Жексенбі, 25 ақпан, 10:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2026)
24.02.2024
PDF мұрағаты

Жырдан күмбез көтерді

09.12.2022

598 0

Сыр елі – жыр елінде  бұрын-соңды болмаған естен кетпесе, рухани кеш, жыр жәрмеңкесі өтті.  Жырау, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова мен Сыр бойы жыршы-жырауларының «Жыр күмбез» атты жыр жәрмеңкесі өтті. Сыр сүлейлерінің сүрлеуі қайта жаңғырған өнер шашуынан жырға сусаған жұрт кең тыныстады.

Сахна құлпырып кетті. Өнердің өрнегі де, дәстүрдің дәреметі де көз алдымызда жайнап тұрды. Құдды қазақ даласы ән шырқап тұрғандай әсерге бөледі. Қорқыт ата жайлы бейне көріністен қоңыр қобыз сарыны жер-дүниені толқытып өтті. Абыз бабаның «Өткен күн, Кеше, – тарих Келер күн, Ертең, – сыр, Ал, бүгінгі күн – үлкен сый» деген нақылы намаздан тұрған батагөйдің болмысын елестетті.

Қобыз үніне еліткен бала Базар «Топқа түстім толғанып» термесін орындап кетті. Жауһар жырды суытпай атақты Алмас Алматов Базар жыраудың «Өсиетімен» өрнектеп жібергенде сахна алаңы желпініп, сілкініп, рух көтерілді. Іле Айдос Рахметов арнауын орындады. Міне, осылай жыр жәрменкесі жыраулар мектебінің атын да, затын да айғақтай берді. Арасында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі ерекше күй қосып, тұтас тарихты, өнер өлшемін өсіре түсті.

Уақыт көшінде жалғасы үзілмей, күні бүгінге дейін жеткен жыраулық өнердің негізгі мұрагерлері бірінен соң бірі іліп әкетіп, Сыр бойының саңлақ өнерін көрерменге сыйлады. Нұртуған, Нұрмағамбет, Жаңаберген, Жаппарбері, Дәріғүл, Еңсепбай, Көпжасар, Құлжан, Смағұл, Әбілхан, Кәрібоз, Жәмет, Сәрсенбай Бөртебайұлының, Жиенбай жыраудың, Оңғар жырау,Тұрмағамбет , Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Ешнияз сал, Нартай, қысқасы барлық жырау мен жыршының есімі жаңғырып жатты. LED экраннан тарихи бейнесюжеттер ұсынылды. Осы шараға қатысқан аймақтағы барша жырау мен жыршы қауымы жыр жәрменкесінің түңлігін көтерумен қатар өнердің өміршең ізінен өнегелі тарту жасады.

Сахна шеберлеріне облыс әкімінің ықылас гүлі ұсынылып, шараны облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қорытындылады.

– 1925 жылы қазақ өнерін Парижде паш еткен Әміреден соң араға алпыс жыл салып Алмас Алматов эпостық өнерді Еуропада әуелеткенін әлем білді. Жыр – халықтың жүрегін тербеткен ұлы өнер. Бүгін Алмас Алматов пен Бидас Рүстембековтың шәкірттері сол киелі өнерді кемеліне келтіре жаңғыртты, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Керемет кеш және көтеріңкі көңіл-күй бір-бірімен үйлесіп, көрерменді бір серпілтті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: