Дүйсенбі, 20 мамыр, 01:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Төзімдінің кәсібі

23.01.2024

143 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Халқымызда «Ерінбеген етікші болады» деген мақал бар. Таң шапағымен таласа тұрып, біз бен жіпті жанына серік қылатын етікшілердің еңбегі нағыз бейнет. Біз осы кәсіптің қыр-сырын білу мақсатында ескі базар маңындағы Сағилат Сүйіндіков есімді етікшіге жолқтық.

«Бұрын Өзбекстанда етікшілікті арнайы мамандық қылып оқытқан. Қазір бұл мамандық жойылып, тек кәсіпке айналды», – деді етікші Сағилат Сүйіндіков. Әркім несібесін әр жерден табады. Бірінің тұрақты жұмысы болса, бірінің кәсібі болады. Кейіпкеріміздің бұл саламен айналысып жүргеніне жиырма жылдың жүзі болыпты. – 2004 жылы жұмыс таппай, әр істің басын бір шалып жүрдім. Қиын-қыстау қилы заманда табыс көзін іздедім. Жиен ағам ұстазым болды. Бірге жұмыс істеп, әр ісіне мұқият зер қойып үйрендім. Бұл – етікшілік өнері менің қанымда бар. Арғы ата-тегімнен маған жеткен мұра деп білемін. Атам Сүйіндік – темір ұстасы, әкем қалада танымал аяқ киім тігетін ісмер болған. Қазіргі таңда ұлым да менің ізімді басып, етікші болғысы келеді,– деді кейіпкеріміз ағынан жарылып

Сұрастыра келе аяқкиім шеберлерінің бір күндік табысы бес мыңды құраса, күніне екі мың теңге нәпақа тапқанына қуанып отырған етікшілер де бар екенін білдік. Бас-аяғы он шақты аядай дүңгіршекте жиырма бес шебер отырады.

– Отбасымды күнделікті табысыммен асыраймын. Күніне бес мың тапсам, шығыным екі мың теңге. Жаздан гөрі, қыста табыс жоғары. Жеңіл аяқ киімді жөндеу мың теңгені құраса, қыстық етіктің ақысы екі мың теңгеге дейін жетеді. Қазір ісіміз айтарлықтай жүрмей тұр. Тұтынушылар да аз. Оған себеп арзан аяқкиімнің нарықта кө­беюі, – деді етікші.

Етікшіге қажет шикізаттар: қайыс, былғары, жіп, желім. Құрал-саймандары біз, түрпі, балға, шеге, тетір пышақ және аяқкиім тігін машинасы. Бұл құрал-сайманның барлығы тікелей Қытайдан келеді екен. Сағилат аға етікшілік кәсіпке екі шәкірт баулыған. Екеуі де өз ісінің маманы, осы кәсіпті жанымен түсінетін ісмер екенін айтты. Қазіргі таңда алып шаһарда төбе көрсетіп, өз шеберханаларын құрған. «Ұстаздан шәкірт озады» деген осы.

– Арманым қалада аяқкиім өңдеу өндірісі болса деймін. Өзім жаңа сәнмен түрлі аяқкиім жасап шығарар едім. Кезінде етікшілерге аяқкиім өндірісі бойынша жеке тұлғалардан ұсыныс болды. Айлығы мардымсыз болғандықтан бас тарттық. Барлығы ақшаға келіп тіреледі. Мемлекеттен екі рет қайтарымсыз грант алуға талпындым. Егер етікшілерге қолдау болса, еліміздің өндірісіне үлесімізді қосар едік. Бұл – менің ғана арманым емес, барлық ісмердің арманы. Баста осы кәсіпке бет бұрғаннан кейін қазір орта жолға келгенде тастап кете алмаймыз. Атадан келе жатқан өнерді дарытып жатқаным жетістігім деп білемін. Ал өкінішім, егер етікші болмасам, аты әлемге мәлім спортшы болар ма едім. Себебі бала күнімнен спортқа жаным құмар,– деді Сағилат аға.

Өткен жылдың көктемінде әкімдік қызылордалық аяқкиім шеберлеріне арнайы 164 шаршы метр етіп шеберхана салып берген. Тиімдісі, дүңгіршек үшін салық төлемейді. Алайда шеберлер орналасқан жерде не жарық, не жылу жоқ. Етікшілер қытымыр аязда тісі сақылдап бүркеніп отыруға мәжбүр. Егер жарық беріп, шеберхана орнын кеңейтіп берсе, электр машинасын қолданғылары келеді. Етікшілер тағы бір ұсыныс айтты. Олардың айтуынша, халық кешке дейін жұмыста болады. Жұмыстан кейін аяқкиімін жөндейтін шебер таба алмайды. Егер жарық болса, түн жарымына дейін жұмыс істеп халық үшін де игі іс атқаратынын жеткізді ісмерлер қауымы.

Табысы күнкөрістен артылмайтын етікші «бала-шағаның қамы үшін жүрміз. Күніне тапқан үш мың теңге табыс өзімізге жаңа етік алуға да жетпейді» деп өз мұң-мұқтажын айтты. Бұл «Етікші етікке жарымас» дегенді еске салады екен.

Марина Сағидатбек

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: