Бейсенбі, 10 қазан, 10:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Үзіліп түсіп тінінен, тізіліп қалған мұңым ең…

02.03.2021

1353 0

Гүлнұр Оразымбетова туралы айтпақ болсам, тұлымшағы желбіреп, алғаш сахнаға шыққан ақсары қыздың бозторғайдай шырылдап тұрғаны көз алдымызға келе қалады…

Он алты жастан енді асқан қыз 1994 жылы «Таңшолпан» телебайқауының 1-ші жүлдесіне қол жеткізді. Содан кейін осы телебайқаудың бес жыл бойғы жеңімпаздары қатысқан конкуста бас жүлдені алды. Онан соң республикалық «Жас қанат» жүлдесін иеленді. 2000 жылы «Қорқыт-қобыз» әнімен «Азия дауысы» халықаралық бай­қауының бас жүлдесін жеңіп алып, алыс-жақындағы барша музыка мамандарын жалт қаратты. Ол орындаған Оңталап Нұрмаханов пен Рамазан Таймановтың бұл шығармасы екінің бірінің ебі келмейтін күрделі туынды еді. Құдай оңдады, Қорқыт бабаның рухы қолдады. Бүгінгі жұлдыз дәрежесіне осындай жол­мен жеткендер сирек.

Қазір оның аракідік республикалық телеарна­дан журналист есебінде көрініп жүргенін де біле­міз. Бұл да кездейсоқ емес, Гүлнұр мектепте жүріп-ақ сол кездегі «Қазақстан пионері» газетіне мақала жазып тұратын. Ұстазы Зағипа Нұрғалиева: «Гүлнұрдың тіл шеберлігі жақ­сы еді, класс бұрышын шығаруда маған көмекші болды» деп ризалықпен еске алып отырады. Жалпы журналистикаға керек ең басты құрал – тіл шеберлігі десек, дәл осы қасиетті оқумен алдым деп айту қиын. «Өнер алды – қызыл тіл» деп тілді бар өнердің басына қойған қазақ шешендіктің ата қанымен келетінін шегелеп жеткізген.

***

Гүлнұрдың көңіл қуысынан қашып шықпақ болып ылғи көкірегін ұрғылайтын бір сағыныш сәулесі бар.

…Бұл оқиға бұдан жиырма жыл бұрын болды. Бірақ күні кешегідей, көзін жұмса, жібек тінінен үзіліп түскен лағыл моншақ домалап бара жатады да кеудесіне мұң болып қайта тізіледі.

Ол кезде Гүлнұр Қызылордадағы педагогикалық училищенің соңғы курсында оқитын. Педучилище демекші, осы оқуға түсуінің өзі бір қызық әңгіме. Ауылдан келген қыздың оқуға түсуге бір ұпайы жетпеді. «Оқудан құлап қалдым» деп ауылға баруға арланды. Оның орнына осы училищенің шатырынан құлап түскені жақсы еді. Сөйтіп, ол педучилище ғимаратын айналшықтап жүре берді. Оқуға түспесе де училище директорының көзіне түскісі келді. Алдында тұрып бір ән салып бермек, ішінде «қандай әншінің оқуға түсе алмағанын көрсін» деген ызалы ой бар. Бір ойы, кім біледі…

Сол ойы алшы түскен асықтай іске аса кетті. Анандай жерде келе жатқан училище директорын байқады. Бірінші қабатта бір қыз домбырасын дыңыл­датып отыр екен.

– Домбыраңды бере тұршы, – деді асығыс.

– Неге?

– Ән салғым келіп тұр!

Сол мезетте директор де қасындағы бір топ кісімен бұларға жақындап қалған. Домбыраны қолына алған Гүлнұр арқаланып кетті. «Әу-у» деді де «Сәулем-айды» әуелете жөнелді.

«Тауда жүрер кекілік,

Тастан-тасқа секіріп-ай…» Директор сәл мойнын бұрғаны болмаса, тоқтап тұрмады, екінші қабатқа қарай көтеріле берді. Гүлнұр да кетпеді, аялдап қалды. Дәл қазір біреу келіп басынан сипаса, жылап жіберейін деп тұр. Бір кезде жоғары жақтан тақ-тақ еткен аяқ дыбысы шықты. Тура өзіне қарай келе жатқан сияқты. Ішкі сезімі алдамапты.

– Жаңағы ән айтқан қыз сен бе, директор шақырып жатыр, – деді ол. Бұл сәттегі Гүлнұрдың бойын көктеп өткен сезімді айтып жеткізу қиын. Сол сөйлем айтылып болғанша ол екінші қабатқа шығып үлгерді.

Директор жылы қабақпен қарсы алды. Қайдан келгенін, қандай бөлімге тапсырып жатқанын сұрады. Гүлнұр құлап қалғанын айтты. Осы кездесу оның оқуға түсті деген бұйрыққа атын тіркетті.

Сонда талапкер жастың танымал болашағы бар екенін болжап білген педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесін 37 жыл басқарған білім саласының білгірі Әлима Әбдіхалықова еді.

…Гүлнұр педучилищенің соңғы курсында қатты аурып қалды. Мәскеудің орталық клиникалық ауру­ханасында емделуге тура келді. Көп жатып, шипа дарып шықты. Осы ауруханада ақтөбелік Ербол есімді бала да емделген. Ол да жазылып шығып, екеуі бірге жолға жиналды. Ауруханада  жатқан тағы бір жерлесі бар еді. Қайдан алғанын өзі білсін, сол кісі Гүлнұрдың қолына көп ақша ұстатып, ауылға жеткізуді аманаттады. Жамандықтың басы осы ақша болды.

Пойыз Ақтөбеге жеткен соң, екеуі бір вагонда келе жатқан Гүлнұр Ерболды перронға шығарып салды.

– Сөмкеңді абайла, ақшаңды ұрлатып алма, – деді Ербол. – Сен мініп-түсіп жүргенде қолды болып кетер, мен оны жөндеп, отыратын орынның астына салайын.

Соны айтты да жүгіріп ішке қарай кіріп кетті, лезде қайта шықты.

– Рақмет, – деп Гүлнұр оның «жанашырлығына» риза болып қалды. – Енді ауырма! 

Пойыз жүріп кеткен соң, бір-екі сағаттан кейін сөмкесін қараса, ақша жоқ. Масқара! Кімге айтпақ, не істемек, білмейді. Ауылда өсіп, біреудің ала жібін аттау дегенді ауызекі сөзден ғана естіген Гүлнұр ұрлықтың қандай бо­ла­тынымен бірінші рет бетпе-бет кезікті. Тұлабойы тоңазып кетті. Мұнша көп ақшаны енді қайдан таппақ?

Гүлнұрдың туған аулы Қызылжар Арал ауданына қарасты бол­ған­мен, Қазалыға жақын. Сон­дықтан пойызбен жо­лау­шылаған бұл ауылдың адамдары  Қазалыдан түседі. Гүлнұр пойыздан түскенде ақшаны күтіп тұрған адамдар алдынан шықты. «Ақша сөм­кеде, киім-кешектің астында, сосын өзім апарып беремін» – деді оларға. Осы өтіріктің аузына қалай түскенін де білмейді. Бар білгені екі беті дуылдап кетті. Сірә, өтірік айтудың да қандай болатынын ең бірінші рет сезінгені – сол кез.

Ендігі үміті әке-шешесінде, қалайда ақшаны қайтаруы керек. Бұл өмірдің барлық саласына нарықтың қатал заңы киліккен өлара кезең болатын. Үйіне келсе, көршілер бір-бірінен ұн сұрап отыр екен. Осындай кезде ақша тауып бер деу жазда қар жаудыр дегенмен бірдей. Мұндайда мұңыңды шағатын жалғыз адам – анаң. Гүлнұр анасына шындықты айтты. Анасы «енді қайттік» деп күйбеңдеп қалған. Сол кезде үйге сіңлісі Гүлзинаттың кіріп келмесі бар ма.  Болған жағдайды ести сала:

– Мен өлейін, қарызыңды жұрттың жинап берген ақшасымен өтейсің, – деді ол. Бұл сөздің бұлттан асып, Арышқа жететінін осы сәтте періштелер ғана білетін.

– Не деп тұрсың, сен? – деп Гүлнұр сіңлісіне кейи сөйледі.

Гүлзинат мектеп бітіріп жатқан. Ертең оның аттестат алатын күні еді.  Әке-шешесі азанымен Қазалы жаққа кетіпті. Үйде жалғыз өзі, бір кезде жүгіріп келе жатқан ағасын көрді. Өң-жүзі өрттен шыққандай.

– Гүлзинат суға кетіп қалыпты, – деді ол ентігіп.

– Қалайша? Суға кеткен адам тірі шықпай ма, не?!

Гүлнұрдың аузына түскен сөз осы болды. Одан басқасы есінде қалмапты.

***

…Аттестат алатын класс түске дейін мектеп бақшасында жұмыс істесін деді мұғалімдер. Бақшадан шыққан бітірушілер дария жағасына да бара қалсын. Бұл суға түсетін жер емес, тік жары көп кездесетін иін. Мұндай жердің иірімі де бар. Бірақ орталарындағы бір қыз аяғын шайып алмақ болып, еңкейгені сол, суға құлап кетті. Аласұрып жағаға ұмтылғанда  оған Гүлзизат қолын созды. Құрбысын тартқыштап жүріп құтқарып қалды, бірақ сол суға өзі құлап түсті. Енді оған қол беретін біреу болмады. Болды, қолдары жетпеді. Өйткені Гүлзинатты бірден иірім үйіріп жағадан алыстатып жіберді. Оның «Құтқарыңдар!» деген құлын даусын еститін жағадағылар көзін байлап, құлағын тарс бітеп алғандай. Гүлзинаттың жанарында қызыл түске боялған жер мен көк шыркөбелек айналды. Бұл дүниенің ең соңғы суреті еді.

 Қаншама заманның қайғысын бойына сіңіріп, талай тағдырдың құпиясын түбіне жасырған, толқынына Қорқыт кілем салып жүзген қарт  дария тағы бір бейкүнә жанды тұңғиығына тартып әкетті. Неге? Оның сыры «Ғайыпты мен ғана білімін» деген Аллаға мәлім.

***

«Уақыт – емші» дейді. Барлық нәрсені, тіпті «менен қорқыңдар» деген Пирамидаларды да жоқ қылатын уақыт адам қайғысын біржола арылтқан емес. Әсіресе ол жүрегіңнің ақ парақтай таза кезінде жазылып қалған қайғы болса.

Гүлнұр да ғазиз сіңлісін ешқашан естен шығара алмайды. Ойынан шықпағаны өз алдына, осы оқиғаны кешеге дейін біреуге айтуға қорықты. Көз алдында көлбеңдеп тұратын елес мен өлген жоқпын деп сыбырлайтын сияқты.

Сондайда жарықтық Мұқағалидың өлеңі алыстан талып жеткен өксік болып естіледі. Мүмкін оны өзі ішінен айтатын шығар, ақиқатын болжап білуге тырыспады да.

…Мен деген тірі жанмын, сен елессің,

Білесің ғой, өлтірген мен емеспін.

Мен үшін артық емес сенен ешкім,

Бірақ та сен елессің, сен елессің…

Міне, солай. Бұл – тәрік тәніңді жалған өмірдің жаныңмен бірге мекендейтін сыры. Былайғы жұрт қайдан білсін.

Бірге туған апалы-сіңілі екеудің бірі Мұңлық, бірі Зарлық секілді.

Біреуі бар, біреуі жоқ…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: