Сейсенбі, 13 мамыр, 16:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35,2148
13.05.2025
PDF мұрағаты

Басбармаққа тәуелділік немесе цифрлы қоғамның бейнесі

13.05.2025

26 0

Цифрлық дәуірде адамдардың қарым-қатынасы да өзгерді. Әсіресе жастар әлеуметтік желісіз өз өмірін елестете алмайды десек артық айтқандық емес. Бірі хабарласу үшін қоңырау шалмай, мессенджерлерде мәтін жазуды құп көрсе, екіншісі әлеуметтік желілерде өз бейнесін өзгеше қырынан таныстырып, виртуалды «мен» қалыптастырады. Үшіншісі сол желідегі жазбаларына басылатын «лайктардың» санағына алаңдап, көңіл күйі де соған тәуелді екені өтірік емес. Неліктен бұлай? Осы орайда жаңа буынның байланыс құралын қалай пайдаланатынын зерттеп көрдік.

Қоңырау емес хат: жаңа буынның таңдауы

Телефон шырылдап жатса, жас­тардың тұтқаны көтермей, керісінше, қоңырауды өшіріп қойғанын байқаймыз. Анығын айтқанда, қоңырау шалғаннан гөрі хат жазуды жөн көретін үрдіс қа­лыптасты. Жастар неге телефон ар­қылы сөйлесуден қашады? АҚШ-тың «Bankcell» компаниясы жүргізген соңғы зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазір адамдарды шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады: қоңырау шалуды жөн көретіндер және хат ар­қылы сөйлескенді қалайтындар. Екін­ші топ – жазбаша байланысқа бейім жандар және олардың басым бөлігі 1980 жылдан 2000 жылға дейін туған «мил­лениалдар» буынына жатады. Бұл – цифрлық және аналогтық медианың то­ғы­сында өскен буын. Бір қарағанда елеусіз көрінетін бұл айырмашылық іс жүзінде коммуникацияда үлкен қиын­дық туындататыны анықталған. «Миллениал» ұрпақ өмірінің алғашқы кезеңінде қарапайым ұялы телефондарды пайдаланған, ал 2000 жылдардан бастап мессенджерлерге көше бастады және бұл байланыс түрі оларға әлдеқайда ұнайтыны белгілі болды. Яғни жастар арасында мәтіндік мессенджерлер бі­рінші орында. Бұл үрдіс неліктен орын алып отыр? Шетелдік сарапшылар мен психологтар мұны бірнеше фактордың әсерімен түсіндіреді: бір жағынан цифрлық коммуникацияның ыңғайлылығы мен тиімділігі аталса, екінші жағынан «телефобия» деп аталып жүрген – телефон арқылы сөйлесуден сескену, мазасыздану құбылысы алға тартылады.

2024 жылғы «Uswitch» жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, 18-34 жас аралығындағы респонденттердің 70%-ы телефонмен сөйлескеннен гөрі мессенджерде хат жазысуды таңдай­тынын көрсеткен.

«Pew Research Center» мәліметі бойынша, жастар үшін қоңырауға қара­ғанда мессенджерлер әлдеқайда ыңғайлы екен. «Gallup» жүргізген зерттеулер де мәтіндік хабарламалар қоңыраудан басым екенін көрсетті. Телефонмен сөйлесу жиілігі азайып келеді, ал жазбаша қарым-қатынас жаңа стандартқа айналды.

Канадалық коммуникация маманы Мэри Джейн Коппс жас маманның телефонмен сөйлесуге дағдыланбағанын айтады. Көпшілігі тек жақын туыста­рымен сөйлесіп үйренген, ал жұмыс барысындағы қоңырау олар үшін үрей тудырады. Ал сарапшылар не дейді? «OpenMarket» зерттеуіне сүйенсек, жас­тардың 76%-ы мессенджерде жазбаша хабарласу ыңғайлы деп есептейді. Себебі ол кестені бұзбайды, жауабын кейін де беруге болады. Ал 63%-ы мессенджер қоңырауға қарағанда «аз мазалайды» деп есептейді.

Психотерапевт Элоиза Скиннер бү­гінде адамдардың артық уақыты жоқтығын, сондықтан аяқастынан кел­ген қоңырауды көбіне қауырт немесе жағымсыз жаңалықтың нышаны деп қабылдайтынын айтады. Яғни қоңы­раудың күтпеген эмоциялық сал­мағы бар, ал хабарламамен жай ғана хал сұрасу жеңіл әрі қауіпсіз сезіледі.

Жастардың мессенджерлерді таң­дауы – уақыт талабына сай қалыптасқан жаңа коммуникациялық мәдениеттің көрінісі. Олар жылдам, тиімді, қысымы жоқ байланыс жолын қалайды. Мәтін жазу – еркіндік пен жеке кеңістікті сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар телефонмен сөйлесу, қоңырау шалу әлеуметтік дағды ретінде жоғалмауы тиіс. «Harvard Business Review» мәліметі бойынша, тікелей сөйлесудің әлеуметтік байланысқа оң әсері бар екені дәлелденген. Сондықтан онлайн байланыс ыңғайлы болса да, адаммен қарым-қатынастың табиғи түрін де ұмытпау маңызды.

Әлеуметтік желідегі виртуалды «МЕН»

Әлеуметтік желідегі парақшамыз – болмысымызды көрсетудің бір әдісі. Онда шынайы өмірдегі бейнемізді сәл өңдеп, безендіріп, қалаған қырынан көрсетуге тырысамыз. Әдемі фотолар, қызықты жазбалар – бәрін іріктеп жариялап, басқа адамдарға «виртуалды менді» таныстырамыз.

Интернетте өз бейне­мізді жасау – бұл өз қолы­мыздағы іс. «Psihology Today» журналында жа­рияланған зерттеу­ге сүйенсек, әлеумет­тік желідегі «құрасты­рылған бейне» – жеке өзіміз туралы онлайн контент­ті мұқият іріктеу, ұйым­дастыру және ұсыну деген сөз. Яғни «Facebook», «Instagram», «TikTok» тәрізді платформалар бізге «арманымыздағы профилімізді» бейнелеуге мүмкіндік береді. Әдетте, мұнда әркім өзіне ұнамды, өзгелерді қызықтыратындай қырларын көрсетуге тырысады. Психолог Брюс Уилсон бұл құбы­лысты «Онлайн әлем – кім екеніміз­ді қайта жасап шығаратын кенеп. Сіз өзіңізге сәулетші, дизайнер және суретшісіз» – деп жазады. Зерттеушілер «виртуалды менді» шынайы болмыстың сәл көркемделген түрі деп анықтама береді. Яғни желідегі «мен» көп жағдайда шын өмірдегі өзімізден гөрі мінсіздеу көрінуі мүмкін. Мұндай виртуалды бейне қалыптастырудың басты мақсатының бірі – өзімізді қоғамға жақсы қырынан таныту. Әлеуметтік желіде біз күнделікті өміріміздегі тек жақсы жаңалықтарды, әдемі суреттерді, қызықты оқиғаларды бөлісеміз. Бұл – бір жағынан, өзімізді позитивті көрсету ниетінен туса, екінші жағынан, желі қолданушыларының тал­ғам-талабына сай келу қажет.

Онлайн-имидж саналы түрде қалып­тасады: көп адам әлеуметтік желіге кез келген суретін не ойына келгенін сала салмайды. Керісінше, өз бейнесін басқару үшін белгілі бір «сүзгіден өткен» өмірді көрсетеді. «Theguardian» зерттеуіне сүйенсек, «Instagram» желі­сінде қолданушылар тек әсерлі, әдемі көрінетін фотоларын жүктеп, түрлі сүзгілерді қолданып, мінсіз көрініс жасауға ұмтылады. Ал жағымсыз, ыңғай­сыз сәттер көлеңкеде қалады. «Pew Research Center» жүргізген сауалнама­сы бойынша жасөспірімдердің едәуір бөлігі өз бейнесіне сай келмейтін не өзгелер мазақ қыла ма деп қауіптенген жазбаларды жарияламайтынын байқатты: жасөспірімдердің 38%-ы желідегі обра­зымен үйлеспейтін контентті әдейі сал­майтынын, 40%-ы көпшілік алдында ұятқа қалудан қорқып кей жазбаларды жарияламайтынын айтқан. Яғни көпшілік аудиторияның реакциясын алдын ала болжап, қолайлы болатындай контентті ғана таңдауға тырысады.

Мұндай имидж қалыптастырудың бәрі, түптеп келгенде, әлеуметтік желіде өзіңе деген назар мен қолдау табу мақсатына саяды. «Лайк» пен пікір – қазіргі виртуалды өмірдің өлшем бірлігі. Көп «лайк» жинаған жазба авторға көтеріңкі көңіл-күй мен сенім сыйласа, аз қолдау тапқан пост көңіл-күйін түсіріп, өз-өзін бағалауын төмендетуі ғажап емес. Мысалы, АҚШ-та жүргізілген бір зерттеуде жасөспірімдерге әдейі аз лайк жиналған жалған әлеуметтік желі аккаунттары көрсетілгенде, олар өздерін ешкімге керексіз, төмен бағалағаны сезілген. Яғни виртуалды ортада жа­ғымды кері байланыстың тапшылығы жасөспірімнің өзін қабылдауына кері әсер еткен. Бұл – әлеуметтік желідегі имиджге сүйенудің психологиялық осал тұстарын айқын көрсететін жайт.

Мамандардың айтуынша, виртуалды өмір мен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Себебі әлеуметтік желідегі образ – шынайы­лықтың толық көрінісі емес, тек жарқын сәттердің өңделген жинағы ғана.

Лайктың әсері

Әлеуметтік желіде жарияланған әр жазбамызға басылған «лайк» пен пікірлер өзімізге деген көзқарасты өзгертуі мүмкін. Біреу үшін бұл жай ғана сан болса, екінші біреулер үшін лайк  қоғамның өзін мойындауы мен психологиялық қанағаттану болып саналады екен.

«The Guardian» басылымының зерт­теуіне сүйенсек, «Instagram» біреу­мен үздіксіз салыстыруға итермелеп, қолданушылардың мазасын қашырып, уайымын арттыратын ортаға айналуы мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, «Instagram»-да уақытын көп өткізетін адамдарда мазасыздық деңгейі жо­ғарылап, тіпті депрессия белгілері күшейе түсетінін ғалымдар байқаған. Себебі «Instagram» өзге платформалар­ға қарағанда көбіне әдемілік пен табысты көрсетуге бағытталған, сол арқылы қолданушыны «бәрінен қалып қой­ғандай» сезімге бөлеуі мүмкін. «Instagram vs. шынайы өмір» тақырыбы соңғы жылдары жиі талқыланып жүр. Платформаның өзі де мұны мойындайды: «Facebook» компаниясының (қазір Meta) ішкі зерттеуінде «Instagram желі­сінде әлеуметтік салыстыру әсері өзге әлеуметтік желілерге қарағанда күшті екені айтылған. Ондағы мәлімет бойынша, «Instagram» жасөспірім қыз­дардың кемінде үштен бірінің өз бейнесіне көңіл толмаушылығын туды­рады екен – яғни, әр жасөспірім үш қыздың біреуі өз түрін «Instagram»-дағы идеал түрмен салыстырудың салдарынан өз бейнесін ұнатпай қалған. Сол зерттеуде өзін «ұсқынсызбын» деп санайтын жасөспірімдердің 40%-дан астамы мұндай сезімнің болуына тікелей «Instagram» түрткі болғанын айтқан. Бұның бір себебі – «Instagram»-да адамдар, әсіресе танымал тұлғалар мен блогерлер өзінің ең мінсіз, жылтыраған бейнесін ғана ұсынады. Әрине, әлеуметтік салыстыру тек «Instagram»-ға ғана тән емес – кез келген желіде бар үрдіс. Дегенмен платформалардың ерекшеліктері бұл құбылыстың қарқын алуына әсер етеді.

Әлеуметтік желінің тағы бір ықпалы – өзіндік құндылықты сыртқы факторға тәуелді ету. Мысалы, біреудің жазбасы күткендей қолдау жинамаса, ол өзін сәтсіз, сүйкімсіз сезінуі мүмкін. Бұрын адамның бағасы ортасының пікі­рімен өлшенсе, қазір бүкіл онлайн қауым­дастық пікіріне тәуел­ді десек те болады. «Facebook»-тың бұрынғы жоғары лауазымды қыз­мет­кері Чамат Пали­хапития әлеуметтік желілердегі осын­дай мақұлдауға тәуел­ділік­ті сынай келе, былай деді:

– Біз өмірімізді осы қысқа мерзімді сигнал­дар – жүрекшелер, лайктар арқылы бағаланатын мінсіз бейне төңірегінде құрастырамыз. Біз оларды шын махаббатпен не шынайы құндылықпен шатастырамыз. Ал шын­дығында бұл – өтпелі,  бір мезеттік нәрсе, жалған танымалдық, ол сізді уақыт өте бос әрі жан дүниеңіз қаңырап қалғандай сезімде қалдыра­ды, – дейді ол.

Расында да, әлеуметтік желідегі лайк адамның бір сәттік қуанышы ғана. Бұл цифрлық көрсеткіштерге тәуелділік қалыптасып, атақ-абырой іздеуге итермелейді. Сарапшылар лайк қуаламай, әлеуметтік желіде тек марапат емес, шынайы байланыс пен мазмұн іздеу керек екенін ескертеді.

Әлеуметтік желі – жаңа мүмкіндік, әркім өз қабілетін көрсетуге, әлеммен байланысуға жол ашты. Жастардың қоңыраудан қашып, жазбаша тілдесуді таңдауы, әлеуметтік желіде виртуалды бейне қалыптастыруы мен лайктарға тәуелділігі – цифрлық қоғамның жаңа бет-бейнесі. Бұл өзгерістердің астарында технологиялық ілгерілеу ғана емес, психологиялық әсер де бар. Маңызды­сы – шынайы өмір мен виртуалды әлем арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Бәрінен де шынайы эмоция мен адаммен қарым-қатынас маңызды екенін ұмытпауымыз керек.

София Хайрулла

Сурет ашық дереккөзден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: