қызылордалық Әбдікерім Қарақат жүлделі 3 орынды өзара бөлісті. Сондай-ақ, аралдық Толғанбекова Инабат пен қармақшылық Балтабай Талант 2 орын иеленді. Байқаудың 1 орыны қармақшылық Елдес Мәди мен қызылордалық Абдумажит Аяулымға бұйырса, бас жүлде және «Жыршы бала – 2023» номинациясын қызылордалық жас жыршы Айдосұлы Нөсер жеңіп алды.

Облыстық жас жыршылар байқауы өтті

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Омар Шораяқұлының ұрпақтары атынан қаржылай сыйлықтар табысталды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: