Ақмола облысының 65 жастағы мұғалімі интернет-алаяқтардың құрығына түсіп, 7,5 миллион теңгесінен айырылды. Өз жинағы таусылғанда, ер адам таныстары мен әріптестерінен қарыз ала бастаған. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаменті хабарлайды, – деп хабарлайды kursiv.media
Құзырлы органдардың мәліметінше, былтыр шілде айында ер адам инвестициялық компания ретінде таныстырған интернет-платформалардың біріне тіркелген. Кейін оған «қаржы кеңесшілері» хабарласып, тұрақты табыс пен салымдардың тез арада өсетінін айтып, инвестиция салуға көндірген.
«Уәдеге сенген ер адам бірнеше ай бойы алаяқтар көрсеткен шоттарға тұрақты түрде ақша аударып отырған. Жинағы таусылғаннан кейін ол таныстары мен әріптестерінен қарызға ақша ала бастаған. Нәтижесінде ер азамат қылмыскерлерге 7,5 миллион теңге аударған. Тек біраз уақыттан кейін, ақшаны шығару мүмкін болмай қалғанда және «инвестициялық компанияның» өкілдері байланысқа шығуды тоқтатқанда ғана, ер адам алаяқтық схеманың құрбаны болғанын түсініп, полицияға арызданған», – деп хабарлады ведомстводан.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір қылмысқа қатысы бар адамдар іздестіріліп жатыр.
«Алаяқтар өз әдістерін үнемі жетілдіріп отырады. Олар нақты инвестициялық платформалардан айнымайтын сайттар жасап, жалған лицензияларды пайдаланады, кірістің жасанды статистикасын көрсетіп, азаматтарды бұдан да көп сома салуға көндіреді. Көбінесе қылмыскерлер жәбірленушілермен үнемі байланыста болып, табысты жұмыс пен пайда алып жатқандай жалған көрініс тудырады», – деп толықтырды полиция өкілдері.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
