Бейсенбі, 09 мамыр, 01:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Наурыз десе…

23.03.2024

573 0

Ұлт үшін Ұлыстың Ұлы күнінің орны бөлек. Көңілге қуаныш сыйлайтын мерекеде жаныңды жадыратар ұлттық құндылықтар аз емес. Мереке күні наурыздың мәнін насихаттау мақсатында елге есімі белгілі азаматтардың мерекенің мәні турасындағы пікірін жариялағанды жөн көрдік.

Руслан Рүстемов,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының депутаты:

Жер-жиһанның жаңару мерекесі

«Ақмешіт ап­талығы»  газеті арқылы барша жерлестерімізді ең алдымен та­биғаттың жаңа түрге еніп, тір­шілік атаулыға үлкен серпін бер­ген көктемнің шадыман шат­ты­ғымен кел­ген Наурыз мей­рамы­мен шын жүректен құттықтаймын!

Біз жастарға Наурыз мейрамын той той­лап, мерекелеу ғана емес, ой-сананы кемелдендіру мерекесі екенін түсіндіруіміз керек.

Наурыз мейрамы – бұл дәстүрдің мерекесі, еңбектің мерекесі. Тіршілік атау­лы түрленген кезде табиғатқа жаңаша жан бітіп, адамдар да өзінің тіршілігін жасайды, егін егеді, бұлақтың көзін ашады, айналасына ізгі амалдарын жасайды, қайырымдылық танытады. Міне, осының барлығы да наурызбен тікелей байланысты. Адам адамша өмір сүру үшін жаңарып, жаңаша бір мазмұнға, мағынаға ұмтылады. Наурыз – жер-жиһанның жаңару кезеңі саналатыны да осы себепті болса керек-ті.

Олай болса, биыл қазақ жерінде 37-ші мәрте тойланып жатқан Наурыз мейрамы халқымызға құт-берекесімен, ырыс-ынтымағымен келсін!

Қадыркүл Шаймағанбетова,

«Болашақ»  университетінің аға оқытушысы,  ардагер-ұстаз:

Бабадан жеткен ұлылық

Наурыз мей­рамы – ежелгі заманнан қалып­тасқан ұлық ме­реке. 

Қазақта нау­рызды тойлау 8-9 күнге жалғас­қан. Оны «Наурыз­на­ма» деп ата­ған. «Бұл ән бұрынғы әннен өз­ге­рек» деп Шәкәрім атамыз жырлағандай, биылғы Наурыз мерекесін тойлауға ерекше мән, мазмұн, түр берілді. Мереке аясында «Наурызнама» деген атаумен 10 күндік белгіленді.

Мен ұлттық киім күнін тойлау туралы кеңірек айтқым келеді. «Баба» деп атайтын үлкен атам Шаймағанбет, нағашы әкем Әбләкім көкеміз тік жаға көйлек, тік жаға бешпент, ішік, тымақтың жаздық, қыстық түрлерін киетін.

Бибіш, Мәрия, Тоғжан әжелеріміз кимешек киіп, қазақы кең етек көйлек, камзолмен жүретін.  Олардың сырға, сақина, шашбау мен қартпа білезік, қарсы ілгек сынды әшекейлерінің  өзі қандай керемет еді!

Өзіміз де оқушы кезімізде анам Жүрсіннің қолынан шыққан қос етек көйлек, қамзол, тақияларды киіп талай іс шараларды атқарып едік.

Ұлттық нышанымыздың бастауындай  қазақы болмысымызды танытып,  ұр­паққа өнеге болатын ұлттық киім күні жұртшылыққа ерекше әсер берді.

Оған «Анаға тағзым»  орталығы ұйымдастырған «Брендке бір қадам» шарасы аясындағы ұлттық киімдер ше­руінде көргеніміздей, мүмкіндік мол екеніне көзіміз жетті.

«Мен  қазақпын» дейтін әр отбасында жас ерекшелігіне сай ұлттық нақыштағы киімдер өз орнын ала бастады. Ұлттық киімді тек Наурыз мерекесінде емес, от­басылық  мерейтойларда кию дәстүрге енді.

Алтынай Молжанова,  «Анаға тағзым» орталығының  директоры:

Ұлттық киімдер брендін қалыптастыруымыз керек

Наурыз – жыл басы, Жер-Ананың тоңы жібіп, табиғат өзгеше бір күйге енетін, қыстың ызғары қайтып, көктем шуа­ғын төгетін уақыт. Осы бір айда сан ғасырдан бері қазақпен бірге жаса­сып келе жатқан Наурыз мейрамы бар.  Бағамдап қарар бол­сақ, Наурыз мереке­сін  бүгінде  бұқара бұрынғыдай емес,   асыға, қуана күтетін болған. Биыл  бұл   мейрамның маңызы  тіпті арта түскендей.

«Наурызнама» бағдарламасы – тағылымы мол нағыз өнеге мектебі болмақ.  Көңілге керемет сезім ұялатады. Қазір халықтың ұлттық киімге деген сұранысы да, талабы да жоғарылаған. Қай жерге барсақ та, әдемі нақыштағы заманауи ұлттық киім үлгілерін көреміз. Кереметі ұлтымыздың киімдері, көз тойып, көңіл сүйсінеді. Мемлекет басшы­сының «Ұл-қыздарымыз ұлттық киім­ді Наурыз мейрамында, болмаса басқа мере­келерде ғана емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз» деген сөзінің өзі әрбір адамның, әсіресе жастарымыздың  ұлттық киімге деген қызығушылығын одан сайын арттыра түскендей.

«Анаға тағзым» орталығы 18 наурыз – ұлттық киім күніне орай креативті индустрия бағытындағы ««Брендке бір қадам…» жобасы аясында  «Этно FASHION»  облыстық сән үлгісі фестивалін өткізді. Аймақтағы аудан­дардан, қаладан қатысқан 17 дизайнер қазіргі талғамға сай, этностильдегі және ұлттық, сахналық жүздеген киім үлгілерін  көпшілік назарына ұсынды. Стиль мен талғамға қарай, дизайнерлер ұсынған ұлттық киімдер бір-бірінен матасы мен тігісі, безендірілуі жағынан ерекшеленді. Мәселен, ши құрақпен безендірілген этношапан, түймелері жылқы сүйектерінен әзірленген заманауи кеудешелер, киізден тігілген шапандар және өзге де дүниелер қазақтың ұлттық өнерін паш етіп тұрғандай. Жергілікті дизайнерлер 150-ден аса ұлттық киім үлгісін көпшілік назарына ұсынды. Расы керек, ашылғанына көп уақыт  болмаған орталықта мұндай шараны өткізудің өзі  үлкен тәуекелге  бару болды. Ең бастысы, фестиваль форматында өткен бұл шараны алдағы уақытта байқау түрінде өткізсек, ұлттық киімдер брендін қалыптастыруда дизайнер-тігіншілер арасында бәсекелестік болатынына көзіміз жетті. Онкүндік «Наурызнаманың» алдағы тақырыптық күндеріне де орталықтың қосар үлесі мол болмақ.

Сәні мен салтанаты келіскен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі баршаңызға құтты болсын!

Қарлығаш Ильясова,  Қолөнершілер одағының мүшесі, «Қарлығаш» шеберлер орталығының төрайымы:

Рухымызды

оятатын күн

Биылғы Наурыз ұлттық қолөнерімізге деген бетбұрысты байқатты.  Бұл деге­ніңіз төл өнерді төр­ге шығару екені анық. Қазақ халқы өзінің ұлттық құнды­лығымен салт-дәс­түрімен ерекшеле­не­ді. Көңілімнен шық­қаны –  ұлттық киім күнінің аталып өткені. Енді болашақта ұлт­­тық киімді наурыз мейрамында ғана киіп қой­май, күнделікті жұмыс орнында кию де дәстүрге айналғаны дұрыс. Сонда «мен қазақ­пын» деп мақтанышпен айтып, әр адам­ның көкі­регінде рухы оянса керемет емес пе? Халқымызға жыл басы Әз Наурыз мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын дегім келеді.

Сауалнаманы жүргізген 

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: