Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 06:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Смартфонсыз сабақ»: Білім сапасы мен бала денсаулығы кімді ойландыруы керек?

24.12.2024

185 0

Қазір смартфонсыз жасты да, жасамысты да елестету мүмкін емес. Тұрмыспен бірге санаға да енген техниканың адамға орасан зор кесірі барын білсек те, одан бас тарту қиын-ақ. Әсіресе мектеп оқушыларының смартфонға тәуелділігі алаңдатады.

Жалпы мектеп қабырғасында смартфон пайдалануға тыйым салу бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Дегенмен білім саласының мамандарының өзі оның мүмкін еместігін айтқан. Себебі салаға қатысты бастамалардың өзі оқушыны гаджетке тәуелді етеді-мыс. Соған қарамастан смартфоннан бас тартып, білім сапасын арттыруды көздеген білім ұясы да бар екен. Алайда бұл оқу сапасына айтарлықтай әсер етпеген көрінеді. Осылайша смартфон мәселесі де жабулы күйінде қалды.

Жуырда ел астанасындағы бірқатар білім ошағында оқушылар  смартфоннан бас тартты. Астана қалалық білім басқармасының мәліметінше «Смартфонсыз мектеп» пилоттық жобасы аясында оқушылар бірінші сабақтың алдында ұялы телефонын арнайы ұяшықтарға салып қояды. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттыруға, оқушылардың ойлау қабілеті мен психологиялық денсаулығына оң әсер етпек. Сондай-ақ балалар смартфонға арналған ұяшықты еңбек сабағында өздері қолдан жасамақ. Расымен, смартфоннан келетін зиянды ескерсек, әрі сабақ барысында баланың тек білім алуға уақыт бөлгенін қаласақ, бұл – құптарлық іс.

Жалпы смартфонға тыйым әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, АҚШ, Франция, Әзербайжан, Тәжікстан және Грекия елінде оқушыға сабақ барысында смартфон ұстауға қатаң тыйым салынған. Себебі смартфонның балалардың назарын шоғырландыруға, оқуға және психикалық денсаулығына кері әсерін тигізетіні зерттелген. Осы орайда бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім ошақтарында смартфонды шектеуді қолдайтынын айтады.

– Еске сала кетейін, өткен жылы біз сабақ кезінде телефондарды пайдалануға тыйым салатын заң қабылдадық. Бірақ басқа елдер одан да қатаң шараларға көшті. Мысалы, Ұлыбритания және көптеген еуропалық елде мектеп ғимараттарында смартфондарды пайда­лануға қатысты қатаң ереже енгізілді. Менің ойымша, Қазақстан мектептеріне осы тәжірибені пайдалану мәселесін талқылау қажет. Ата-аналармен бірге бұл шаралардың қажеттілігін ашық талқылап, балаларға қолайлы білім беру және даму ортасын жасау маңызды, – деді депутат өзінің Telegram-арнасында.

Сонымен қатар халық қалаулысы бұған қатысты бірқатар ұсынысын жеткізген. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерге қолжетімсіз, ата-аналармен байланыс жасауға мүмкіндік бере­тін батырмалы телефондарды немесе сағаттарды қолдануға рұқсат беру, мектептерде смартфондарды арнайы сақтау орын­дарын ұйымдастырып, балалардың оларды тек төтенше жағ­дайларда қолдануын қамтамасыз ету керек. Бұл өз кезегінде смартфондардың білім беру ортасына тигізетін зиянын азайтып, сапалы білім мен тәрбиеге назар аударуға мүмкіндік бермек.

Жақында әлемдік сөздік қорға «brain rot» жаңа сөз тіркесі қосылды. Бұл қазақ тілінде «ми шірігі» деген мағына береді. Оксфорд университеті енгізген бұл тіркес адамдардың смарт­фонға тәуелділігінен туындап отыр. Мұны зерттеген америкалық нейробиологтың сөзіне сенсек, адам миында «хабенула» деп аталатын шағын, бірақ маңызды аймақ бар екен. Бұл мидың шешім қабылдауына және құлшынысына жауап береді. Аталған аймақ күні бойы ми қабылдаған алаңдаушылық пен негативтен шаршап, құтылғыңыз келген кезде іске қосылады-мыс. Өкінішке қарай, адамның бұл күйден шығуы қиын көрінеді. Себебі хабенула адамның әрекетке деген құлшынысын өшіреді. Соның салдарынан есте сақтау қабілеті нашарлап, адам зейінін де, өмір сүруге деген құлшынысын да жоғалтады. Ғалымдар бұған бір сөзбен «мидың шіруі» деген баға берген.

Адам миының шіруіне бір смартфонның өзі жететінін ғалымдар осылай дәлелдеуде. Күні бойы телефоннан бас көтермей, әлеуметтік желідегі түрлі мән-мағынасыз дүниеге әуестеніп, уақыт жоғалтатындар мұны ескеруі керек сияқты. Ал сана-сезімі енді қалыптасып келе жатқан балалардың денсаулығын ерте жастан құртпас үшін алдымен ата-ананың баса мән бергені жөн болар.

Абай атындағы 3 тілде оқытатын дарынды балаларға арнал­ған мамандандырылған сыныптары бар мектептің математика пәні мұғалімі Гүлжан Сәдуақасова сабақ барысында оқушы­лардың смартфон қолданбау керегін айтады. Оның айтуынша, мұғалімнің сапалы сабақ беруіне де, баланың сабақты толық игеруіне де кедергі келтіреді.

– Оқушы мектепте білім алуға берілетін 6 сағат уақытты тиімді пайдалануы тиіс. Смартфон ұстау қазіргі заман талабына сай болғанымен оны ретімен қолданған жөн. Телефон, гаджеттің денсаулыққа зияны туралы көп айтылуда. Дегенмен оған бас ауыртқымыз келмейді. Әсіресе, оқушылардың смартфонға тәуел­ділігі ата-аналарды толғандыруы керек. Өз басым сабақ барысында оқушылардың смартфонын жинап аламын. Бастапқы да оқушылар қарсы болған. Мұны ата-аналар да қолдаған соң қазір оқушылар да үйренді. Мұғалім сабақ түсіндіріп жатқанда оқушының бар ойы тек оқуда болуы керек. Әрине, смартфонның тиімді тұстары да бар. Мәселен, оқушының білім деңгейін тексеруде кейде арнайы платформалар арқылы тест тапсырады. Сондай сәтте смартфон қажет болады. Сол үшін қажет кезде ғана қолданған дұрыс. Өкініштісі сол, балалар қазір әлеуметтік желілердегі 1-2 минуттық қысқа бейнелерді көруге дағдыланған. Бұл баланың есте сақтау қабілетін, зейінін  төмендетеді. Оның орнына өз жасына сай кітап, газет-журнал оқыса оқушының зерек болуына үлкен көмегі болар еді, – дейді Гүлжан Сайранқызы.

Бүгінде смартфонның адам денсаулығына, оның ішінде психикаға тигізетін кері әсері терең зерттеліп, ғалымдар тарапынан дәлелденіп келеді. Десе де смартфонға тәуелділікті жоя алмай тұр.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: