Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мерейі үстем мектеп

22.10.2024

395 0

Ұстаздық – ұлағатты іс. Өмірде өскелең ұрпақ үшін тер төккен ұстаздар қауымының қашанда орны ерекше. Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Қанша ғасыр өтсе де адамзат баласы ардақ тұтар ұстаз – мәңгілік қастерлі үғым, барлық мамандық атаулының басы және шыңы» деген еді. Бүгінде ұстаздар қауымына артылар талап пен жауапкершілік те жоғары. Қала мектептерінің ішінде жетістіктерге жетіп, өздерінің біліктілігі мен білімін үздік оқушыларымен дәлелдеп жүрген мектептердің бірі – №189 орта мектеп. Осы орайда біз білім ордасының жеткен жетістігін жүйелеп, талдап жеткізуді жөн көрдік.

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин тегін айтпаған. Мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұргүл Сәрсенбаеваның өмір жолына қарап, осы қасиетті терең ұққандай боламыз. 15 жылдық тәжірибесі бар ұстаздың өзгеге үлгі болар жеңісті әрі жемісті жолы бар.
Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Анар Баймаханова ерекше белсенділігімен дараланған ұстаз. Ұстаздық жолында шәкірттерін білім додасына қатыстырып, бәйгеден бос қайтпаған шәкірттері баршылық. Білікті педагог білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін сан мәрте марапат мінберіне көтерілді. Жетістіктер қоржыны – толайым.
Ақын Мұхтар Шаханов «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әркез сол кілт болуы керек» деп тереңнен тебіренген еді. Шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаздың бірі он тоғыз жылдық педагогикалық өтілі бар, педагог – сарапшы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – Құндыз Айтмырза. Ол – «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс- тәсілдер» тақырыбында әдістемелік көмекші құралының авторы.
– Әр мұғалім қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында тіл дамыту жұмыстарын шығармашылықпен жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол оқушының күнделікті өмірдегі құбылысты жан-жақты түсіне білуіне, білген нәрселерін ауызекі сөздерінде қолдана білуіне жағдай жасайды. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі көркем сөздің ерекшеліктерін оқушыларды тіл мәдениетіне үйретіп жетілдірудің мықты құралы ете білуге тиіс. Оқушының тілін дамыту жұмысы, ол баланың жалпы ойын дамыту деген сөз, өйткені оқушы пәнді оқып үйренсе де, өзінің істеген жұмысы, көрген-білгені туралы күнбе-күн сөйлеп, ойын қалыптастырып отырады. Яғни оқушылардың тілін дамыту мәселесі олардың ойлау қабілетімен байланыстырса, ойлау мен сөйлеу процесінің бірлігінде ұйымдастырылады, – дейді «Үздік жетекші» номинациясының иегері ұстаз Данияр Ақылбекұлы.
Мектептегі математика, физика және информатика пән бірлестігі мұғалімдері Ақжарқын Жақсылықова, Гүлдана Сембаеваның, Жанар Толыбекова, Гүлмира Сейілханова, Алтынкүл Данышпанова, Арайлым Бижановалардың еңбектерін ерекше атауға болады. Бала жанының бағбанына айналған олардың шәкірттері шыңға бастап, мектеп мерейін үстем етіп жүр. Жетістік желкенін керген ұжымы бар мектеп – қашан да өзгелерге үлгі. Айта кету керек, Нұрмат Оңғаровтың басшылығымен жолға қойылған дебаттық жарыстар да шәкірттердің жан-жақты қалыптасуына ықпал етуде. «Аtyrau Cup – IV» атты республикалық дебат турнирінде облыс атынан мектеп ұстаздары Абылай Шайхыслам және Еламан Жаматов жартылай финалға жетіп, Алғыс хатпен марапатталса, қаладағы №173 орта мектебінің 60 жылдығына арналған пікірсайыста «Оратор» фракциясы жүлделі І орынды жеңіп алды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Талапберген Әбдраманов та – байрақты бәсекеге шәкірттерін баптаған білікті ұстаз. Оның шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық каратэ турнирлерінен жүлделі орындарды қанжығаға байлап жүр.
– Қазақтың лирик ақыны Мағжан Жұмабаев «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген еді. Ұлт ардақтысы айтқандай, білім мен тәрбиені тең ұстап, шәкірттерімізді бәсекеге қабілетті, білім көкжиегі кемелденген ұрпақ етіп тәрбиелеу жолында тер төгіп жүрміз, – дейді мектеп директоры Хадиша Қорғанова.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқан тәмсілге сүйенсек, болашақ ұрпағымыздың қандай болып өсетіні мұғалімнің адал еңбегіне, педагогикалық шеберлігіне, шыдамдылығына, сондай-ақ, өз жұмысына деген сүйіспеншілігіне байланысты. Әр ұстаздың ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қажырлы, әрі адал еңбегі қазақстандық педагогиканың үздік дәстүрін заманауи жаңашылдықпен үйлестіре білсе, алынбайтын асу, шықпайтын шың болмасы анық.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: