Жексенбі, 19 мамыр, 15:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Жаңашылдыққа ұмтылған білім ұясы

07.05.2024

526 0

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп дана халқымыз айтқандай, білім – жеңілмейтін қару, қараңғы түнде адастырмас жарық жұлдыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Лайықты азамат – өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек, жаңа ұрпақты еңбексүйгіштік идеялары мен құндылықтары негізінде тәрбиелеу керек» деген болатын.

Бүгінде Қызылорда қаласындағы көптеген мектептер осындай үдеден шығу жолында тынымсыз еңбек етуде. Сыр еліндегі осындай үздіксіз ізденістегі білім ұясының бірі – Иван Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейі.
Шаһар орталығында орналасқан киелі шаңырақтың өңір тарихында алар орны ерекше. Осы аралықта мектептен қаншама дарын түлеп ұшты.
Мектеп-лицей 50 жылдың бедерінде зиялы қауымның табан тірер нысанына айналып, білім мен тәрбиені қатар ұштаған шәкірттер ұстаз абыройын асырғаны анық. №5 мектеп-лицей 2023-2024 оқу жылы қорытындысымен пәндік олимпиада нәтижесі бойынша қала мектептері арасында 2-орынға лайық деп танылып, зор жетістікке қол жеткізіп отыр.
Бұл білім ордасы оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасап, әлеуметтік орта қалыптастырып отырғанын мақтанышпен айтуға болады. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп Абай атамыз айтқандай, жүректің жылуы, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдерін ұлт болашағының санасына сіңіре білген оқу ордасынан білім мен тәрбие алып жатқан өскелең ұрпақ өмірден өз орындарын тауып, қоғамда еңбек етуде.
– Бүгінде білім беру саласы жыл санап жаңарған мазмұн, жаңа технология көмегімен алға қадам жасауда. Талабы мен талғамы өскен қоғам мектеп қабырғасында баланың теориялық білімімен қатар, практикалық білігінің де қалыптасқанын көздейді. Оған қоса оқулықтан ғана үйретіп, ауызша талдаумен шектелетін әдістеме заманауи білім беру ісінде ескіргелі қашан. Осыған орай Қазақстан мектептерінде технологиялық игілік пен ғылыми жаңалықты алдымен мектеп оқушысына жәрдем есебінде пайдалануға күш салуда. IT құрылғылар, робот пен пәндік кабинетте жаңашылдық сезіліп, білімді жастың қатары өсіп отыр, – дейді мектеп директоры Рита Мұқашова.
2022-2023 оқу жылында мектеп оқушысы Роза Садық математика пәнінен «Зерде» жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобаның республикалық кезеңінің гран-при иегері атанды. Жетекшісі – Ғабиден Қайдауылов, математика пәні мұғалімі. Арыслан Нұрланұлы география пәнінен «Дарын» жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінің 2-орын иегері атанды. Жетекшісі – Күлзада Садықова – география пәні мұғалімі. Ангелина Белоусова – «Дарын» жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауының орыс тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық кезеңінің 3-орын иегері. Жетекшісі Роза Күзембаева – орыс тілі пәні мұғалімі.
Сонымен қатар ұлттық мектеп лигасы бес асық ойынынан облыстық іріктеу жарысында 7-8 сынып оқушылары 2-орын иеленсе, 7 «б» сынып оқушысы Көркем Кемел «үздік ойыншы» номинациясымен марапатталса, «Алтын қазына» қолөнер шеберлері байқауының қалалық кезеңінде 2-орын иеленді. Мектепте «Eco green Iab» жасыл бөлмесі биыл іске қосылды. Жоба аясында оқушылардың бас қосып, өздерін еркін, жайлы сезінуіне мүмкіндік жасау үшін арнайы кабинет жабдықталуда. Кабинетте жұмсақ орындықтар, үстел, су диспенсері, тәттілер, бөлме гүлдері, буккросинг бұрышы, теледидар, караоке болады. Бөлмені жабдықтауда да жиһаздың түсінің, дизайнының оқушыға тек жағымды көңіл-күй сыйлауын психологтардың зерттеуіне сүйеніп ұйымдастырылуда.
Білім мекемесінің ұстаздары да абырой төрінен көрінуде. Мектеп мұғалімі Ғабиден Қайдауылов Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасын иеленсе, Роза Күзембаева «үздік педагог» атанған. 2022-2023 оқу жылында мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Мектеп басшысы ұжымның алға қойған мақсаттарымен де таныстырды.
– Жекелеген пәндерден балалардың қабілетін, бейімділігін айқындап, олимпиада резервін дарынды оқушылармен толықтыру, дарынды және ерекше қабілетті балалардың ізденуіне жағдай жасау, сол арқылы білім сапасын арттыру – біздің басты мақсатымыз. Дарынды оқушының ғылыми ізденіс жұмысымен көбірек айналысуына жетекшілік ету, жағдай жасау, жекелеген оқушылармен мемлекеттік стандарт деңгейінен жоғары деңгейдегі тапсырма мен материалды көбірек қамту арқылы қатысушы емес жеңімпаз санын арттыру да біздің назарымызда. Әдістемелік пән бірлестіктегі барлық мұғалімдердің толық қамтылып, олимпиада, ғылыми жоба, байқауларға қатысуына ықпал ету, қолдау көрсету – басты жоспарымыз, – деді мектеп директоры Рита Мұқашова.


Г.ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: