Сәрсенбі, 04 желтоқсан, 13:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

«Құлагерлер» құрдымға кетті ме?

03.12.2024

236 0

Сурет: za.pinterest.com

Жылқы тұқымы азып барады. Ол кеше, бүгін айқындалған жағдай емес. Тектілігі қазақпен қатар жүретін жануарды дархан даланың иесі – қазекем сенімді серігіне айналдырған. Кешегі алыптарды жауда да, жолда да қалдырмаған «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақтың» бүгінгі тұқымы неліктен азды? Құлагер шыққан ортаның бүгінгі осалдығы неде болып тұр? Шама келгенше, тақырыпты тарқатып көрдік.

Президент көтерген мәселе

Қазаққа мінсе көлік, жесе ет, ішсе сусынға айналған Қамбар ата төлінің бүгінгі халі ел Президентін де ойландырып тастады. Өткен айда өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында осы мәселені көтерген Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар деректі ортаға салды.

– Мен Моңғолияға сапарымда өте маңызды келіссөздер жасастым. Моңғолия басшысымен бірге көптеген мәселені талқыладық. Екі көшпенді халықтың ұрпағы ретінде жылқы туралы да айттық. Моңғол жылқылары аласа болғанымен, өте төзімді әрі ұзаққа шабады екен. Біз «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы, қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Саумал мен қымыздың сан түрлі дертке шипа екені баршаға мәлім. Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн, – деген еді Президент.

Ел тарихында ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан жылқының жабы тұқымы біздің табиғатымызбен үйлесім тапқан. Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары да біздің кәдемізге асады. Әйтсе де, асыл тұқымды жылқылардың саны санамызды сан-саққа жетелеп тұр.

– Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет, – деген Мемлекет басшысы осы бағытта тиісті құрылымдарға тапсырма берген болатын.

Президент пәрменінің ішінде биылғы қазақ жылқы­сының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданғаны да қуантады. Мұнан бөлек, Үкіметке тапсырылған міндеттің ішінде Жылқы шаруашылығы институтын құру да бар. Ал егер де осы бастамалар жалғасын тауып, орындалып жатса, қазынамызға айналған Қамбар ата төлі төрге озып, мерейіміз үстем бола түспек.

Президент азайды дейді, басқарма көбейді дейді. Кімдікі дұрыс?

Астанада айтылған мәселе Сырда қалай екен? Өңірдегі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың 1 қарашасына 417,8 мың бас мүйізді ірі қара, 811,4 мың бас қой мен ешкі, 251,6 мың бас жылқы, 65,3 мың бас түйе және 119,5 мың бас құс тіркелген. Есепті кезеңде 29 мың тонна ет (тірі салмақта), 38,1 мың тонна сүт және 6,2 млн дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда өсім бар екені айқындалып отыр. Ал негізгі тақырыпқа келсек:

«Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыста асыл тұқымды малдың басы артып келеді. Облыс бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарына асыл тұқымды мүйізді ірі қараның саны 15,6 мың басты (үлес салмағы 4,0%),  асыл тұқымды қойлар 185,0 мың басты (үлес салмағы 25,3%), асыл тұқымды жылқы 3,2 мың басты (үлес салмағы 1,4%), асыл тұқымды түйе 0,3 мың басты (үлес салмағы 0,5%) құрады», – делінген басқарма мәліметінде.

«Асыл тұқымды жылқы

қағазда ғана тұр…»

Сырдағы жылқы ұстайтын көп азамат ветеринария ғылымдарының кандидаты Дәулет Ибрагимовты жақсы таниды. Бүгінде ол «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Оңтүстік Қазақстан ветеринария ғылыми-зерттеу станса­сы» филиалында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Бойдағы білімін кәдеге асырып, елдің ықыласына бөленіп жүрген азамат. Оның айтуынша, осы күні асыл тұқымды жылқы деген ұғым тек қағазда ғана тұр.

– Жоба атауын «Асыл тұқымды мал басын арттыру» деп нықтап, жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант, субсидиялар алады. Бұл жерде мынаны қаперге алу керек, бұрын өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығы деп бір шаруашылыққа статус беретін. Кейін осы іспен айналысқысы келгендер тұқымды әлгі шаруашылықтан алатын болды. Ал қазір бұл статусты шаруашылыққа емес, мал басына беретін болды. Сонда есептеңіз, мың бас асыл тұқымды жылқы болса, мың статус бар деген сөз. Енді былай зерттейік, асыл тұқымды мал басын арттырамыз дегендер ол тұқымды қайдан алады? Бізде жоқ қой. Міне, атам заманда өліп қалған бір асыл тұқымды жылқының құжатын тауып алады да, өзінің үйірдегі жылқысына рәсімдей салады. Сосын тағы бір мәселе, асыл тұқымды жылқы алып, оны бордақылайтын да жобалар бар. Оны бордақылағанда кімге пайда? Ол үш ай бағымда тұрып, сойылып кетеді. Не ұрпағы да қалмайды. Ол көбейту емес қой, – дейді Дәулет Ибрагимов.

Біз бұл жағдайды тексермекке ватсап желісіндегі мал шаруашылығының топтарына «Асыл тұқымды жылқылар сатып аламын» деп хабарландыру бердік. Көп ұзамай-ақ, Қызылорда қаласының аумағынан «Құжатсыз мұғалжар жабағылары мен тайлары бар» деп, бір­неше азамат хабарласты. Құжатымен де бар екен, тайлары миллион теңге тұрса, биелері құжатсыз 1,5 млн, құжатымен 2 миллион теңгеден басталады. Ал айғырларының бағасы тіпті бірнеше миллиондардың басын айналдырып жібереді.

Құжат та саудаға түскен кезеңде біздің өңірде асыл тұқымды жылқы шаруашылығы деп жоба ашып, оның қаржысын алғандар қалай амалдар екен?

– Аралдағы бұрынғы «Құланды» жылқы зауытының ізін алып қалған кәсіпкерде мұғалжардың құланды түрі бар еді… Қазір хабарым жоқ, бір болса, сонда ғана бар, – дейді ғалым.

Жаңа тұқымға дейін қолда барды сақтап қалу да – үлкен күш

– Президент Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. Ол – өте жақсы бастама. Бірақ бізде маман мәселесі қалай болады екен?! Мені осы ойландырады. Институт ашылғаннан кейін онда қыруар жұмыс болады. Ол үшін білікті мамандар керек. Біраз уақыт бұрын бір мемлекеттік колледжде жұмыс істедім. Бір күні мұғалімдердің сабақ жоспарын қарасам, «Жылқы­дағы тейлериоз ауруының алдын алу» деген тақырып бар екен. Айналайын-ау, тейлериоз – өт ауруы, ол сиырда болады. «Жылқыда өт жоқ» деген сөз қайдан шыққанын қарауға болады ғой. Әлгі мұғалімге осыны айтсам, күледі. Міне, осындай мұғалімдер маман тәрбиелеп жатыр. Теория бар, практика жоқ. Ал біз сонда қандай маманға сенім артамыз? – дейді Д.Ибрагимов.

Ғалым жаңа түрді ойлап табудың қажеті жоқ екенін айтады. Қазір бар күшімізді осы түрді аман сақтап қалу жолына жұмсау қажеті туындап тұр.

– Асыл тұқымды жылқылар деп көп жағдайда ағылшын, араб тұқымдарын айтады. Олар біздің ыстық-суыққа, маса-сонаға шыдамсыз келеді. Терісі жұқа болады. Осы тұқымнан айғыр болса, ол жаны қиналғанда үйірді тастап, кетіп қалады. «Байтал түгіл, бас қайғы» деген сөз тура осыларға қаратып айтылған тәрізді. Қолдан будандастырып шығарған соң оларда ауруға төзімділік, тектілік тәрізді қасиеттер қалмайды, тек жүйріктігі ғана сақталады. Оларда өзінен шыққан құлындар айғыр бола алмайтын қазақы жылқылар тәрізді тектілік болмаған соң, бір-бірімен шағылыса береді және бара-бара тұқым азып кетеді, – дейді білікті маман.

Ауылда әрбір күні аттың үстінде өтетін ағамыз Серік Ақышев бұл ретте де өзінің пікірін білдірді. Ол жылқы тұқымын аздырып алмаудың қамымен біраз ізденетінін айтты.

– Мәселен, айғыр ауыстыратын кезде жылқының шыққан аумағын білу керек. Бір-біріне жақын ауылдар­дың өрісі бір. Сондықтан сіз салайын деп жатқан үйір­ден шыққан болуы да ғажап емес. Араға бірнеше ауылды тастап, алыстау жерден алып салған дұрыс. Қазір көпшілік жылқы тұқымын жаңартпайды. Соның салдарынан жылқылардың майдаланып бара жатқаны жасырын емес. Үйір ұстайтын азаматтар осыны есте сақ­та­­са деймін. Бірақ Мұғал­жар тұқымы біздің өңірге жерсінбейді. Ол жақта ашық дала, біз жақта қалың тоғай. Маса-сонасы да бөлек. Сондықтан ірі болады, сүтті болады деп климаты өзгеше аймақ­тардан мал алмаған абзал. Ал кешегі Президенттің Жылқы шаруашылығы институтын құру бас­та­ма­сын қолдаймын. Өйткені қазақ қазақ болғалы ат үстін­де келеді. Осы құнды­лығымыздан айыры­лып қалмауымыз ке­рек, – дейді Серік Дауылбайұлы.

Атақты Абай ең ал­ғашқы дауды шешкен сәтте Құнанбайға келіп, «Әке, көр­діңіз бе, дауды әділ шештім. Нағашы­ла­рыма тартқаным­нан болса керек» депті ғой. Сонда Құнанбай жай ғана жымиып: «Бәйгеде озып келген тұлпарды да әкесіне қарап танушы еді, пәлен айғырдың баласы деп», – деген екен. Ат үстінде жүретін азаматтардың айғыр мықты болсын деп, бірінші ба­ғытқа осыны қоятынының да себебі бар емес пе?! Десек те, сол айғырға баса мән беретіндердің де қатары сиреген. Сапаға емес, санға жұмыс істеп жүргендер жетіп артылады.

– Қазір тұқымға емес, сапаға емес, санға, мал басына жұмыс істеп жатыр. Тіпті, мемлекеттік қолдаудың өзі жөнді емес. Жылқының субсидиясы шошқанікінен әлдеқайда аз. Кей ауылдарда мал тұқымын былай қойғанда, тамағын тауып беруге де шамасы келмей жатыр, – дейді Дәулет Ибрагимов.

«Ауру – астан, дау – қарындастан»

Қазір елде бұрын-соңды көрмеген мал аурулары бар. Биеге құлын ермей, ұрғашы малын пышаққа іліп жатқандар да көп. Экологиядан көре салу оңай, бірақ бұрын да осы табиғатта өскен төрт түліктің бүгінгі көрінісі ойландырып тастайды.

– Мұның бір-ақ жауабы бар, – деді алысқа көз тастаған ветеринар-ғалым. – Бұрын, рас мал ондай көп ауырмайтын. Өйткені жазда жайлауға, қыста қыстауға көшкен малшылар мал мен ауру арасындағы тізбекті үзіп отыратын. Бір жерде тұралап қалған малға мың дерт жабысады. Көшіп-қонып жүру керек. Бір сөзбен айтқанда, бізде зооветеринариялық мәдениет қа­лып­тас­паған. Көшу – аурудың жолын үзу.

Тілші түйіні. Тоқпақтай беріп, қайтеміз, тобықтай түйінін айтсақ, қостанайлық жылқы тұқымын өсіруге маманданған «Қазақ тұлпары» серіктестігінде жүзге де жетпейтін асыл тұқымды жылқы қалыпты. Ал Сырдағы 3,2 мың асыл тұқымды жылқының да нақты түр-түсін білетіндер айтпаса, оған да сеніммен қарау қиын. Әйтсе де, теория мен қағаз нақты сенімге жетелемейді, жағдайдың шын көрінісі – тәжірибе. «Құлагерлер» құрдымға кете ме, тұғырға шыға ма, ол жағын келер күннің еншісіне қалдырайық.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: