Төрт түлікті жесе – тағам, ішсе – сусын, мінсе – көлік еткен қазақтың малсыз күні жоқ. Атакәсіп қай кезеңде де елден ажырамақ емес. Облыс орталығында тұрған елдің өзі бір сауын бие алса да, айналасына саумал мен қымыз үлестіріп, пайдалы істі қолға алған. Мұны көзіміз көріп те, құлағымыз естіп те жүр. Қайсыбір жылы тәжтажалға төтеп беруде осы ағарғанның пайдасын көргендер көп. Бүгінгі жас ел ішінде екі қолға бір күрек табатын, кейін жұмыссыз қалмайтын саланы таңдайды. Алдыңғы толқынның сандық түбінде сақталған дипломдары талайға сабақ болғанының нәтижесі шығар… Міне, дәл сол тәрізді Нұрдәулет Мәжит те мал дәрігері мамандығын таңдаған. Ол жеті жылдан бері осы салада тер төгіп жүр.
Қала іргесіндегі Қарауылтөбе ауылдық округі негізінен мал шаруашылығын табыс көзіне айналдырған. Нұрдәулет – осы ауылдың мал дәрігері. Қызылорда қаласының тумасы. Бірақ осы ауылға сіңіп кеткені соншалық, өз баласындай болған. Ауылда кімнің үйінде қандай түлік бар екенін біледі. Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақтың да, ірі қараның да, Ойсыл қара тұқымын да, Шопан ата төлдерін де талай емдеген. Тәжірибе мен еңбектің несібеге жол салатынын жақсы біледі.
– Бала күннен осы салаға қызығушылығым ауды. Өзің таңдап барған салаң болған соң жұмысты беріле істейсің. Адал еңбектің берері мол. Жазда ірі қара телериоз болады, қыста аусыл болады, қандай аурудың болса да өршитін өз уақыты бар. Соның барлығына тәжірибемен, алған біліммен төтеп береміз. Сынама алатын уақыт, профилактикалық жұмыстар болады, бұл салада барлығын өз уақытымен жасамасаң, кейін орны толмас өкінішке әкеледі. Сондықтан біздің жұмыс тиянақтылықты қажет етеді, – дейді Нұрдәулет Дастанұлы.
Бір ғана ірі қараның өзіне жылына екі рет бруцеллез ауруына диагностика жасайды. Тағы екі рет аусылдың алдын алу іс-шаралары жүргізіледі. Төрт түліктің қайсыбірінің де жағдайын қарап жүреді. Арнайы шақыртатын тұрғындар да бар. Мұның барлығы ветеринардың 365 күніндегі еңбегі. Соған сай тәжірибе де жинақтайды.
– Осы уақыт аралығында мен он екі сиыр, жеті жылқыны төлдеттім. Қой-ешкінің қаншамасы бар. Тірі жан иесі ғой, оларда да су кеткен соң 10 минут ішінде көмектесіп үлгеру керек. Әсіресе, бірінші тумаларға көмек міндетті түрде қажет. Хирургиялық-акушерлік оталардың біршамасын жасадық. Ол үшін қиналмаймын. Жиіркенбеймін де. Өйткені бұл – мамандығым. Ал шақырту жасаған адам бір бас малымен күнелтіп отыруы да мүмкін. Сондықтан, әрбір ісіміздің жауапкершілігін түсіне жүріп, еңбек етеміз, – дейді ветеринар.
Алақандай ауылда 1100 бас ірі қара, 750 бас уақ мал, 500-дің үстінде жылқы және 120 бас түйе тіркелген. Халықтың басым көпшілігі сүт сатумен айналысады. Табиғи таза өнім қай кезде де сұранысқа ие. Адал кәсіптен нәпақа айырып отыр. Ауыл тұрғыны Жаснұр Жакенов те – төрт түлікті түлетіп отырған азамат. Қарауылтөбеге жолымыз түскенде Нұрдәулет дәрігер осы үйге шақыртумен бара жатыр екен. Дереу бірге бардық, оның мал емдеу процесін көзбен көрдік.
– Мал ауырса, ветеринардың көмегіне жүгінеміз. Ем-домын жасап, уақытылы тексеру жүргізеді. Арнаулы профилактика жұмыстарын жасайтын кездері де бар. Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар. Әркім өз ісімен айналысқаны дұрыс. Көбісі өзім емдеймін деп қателікке бой алдырады. Ветеринар маманның арнайы білімі бар. Біз маманға жүгініп, малымызды көрсетіп тұрамыз, – дейді Жаснұр Жакенов.
Қалалық ветеринариялық станция қызметкерлері елді мекендердегі мамандарға оң көзқараста. Барлық қажеттіліктермен қамтылып, сақтық құралдары жеткізілген. Биыл қала көлемінде аурудың алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 12 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен 319,9 мың доза ветеринариялық препарат қаралды. Қалаға бөлінген ветеринариялық препараттар ауылдық округтер мен кенттерге таратылды. Жоспарға сәйкес алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, қазіргі күні қала бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.
– Жоспарға сәйкес бруцеллез ауруына қарсы 38 мың бас МІҚ, 48,4 мың бас уақ малдың қан сынамалары диагностикалық зертелуге жеткізіліп, ауру мал анықталған жоқ. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, ақпараттық жүйеге енгізіліп отыр. Биылғы 11 айда барлығы 14,9 мың бас (5,1 мың бас МІҚ, 8,5 мың бас уақ мал, 0,294 бас түйе, 2,4 мың бас жылқы, 0,130 бас шошқа) ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейлендіріліп, ақпараттық жүйеге енгізілді. Ал материалдық-техникалық базаның жаңаруына келсек, ветеринариялық іс-шараларды уақытылы ұйымдастыру үшін ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы мықты болуы қажет. Осыған байланысты 2013 жылы алынған мүліктерді жаңартуға 2021 жылдан бері облыстық бюджеттен қаржы бөлініп келеді, – дейді қалалық ветеринариялық станцияның эпизоотолог дәрігері Нұрбол Нағымадинов.
Салаға жағдай жасалып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп келеді. Мәселен, 2021 жылы Қызылорда қаласына 2 дана автокөлік берілсе, 2023 жылы 3 автокөлік, биыл 2 автокөлік табысталды. Ал 2022 жылы Қызылорда қаласына 12 дана термочемодан, 12 компьютер жиынтығы берілген.
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!