Сенбі, 23 қараша, 16:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Қазақша боямақ неге аз?

13.02.2024

703 0

Кеңсе заттарын сататын дүкен ішінде тұрмын. Мақсатым – қазақша балалар боямағын алу. Қарап шықтым, көзіме түспеді. Сатушының өзінен сұрағанды жөн көрдім.

– Кешіріңіз, балалар боямағы бар ма? – дедім. Әдейі боямақты қазақша сұрадым. Бірақ сатушы қыз түсінбеді.

 – Боямақ дейсіз бе? Ол не? – деп тағы сұрады таңдана.

– Балалардың боямақ кітапшасы? – деп қайталадым. Сол сәтте түсінді.

– «Раскраска» ма? Бірден солай айтпайсыз ба? Ана жерде тұр, – деп сөреге қарай қол сілтеді.

Расымен, балаларға арналған боямақ кітапшалардың бірнешеуі тұр екен. Әйткенмен орысша нұсқасын ғана кездестірдік. Бағасы мың теңгеден жоғары. Содан әлгі сатушыға тағы бардым.

– Маған қазақшасы керек еді. Жоқ екенін сатушының көзқарасынан-ақ байқадым. Тіпті жауап бергісі келмей амал жоқ, үн қатты.

– Тәте, қазақшасы жоқ. Бояйтын балаға бәрібір емес пе, қандай тілде болса да… Суретті ғана бояйды, – деген жауап алдық.

Мейлі, біз де боямақтың қазақша нұсқасын іздеуді әрі қарай жалғастырдық. Халық көп шоғырланатын ескі базар маңындағы кеңсе заттарына арналған дүкенге кірдік. Сатушысы жасы үлкендеу, жүзі жылы кісі екен. Бірақ бірден сөзге тартпастан алдымен іздегенімізді өзіміз қарайық деп, сөрені бір шолып шықтық. Әйткенмен бұл жақтан да боямақ кітапшасы көзге түспеді. Тек бір-екі орысша кітапшасы қалған екен.

– Кешіріңіз, маған балалар боямақ кітапшасы керек еді – дедім бірінші дүкендегідей.

– «Раскрасканың» қазақшасын іздеп жүрсің бе? – деп өзіме осы сұрақты қайта қойды.

Түсінуін түсінді, бірақ боямаққа тілі үйренбеген сыңайлы. Сол жерде біз өзіміздің тілші екенімізді айтып, дүкен сатушысымен ашық сөйлескенді жөн көрдік.

«Боямақ деуге тіліміз үйренбеген»

Кеңсе заттарын сатушы Гүлмария Болатовадан «Боямақ деп неге қазақша айтпайсыздар?» деп сұрағанымызда «боямақ деуге біздің тіліміз, ал қазақша кітапшаға балалардың көзі үйренбеген» деп жауап берді.

– Біз балалар боямақ кітапшасының қазақша нұсқасын былтыр саттық. Бірақ орысшасы өтімді болғандықтан осы жолы қазақшасына тапсырыс бермедік. Шыны керек, қазақшасын ешкім сұрай бермейді. Әлі есімде бір жігіт баласымен келіп, боямақтың қазақшасын әпергісі келді. Балабақшада сондай тапсырма берген екен. Сенесіз бе, әлгі бала орысшасын таңдап, ақыры өзінің қалағанын алдыртты. Сол кезде әкесі күліп, «мына орысша кітаптың ішінде бірыңғай өзінің көретін мультфильмдеріндегі кейіпкерлер болған соң таңдап тұр» дегені есімде қалыпты. Шын ғой, бала үйінде қай тілде не көреді, соны алады. Бірақ сенің сұрауың бойынша мен енді өзімде балалар боямағы деп айтуды үйреніп көрейін, – деп бір күліп алды.

Біз де сәл де болса да бір адамға кітапшаны қазақша боямақ деп атауына себеп болғанымызға іштей қуандық.

Ұлттық үлгідегі балалар боямақтарын дамыту керек

Балалар боямақ кітапшасының қаншалықты пайдалы екенін №144 орта мектеп педагог-психологы Бақыткүл Сейтханова кеңінен түсіндірді.

 – Қазіргі таңда қазақи үлгідегі балаларға арналған боямақтарды шығару ерекше назардағы мәселенің бірі. Ұлттық үлгідегі боямақтар танымдық, тәрбиелік ерекше мәнге ие балаларлар кітапшасы деп санаймын. Боямақ – бұл балаларға арналған қызықты уақыт өткізу, ой мен сананың және шығармашылық қабілетті түрінің бірі. Боямақ арқылы түстік ерекшелік пен үйлесімділік қабілетке және логикалық қабілетке жол ашылады. Қазіргі күні боя түрі көп. Орыс және басқа мақтың да шетел ертегілеріне, кез келген сұранысқа байланысты бейнелерді ғаламтордан алуға болады. Ал өзіміздің қазақ ұлттық нақыштағы боямақтар аз. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беру, елімізге рухани ой-сананы қалыптастыру мақсатында қазақ ұлттық нақыштағы боямақтардың пайдасы көп деп ойлаймын. Осы мақсатта ұлттық үлгідегі қазақша боямақтар шығарумен айналысатын шығармашыл тұлғаларымыз да бар. Олардың туын ойындарын, әдебиетіміздің классиктері Абай дыларынан қазақтың ұлттық Құнанбайұлының мысал аудармаларын, Ыбырай Алтынсариннің шығармалары мен қазақ ертегілерін, тағы да басқа көптеген қазақ әдебиетінің жауһарларын жас ұрпақ жадында жаңғырту, сол арқылы балаларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ұлттық үлгідегі боямақтың танымдық, тәрбиелік мәні үлкен деп санаймын. Балалардың «Әліппеден» де бұрын қолына алатын алғашқы кітаптары боямақтар екені белгілі. Сол себепті баланың таным дүниесін жат елдің ойдан ойлап табылған кейіпкерлері арқылы емес, өзіміздің қазақы жан дүниемізге сай құндылықтарымызбен сусындатқанымыз жөн деп білемін, – деді психолог.

Бұл – Сыр баспагерлерінің базарлығы

Бала үшін суретсіз кітап кітап емес. Бала суретті ұғына отырып, танымын арттырады. Қазақ тіліндегі боямақ кітапшасын «Балалар жылында» Сыр баспагерлері тарту етті. Тұңғыш рет қазақ тілінде жасөспірімдерге арналған отандық анимациялық фильмдердің бояу кітапшалары кішкентай оқырмандардың қолына тиген болатын. Қазақ тіліндегі балалар әдебиеті мен мультфильмдер қатары қазір көбейіп келеді. Дегенмен дүкен сөрелерінде қазақ тіліндегі бояу кітапшалары сирек кездеседі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Балапан» телеарнасы мен «АSU» баспа үйі» бірігіп, отандық анимациялық фильмдердегі кейіпкерлер суреттелген бояу кітапшаларын шығарғаны белгілі. Бұл кітапшаны шығару үшін шығармашылық ұжым біраз еңбектенді. Соның ішінде «АSU» баспа үйі» ЖШС кітапшаның техникалық редакторы Бақытжан Салмырзаның айтуынша, жас өрендер сурет арқылы Әбу Насыр әл-Фараби жайында түсірілген мультсериалдағы кейіпкерлерді етене танып, ұлы ойшылдың шығармашылығынан сусындай алады. Ал екінші бояу кітабында «Сиқырлы тас» мультисериалындағы кейіпкерлер сомдалған.

– Бұл кітаптың бір ерекшелігі, бұлардың барлығы 2D форматта, эскиз түрінде қойылғанан кейін, QR кодтар қойылған. Сол арқылы «Youtube» арнасы арқылы осы «Балапан» телеарнасындағы сериалдардың әр сериясын көре алды, тамашалады. Әрі қарай өзінің қиялын дамытып, осы суреттерді өздерінің қиялымен бояйды. Бояу кітапшалары балалардың көкжиегін кеңейтіп, қиял әлеміне саяхаттауға мол мүмкіндік береді, – деді Бақытжан Салмырза.

Кітапшаның қазақша нұсқасын табу қиын

 Балаларының болашағына алаңдаған қала тұрғыны, көпбалалы ана Сәуле Темірбекқызы да өз ойын білдірді.

– Үйде «көзіңді сол нәрседен алмайсың, таңнан кешке дейін қолыңнан түспейді» деп телефонға телмірген балаға ұрсып жатамыз. Ал соның түп негізін ақтарып қарасақ, кінәлі ата-ана болады. О баста өзіміз «Ана жұмысымды істеп алайын, сен мынаумен ойнай тұр» деп тастап кетеміз де телефонға үйір қыламыз. Ол жерде бала кейде көруге болмайтын нәрселерін де қарап қоюы мүмкін. Ондай жағдайда балаға «гаджетпен ойнамайсың» деп тыйым жасауға да болмайды. Өйткені заманнан қалмауымыз керек деп ойлаймын. Балаларыма телефон ұстатамын, бірақ санаулы уақыты бар. Балаға кітап оқытуды кішкентайынан бастау керек. Содан психологпен ақылдасып, кеңесін алдым. Оның айтуынша, бастапқыда баланы кітап оқуға жігерлендіріп, оны орындағаннан кейін мақтап, марапаттап отыру қажет. Бала мақтағанды жақсы көреді, мақ­тау оны ынталандырады. Ол үшін бала ларға арналған кітаптар қызық әрі түрлі суретке толы болуы керек. Бізде әлі де болса суретті кітаптар мен әр баланың жасына сай әдебиеттер, анимациялар жетіспейді. Оған қоса балаға ең керек дүние – боямақ кітапшасының қазақша нұсқасы аз екені белгілі. Дүкеннен ала салғымыз келеді. Бірақ табу қиын. Амал жоқ, кейде орыс тіліндегі кітапшаны әпереміз, – деді көпбалалы ана.

Тілші түйіні:

Расында, балаларға арналған боямақ кітапшасының қазақша нұсқасы өте аз екенін байқадық. Бірақ дүкен сөрелерінде тұрса сатып алғысы келетін ата-аналар да табылды. Әйткенмен іздегенде жоқтың қасы… Сонымен қатар сатылымға түсетін боямақтың қазақша нұсқасының жарнамасын да жан-жақты жүргізген дұрыс. Әйтпесе шетелдің кейіпкерлерін айтпағанда «Маша мен аюды», «Көк тракторды» көріп өскен қазақ баласының болашағы не болмақ? Ал қазақ шығармалардың қай қайсысы да бүгінгі жас буын оқырмандарды оқиға желісімен, баяндау тәсілімен, суреттеу сырымен өзіне баурап елітіп әкетері хақ.

Бетті дайындаған Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: