Қызылордалық жас өрендер халықаралық додада бақ сынап, аймақ абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. Инженерлік бағыттағы №290 Келешек мектебінің OtAI командасы Алматы қаласында жалауы желбіреген «ALMATY TECH CUP XII – Age of AI» халықаралық робототехника чемпионатында тағы бір тарихи белесті бағындырды. Еліміздің ең үздік құрамалары жиналған дүбірлі жарыста біздің жас инженерлер жоғары дайындық пен ерекше шеберлік көрсетті. Команда капитаны Нұрдәулет Рахат, бағдарламашы Сайфуддин Өрікбай, инженер Сұлтан Айберген және зерттеуші Рамазан Бағдат «FIRST LEGO League Explore» санаты бойынша жүлделі ІІ орынды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Бұл жетістік – ұзақ уақыт бойы атқарылған жүйелі еңбектің, үздіксіз ізденістің және халықаралық деңгейдегі мол тәжірибенің заңды нәтижесі. Былтыр OtAI командасы робототехника бағыты бойынша «Qyzylorda FIRST Regional 2025» турнирінің Бас жүлдесін иеленсе, Астана қаласында «ALEM TECH FEST» аясында өткен «Central Asia FIRST Championship 2026» халықаралық чемпионатында 7 мемлекеттен келген 5000-нан астам қатысушы арасында Қазақстанның намысын лайықты қорғап шықты. Көршілес елде ұйымдастырылған «FIRST LEGO League Kyrgyzstan Championship 2026» додасында «Champion’s Award Finalist» атанып, І орынмен бірге Қытайда өтетін халықаралық финалға жолдама алды. Ал Макао қаласында өткен «FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025» әлемдік біріншілігінде «Challenge Solution Award» халықаралық арнайы жүлдесін қанжығаларына байлаған болатын.

Мұндай ірі марапаттар оқушылардың инженерлік ойлау қабілетінің, бағдарламалау мен робот құрастырудағы жоғары шеберлігінің, шығармашылығы мен мығым командалық рухының айқын көрінісі. Жеткіншектерді үлкен додаға дайындап, қанаттандырған білікті жетекшілер Рахатов Өтеміс пен Сыздықова Күнсұлудың еңбегі орасан. Ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен шәкірттерге деген шексіз сенімінің арқасында OtAi командасы бүгінде Қазақстанды халықаралық ареналарда лайықты танытатын брендке айналды. Ендігі кезекте жас дарындарды алда үлкен сынақ – Қытай Халық Республикасында өтетін әлемдік деңгейдегі финал күтіп тұр.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!