Сейсенбі, 24 желтоқсан, 23:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тасбөгеттегі тынымсыз тірлік

23.04.2024

716 0

Тасбөгет кентінде көктем келгеннен қарбалас жұмыс басталып кетті. Тұрғындардың сұранысына сай кенттегі Ғ.Мұратбаев, Қ.Исмайлов-1,2  көшелеріне түнгі жарықшам орнатылып, бүгінде оның  игілігін ел көре бастады.

Кент әкімінің орынбасары Ж. Байқадамовтың айтуынша, кенттегі ұзындығы 12,7 шақырымды құрайтын Н.Өткелбаев, Ә.Жангелдин, А.Жанкин, Ж.Әбілқасымов, С.Сейфуллин және З. Мәмбетов көшелерінің мемлекеттік сатып алу конкурсына 34 млн теңге бөлініп, қажетті құжат дайындалуда.   Бұған қоса кент әкімі аппаратының өзін-өзі басқару шотынан қаржы қаралып, А. Құнанбаев көшесінің соңғы бөлігі мен  Тәуелсіздік көшесінің бас жағы және Көпірбаев көшесі жарықтандырылмақ.

– Кенттің шеткі көшелері Ғани Мұратбаев, Қуаныш Баймағанбетов және Әлия Молдағұлова көшелеріне ЖК «Досанова» мердігер мекемесімен 6 аялдама орнатылуда. Жоба құны 5 млн теңгені құрайды.  Сонымен қатар кент әкімі аппаратының өзін-өзі басқару шотынан тағы 3 аялдамаға қаржы бөлінбек.

Жаяу жүргіншілер жолын салуды да бастап кеттік. Әлеуметтік нысандар шоғырланған Ш.Есенов, Ғ.Мұратбаев, З.Шүкіров, Ә.Сапарбаев, О.Сейтпенбетов, Ә.Оразбаев көшелеріне «Алем Транс Жол» ЖШС мердігер мекемесімен келісімшарт аясында  124 млн теңгеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Кент аумағы  көгалдандырылуда. Амангелді көшесінің бойынан арық қазылып, демеуші есебінен 2 аяқсу насосы орнатылды. Ерте көктемнен ағаш отырғызып, күтімге алып жатырмыз, – дейді кент әкімінің орынбасары.

Кентті аралағанда байқағаны­мыз мердігер мекеме ауызсу құдықтарына жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Бірнеше жыл жөндеу көрмесе,  бұл құрылғы шіріп, суды ластайтыны белгілі. Бұл сөзімізді «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының аумақ басшысы Руслан Сүлейменов қуаттап отыр. Оның айтуынша,  биыл Тасбөгет кентінде 30 ауызсу құдығы күрделі жөндеуден өтпек. Бұл құдықтардың 2009-жылы салынғанын ескерсек, тозығы жетіп шіріп және ашып-жабу ысырмасы және өрт гидранты толық істен шыққан. Жөндеу жұмысын «Эквотэк» ЖШС мердігер мекемесі атқаруда.

– Жұмыс екі жарым айға созылады. Сапалы, таза су ішу үшін құбыр жаңару керек. Негізінен Сапарбаев пен Баймағамбетов көшесінің бойын­дағы құдық құрылғысын ауыстырып жатырмыз. Бұрын бір үйден су жарылса, бүкіл Тасбөгетті сусыз қалдыратын едік. Екі көшедегі су құбырын ауыстырсақ, жөндеу жұ­мысы кезінде көшенің су құбырын жабамыз да суды бере береміз. Қазір құбырлардың сапасы төмен. Сон­дықтан 3 жылда бір  ауыстырамыз. Жаңа құрылғының тиімдісі – бір көшеде аяқастынан құбыр жарылса, бүкіл кенттің суын өшірмей сол аумақты өшіріп, жөндей береміз. Бұрын бұл құрылғының қалақшасы темір болып шіріп кететін, қазіргі жаңасы пластиктен істелген, төзімді, – дейді ол.

    Г.АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: