Жексенбі, 13 сәуiр, 01:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№26,2139
12.04.2025
PDF мұрағаты

Сапа – басты орында

12.04.2025

154 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Сырдағы жол құрылысы он жыл бұрынғымен салыстырғанда едәуір дамыған. Бұрынғы сапасы сын көтермейтін жолдар бүгінде жоқтың қасы. Қайсыбір жылдары салып біткен асфальтті талапты сақтамағаны үшін бұзып, қайта жасаған мердігерлер де болды. Кәсіп еткен соң шығынға ұшырағысы келмейді. Сондықтан олардың әрекеті өзгелерге үлгі болған да шығар… Қазір мердігерлердің көпшілігінде жауапкершілікті сезіну бар.

Егер де Қызылордадағы жол құрылысы жөніндегі ең үздік үштікті атап айтар болсақ, сапаға қарап айтар әр азамат «Қыран», «УАД» және «Қызылорда жолдары» мекемесін айтар еді… «Сапа керуені» іс-шарасы аясында біз Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандарымен бірге өңірдегі асфальт-бе­тон зауыттарының жұмысымен таныс­тық.

Алдыңғы нысанада «УАД» серіктесті­гінің зауыты ілінді. Ұзақ жылдардан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан ірге­лі кәсіпорынның өндіріс аумағында екі асфальт шығаратын заманауи зауыт ор­натылған. Мұнда жол құрылыс материал­дары италияндық технологиямен өңделе­ді. Әр асфальт жабындысының өзіндік қос­палары, нормативтік талаптары сақталған.

– Асфальт әртүрлі фракциялық қиыр­шық тастан құралады. Маңызды ком­паненттің бірі – битум. Мынау қиыршық тас иленген үлкен қазандыққа 150 градуста қыздырылған битум құйылады. Және ол автоматтандырылған басқарумен тиісті мөлшерде беріліп отырады. Шамамен бір сағаттың ішінде біз қажетті шикізатты аламыз. Бізде қазір екі асфальт-бетон зауыт бар. Біреуі сағатына 210 тонна, екіншісі 180 тоннаға дейін асфальт шығарады. Өндіріс Еуропаның озық технологиясына негізделген. Ең бастысы сапаға баса мән береміз, – деді «УАД» ЖШС директорының орынбасары Мұрат Сәрсенбаев.

Зауытта 200-ден астам адам жұмыс істейді. Күннің аптап ыстығында қайнап тұрған асфальтты дайындаудан бөлек, жанында тұрудың өзі қиын екені анық. Осы ауыр жұмыстың бел ортасында нәзік жандар да бар екен. Мәселен, Жұлдыз Сағындықова кәсіпорында зертхана ин­женері болып жұмыс істейді. Ол зауыттан шығатын асфальт құрамын күнделікті жіті қадағалап, материалдардың сапасын ұдайы тексеріп отырады.

– Осы салада еңбек етіп жатқаныма 15 жылдай болды. Шаң-тозаң, қайнаған өндірістің ортасында жүру қыз бала үшін оңай шаруа емес. Бірақ маған өз жұмысым ұнайды. Әріптестерімнің көбі ер азаматтар болған соң маған ауыртпалық салмайды. Қажет кезде үнемі көмектесіп отырады. Зауытта асфальтқа қосылатын құмнан бастап, қиыршық тасқа дейін зертханалық тексеруден өтеді. Кейде жолдарға шығып, асфальт жабындысынан сынамалар аламыз. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олқылық анықталса дереу қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз, – дейді ол.

«Қыран» компаниясы туралы айтар болсақ, кешегі Ұлытау облысына дейінгі асфальтті 5 компания ұтып алса, соның 4-еуі қытайлық компания болатын. Халық­аралық стандартқа сай жұмыс істеп, өзінің сапалы жұмысымен танылған «Қыран» компаниясы бесіншісі болды. Осыдан-ақ мекеменің дәрежесін ескере берсеңіз болады. Мекеменің қала іргесіндегі асфальт-бетон зауытының жұмысы да жолға қойылған. Өндірісте украиндық технологияны пайдаланып отыр. Мұнда қазір күніне мың тоннаның көлемінде асфальт шығарса, маусым ортасында бұл көрсеткіш екі мың тоннаға дейін ұлғаяды.

– Қиыршық тасты Жаңақорғанның Шалқиясынан әкелеміз. Өйткені бұл асфальттің сапасына бірден-бір әсер ететін шикізат. Мәселен, Шиеліден келе­тін тас көбіне бізге жарамайды. Кез келген материалдың сапасын тексеріп барып, өндіріске пайдаланамыз. Қазір барынша қажетті шикізат қорын жинап алып жатырмыз. Өйткені маусым қызған шақта жаңадан салынып жатқан жолдарға асфальтты үзбей жеткізуіміз қажет. Қазіргі таңда қаланың өзінде бірнеше жобамыз бар. Алдағы уақытта Ақтөбе облысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін кеңейту жұмыстарына қатысуды көздеп отырмыз. Бергі жағы Түркістан облысында күре жолды жөндеу жұмыстары бар. Біздің мекеменің әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары. 300-ге жуық адам осы кәсіпорынның арқасында отбасын асырап отыр. Сондықтан әрбір жолымызды талапқа сай, сапалы жасауға ұмтыламыз, – деді «Қыран» ЖШС асфальт-бетон зауыты басшысының орынбасары Абсұлтан Ибрагимов.

Сапа – басты орында

Бүгінде облыс аумағында 23 асфальт-бетон зауыты жұмыс істейді. Жол активте­рі сапасының ұлттық орталығы маманда­ры жыл сайын бұл кәсіпорындардың техникалық мүмкіндіктері мен қондырғы­ларының талапқа сәйкестігін тексеріп, ұдайы бақылау жүргізеді.

– Сәуірдің алғашқы күнінен бастап аймақтағы асфальт-бетон зауыттарына тексеру жүргізіп келеміз. Әзірге 15-інің тиісті сертификат құжаттары мен материалдық-техникалық базасын бағалап шықтық. Жалпы асфальт-бетон зауытына қойылатын міндетті 16 талап бар. Соның әрқайсысын тексеріп, нормативтік талаптар бойынша қорытынды береміз. Егер кем­шіліктер болса, тиісті сын-ескертпе беріп қайта түзетуге уақыт беріледі, – деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ инженері Асылбек Қапбазов.

Шикізат өзінен шығып, өнімді өзі дайындайтын қайсыбір кәсіпорынның болса да, экономикалық қуаты мығым болады. Қызылордадағы жол құрылысына атсалысып жүрген компаниялардың асфальт-бетон зауыттарындағы қайнаған тіршілік мол сұранысты көрсеткендей. Басты орынға сапаны қойғаны қуантады.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: