Қадірлі оқырман! 15 сәуір – «Ақмешіт апталығы» газетінің оқырмандары үшін жай күн емес. Себебі бұл күн газеттің жарыққа шыққан күні. Осыдан 32 жыл бұрын, 1994 жылдың 15 сәуірінде жарық көрген «Ақмешіт апталығы» газетінің уақыт сынынан сүрінбей өтіп келе жатқаны оқырманның алғаусыз тілегі мен ниеті деп білеміз. Жыл сайын сүйікті басылымына ұмытпай жазылатын және ұсыныс-тілегін айтып отыратын оқырмандарымызды төл газетінің жарыққа шыққан айтулы мерекесімен құттықтаймыз! Дәл бүгін біз «цифрлық дәуірде газет оқылмайды немесе жас буынға қалай газет оқытамыз?» деген мәселе айтудан аулақпыз. Әр газеттің өз оқырманы бар және газет оқитындар қатары аз емес екенін де білеміз. Біздің міндетіміз – оқырман сұранысына сай сапалы газет шығару. Сәт сайын жаңарған жаңалықтар легін смартфоннан оқитын оқырман үшін газет адамға рухани демалыс сыйлап, әр ақпаратты ой елегінен өткізіп, сараптама жасай алатын қабілетін дамыту үшін қажет. Әлеуметтік желідегі жылт еткен жаңалықтан жалыққан оқырманға рухани азық болатын және қай кезде оқимын десе де жоғалмайтын, тасқа басылғандай өшпейтін басылым ғұмыры мәңгілік. Әрине, газет оқырманымен ғана мәңгі жасайды. Олай болса, газеттің жарыққа шыққан күні сіз бен біздің мерекеміз! Қадірлі оқырман, сіз газетке жазылу арқылы ұлт руханиятының дамуына үлес қосып келесіз! Қазақ баспасөзін қолдаған игі ісіңіз ұрпақтан-ұрпаққа жалғассын дейміз. «Ақмешіт апталығы» газетінің шығармашылық тобы әрдайым оқырман көңілінен шығуға, ойындағысын дөп басатын мақала жазу жолында, қоғамның өзекті мәселесін көтеріп, ел мұқтажын жеткізуде адал қызмет ете береді. Қатарыңыз азаймасын, құрметті оқырман!
Ізгі ниетпен, сүйікті газетіңіз «Ақмешіт апталығы»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
