Дүйсенбі, 20 мамыр, 01:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Күмәнді сайлау һәм күдікті теракт

06.04.2024

276 0

Сурет:serpompo2018.livejournal.com

«Әбігер әлем» айдарында апталық жаңалыққа шолу жасау дәстүр болатын. Бүгінгі мақалада сол үрдістен шегініп, ғаламдық БАҚ-та наурыз айында көп талқыланған үш оқиғаға назар аударғымыз келеді. Ол – Ресейдегі сайлау, «Крокус Сити Холл»-дағы теракт, Татарстандағы жарылыс. Байқағаныңыздай, бәрінің түйісетін тұсы Ресей қоғамы. Бізге маңыздысы неде десеңіз, аталған саяси оқиғалардан кейін Орталық Азиядағы еңбек миграциясы, халықаралық қатынас ауаны өзгерді. Бұл тұтас өңірдің экономикалық ғана емес, әлеуметтік сипаттың жаңа кейіпке енуіне итермелейтіндей. Сондықтан аталған тақырыптар аясында тәуелсіз БАҚ қандай пікірде екенін білу аса маңызды.

Сайлау сыры

Наурыз айының ортасында Ресейде сайлау өткен болатын. Айқын болжам шындыққа айналып, Владимир Путин президенттік өкілетін қайта ұзартты. Бұл жолғы саяси додада айтарлықтай бәсеке болмайтынын білген жұрт әу бастан Путиннің билігін нығайта түсетініне шүбә келтірмеген. Айтса айтқандай, ол 87,3 пайыз дауыс жинап, қайта ел басшысы атанды.

Ресейдегі сайлау секілді батыстағы БАҚ-тың да реакциясы күні бұрын белгілі еді. Адам құқығын аяққа таптаған озбыр диктаторды күстаналау идеясы жалғасып, ақпараттық соғыс асқына түскенін көрдік. Әсіресе, бесінші рет билікте қалған басшының келешек қадамы көп талқы тудырды.

«Путинді тежеудің жалғыз жолы – сайлауда жеңілісін тілеу. Егер ол алтыншы рет билікке қайта келсе, оның басшылық еткен уақыты Екатерина II басқарған мерзімнен асып түспек. Бұл – әлемге қатер. Сондай-ақ Украинадағы әскери операцияны тоқтату қиынға соғады. Осы мақсатта батыс елдері бірлесе әрекет етіп, санкцияны күшейте түсуі шарт. Оған қоса НАТО шекарасындағы әскери әлеуетті арттыру, Украинаға көмек жіберу жүйелі жүргізілгенін қалаймыз», – деп жазды The New York Times . 

Аталған басылым жариялаған мақалаларда әлеуметтік тенденцияларға жасалған талдау ерекше назар аудартты. Себебі жалғыз Қазақстан ғана емес, ТМД елдеріндегі журналистика саласында ақпарат беру біржақты. Әрине, бейтараптық сақталады, оған талас жоқ. Айтпағым, тілшілер көтерілген мәселенің саяси, құқықтық тұсын зерттегенімен, әлеуметтік-қоғамдық концепциясын тасада қалдырады. Мысалы, The New York Times президент сайлауы мен Путиннің бірнеше рет қайта билікке келуінің сырын қоғамның өзінен, болмысынан іздеген. Тілшілер «орыс – таяқ жегенді ұнататын қоғам»  деген идеяның шетін шығарып, бәріне кінәлі консервативті православ дәстүрі деген болжаммен түйіндейді.

The Washington Post, The Economist, Le Monde басылымдарына келсек, олар сайлау науқаны кезінде ереуілді ақпараттандырып, азаматтарға құқықтық бағыт бағдар беруге тырысты. Әсіресе, жергілікті билікке қарсы ресейліктер қуғынға ұшырап, соңы қылмыстық жауапкершілікпен аяқталуы мүмкін екенін  қайталаумен болды.

«Путиннің соңғы сайлау нәтижесі 2018 жылғы көрсеткіштен асып түсті. Тіпті Беларусь Түркіменстан сайлауындағы көрсеткен деңгейден де артық. Бұған аймақтағы күрделі жағдай себеп болған секілді. Соғыс көп ресейліктің Путинді жақтауына әкеліп соқты. Бұл Кремль насихатының ең маңызды тұсы. Яғни олар Украинадағы қақтығысты батыс елдерімен байланыстырып, сұм әрекетін «дәстүрлі құндылық» пен «Ресей азаттығын» қорғау жолындағы экзистенциальды майданға айналдырды. Осылайша, президент 2036 жылға дейін ел билейтін болады», – деді Le Monde басылымы.

Ескертуді елемеу немесе

Орталық Азия алаңы

150 адамның өмірін жалмаған Ресейдегі теракт – наурыз айындағы айтулы жаңалық. Тақырып аясында ақпарат ағынын аңдасақ, түрлі бағытта болжам мен таласты байқауға болады. Бірі АҚШ барлау қызметінің ескертуіне құлақ аспаған Ресей билігін кінәласа, енді бірі мобилизация үшін жасалған әрекетке балайды. Арасында конспирологиялық ұстанымға беріліп, мұның ондаған жыл алдын ала жоспарланған қадам екеніне сенетіндер де шықты. Қалай болсын, қанды оқиға ақпарат кеңістігін дүр сілкіндіргені анық.  

Сөзсіз, алғашқы тармақ болжамнан тарайды. Яғни, АҚШ, Ұлыбритания бірнеше апта бұрын террорлық акт болуы мүмкін екенін Ресейге хабарлаған. Батыс елдері БАҚ арқылы қарсы тарапқа барлау мәліметтері мен дереккөздерді жеткізгенін хабарлап, алда жүзеге асатын қанды оқиғаға қатысы жоғын аңғартты. Қызығы сол, Ресей билігі бұл мәліметтерге құлақ аспай, Путиннің өзі мұны «батыс елдерінің қоғамға іріткі салуы» деп бағалаған еді.

Алайда апта өтпей «Крокус Сити Холл» ғимаратындағы қан-қасап ұстанымның бұрыс екенін көрсетті. Мұздай қаруланған топ көзіне түскенді жайратып, жолындағыны атумен болған. Бірнеше сағаттан кейін ғана күштік құрылымдар күдікті ретінде Тәжікстан азаматтарын қолға түсірді. Ізін ала содырлар әрекетін ДАИШ ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған экстремистік топ) мойнына алғаны анықталды.

«Төгілген қан, жан сауғалаған адамдар. Мұның бәрі бейнежазбаға түсіп, желіде тарады. Сарапшылар сөзінше, бұл бірнеше апта бұрын теракт болуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарған Путиннің абыройына нұқсан келтірді. Әрі оның жаңадан сайланғанына апта да толған жоқ-тын. Сондықтан барлау қызметінің қатердің алдын ала алмауы, АҚШ ескертуіне құлақ аспауы тым күдікті», – деді CNN арнасы.       

Расында, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Адриенна Уотсон ресейлік барлау қызметіне  мәлімет жолдағанын бірнеше мәрте айтқан болатын. Батыс елдерінің Путиннің мұндай қадамына үрке қарауының мәні де сол.

Тіпті кей басылым мұны жергілікті биліктің кезекті саяси ойыны деп бағалауда. Ұлыбританиялық The Telegraph басылымының өкілі Роланд Олифант соңғы терактпен мәндес оқиғаларды сараптай келе «2002 жылы шешен содырлары теракт жасап, Мәскеуде кепілге адам ұстаған болатын. Ол екінші шешен соғысын тоқтатуды талап еткен. Сол кезде күштік құрылымның қате қадамынан көптеген кепілдегі азамат көз жұмды. Міне, бұл жолғы қылмыс исламистік содырлардың Орталық Азия мен Ресейдегі мұсылман қауымға ықпал етуге ниетті екенін білдіруде», – деген ой айтады.

Қиыны, теракт орын алғаннан кейін шекара мен маңызды нысандарда Орталық Азия елдерінің азаматтарына тексеріс күшейген. Салдарынан Ресейде жұмыс істейтін өзбек, қырғыз, қазақтар шекарада апталап жатып, тыңғылықты тексерістен өтуде. Ресей қоғамында да қарсылық туындап, Орталық Азия елдерінің өкілдерінің қызметінен бас тарту көбейді. Бұл өз кезегінде еңбек дағдарысын тудырып, көршілес елдердің экономикасына салмақ түсіруі ықтимал. Мәселен, Өзбекстан елінің экономикасында сырттағы азаматтардың елге жіберетін ақшасы шешуші рөл ойнайды.

Соңғы жаңалық – Татарстандағы жарылыс. Украина тарапы Татарстанның «Алабұға» деп аталатын арнайы экономикалық аймағына камикадзе дрондар арқылы соққы жасады. Әлеуметтік желіде тараған видеода шабуылға жарылыс қуаты күшті дрондар қолданылғанын көруге болады. Татарстанның «Алабұғасында» орналасқан «Shahed» дрондарын құрастыратын зауыт болған.

Бұл нысан Украина шекарасынан 1000 шықырым қашықта жатыр. Мамандар Украинаның мұнша алыстағы нысанды атқылауы олардың жаңа соғыс стратегиясын құрып, жаңа шабуыл барысына көшкенін білдіреді деген пікірде.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: