Алматы қаласында жалауы желбіреген «ALMATY TECH CUP XII – Age of AI» халықаралық робототехника чемпионаты қызылордалық жас талант үшін үлкен жеңіс пен толағай табысқа толы болды. Инженерлік бағыттағы №290 Келешек мектебінің оқушысы Ануар Айберген аталған дүбірлі додада бір емес, бірнеше бағыт бойынша үздік нәтиже көрсетіп, білім ордасы мен туған өңірінің мерейін үстем етті. Жасанды интеллект пен заманауи технологиялар тоғысқан халықаралық додада Сыр өрені өзінің озық инженерлік ойлау қабілеті мен жоғары дайындығын дәлелдей білді.
Ануар Нұрланұлы дрон технологиялары бойынша ұйымдастырылған «Alem Drone League» бағытында шеберлігімен көзге түсті. Ол виртуалды кеңістікте дрон басқару шеберлігі сыналатын «DCL Simulator» сайысында қарсыластарынан оқ бойы озып шығып, І орынды қанжығасына байлады. Ал нақты уақытта дронды жоғары дәлдікпен әрі жылдам басқаруды талап ететін «Tiny Whoop Drone League» жарысында жеке есепте ІІ орынға ие болды. Сонымен қатар осы бағыт бойынша топтық сайыста бақ сынап, командалық есепте ІІІ орынды еншіледі. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пилоттау және бағдарламалау өнерін жетік меңгерген жас талант өз командасымен бірге 50 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйақыны да иеленді.

Мұнымен қоса, қызылордалық өрен мектеп оқушыларына арналған дүниежүзілік «RoboCup Soccer» бағытында да бақ сынап, жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Сайыста автономды роботтарды бағдарламалау, жасанды интеллект, компьютерлік көру және футбол матчына арналған күрделі ойын стратегияларын қолдану сияқты қиын техникалық міндеттер жүктелетінін ескерсек, бұл жоғары нәтиже. Халықаралық деңгейдегі биік белесті бағындыруда білікті ұстаз, дарынды жетекші Өтеміс Рахатовтың қосқан үлесі орасан зор. Білім ордасы Ануар Айбергенді және оның жетекшісі Өтеміс Рахатовты бұл табыстарымен шын жүректен құттықтайды.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!