Жұма, 14 маусым, 17:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46-2056
11.06.2024
PDF мұрағаты

Жекешелендіру:
жеңіс пе, жеңіліс пе?

18.05.2024

181 0

Сурет:kapital.kz

Ескі дәуірдей ортақ меншік, жалпыға бірдей игіліктің заманы өтті. Нарық қағидасында әрбір азамат алпауыт компаниядан шағын цехқа дейін дербес иелік ете алады. Тіпті тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет меншігінде болған нысандар жеке адамның иелігіне көшіп, экономиканың жаңа белесі басталғаны бар. Бүгінде бұл үрдіс жаңа сипатқа еніп, қойылатын талап түрленген.
Көбісі жекешелендіру үрдісі өткен ғасырдың соңындағы өзгеріс деп түсінетіні жасырын емес. Алайда аталған қазір де саяси шешім жалғасуда. Мәселен, мемлекет бірнеше жыл көлемінде жекешелендірудің жаңа толқынын бастап, стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар нысандарға дейін жекенің меншігіне беруді көздеп отыр. Мұның тиімді-тиімсіз тұсы туралы талқы көп, алайда экономикалық пайдасына ешкім шек келтіре алмайды.
Мәселе – құнда. Яғни нысанның нарықтық бағасында. Алаң да осы тұста туып отыр. Себебі 90-жылдардың бас кезінде көптеген балабақша, мектеп, әлеуметтік нысан азғантай қаржыға жекенің қолына өтті. Ақшасы барлар қос-қостан кәсіпорын алып, бір сәтте табысты адамға айналып шыққан оқиғалардың куәсі де болдық. Қаншама қаңыраған балабақша, мәдениет үйі, кітапхана бір-ақ сәтте сәулетті мейрамхана мен тойханаға айналып шыға келді. Әрине, сол кездегі үкімет тәжірибенің аздығы, халықтың сатып алу әлеуетін де ескерген болар, салаға аса маңызды талап қоймады. Кейін бейберекет қолды болған нысандарды миллиондаған қаржыға кері сатып алды. Мұндай қателік қайталанбас үшін жекешелендірудің жаңа толқынында талап пен құн ерекше бақылауға алынған.
Сонымен, жекешелендірудің жаңа толқыны жүруде. Тиісті министрлік «2021–2025 жылдары жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдардың тізбесін» жекенің меншігіне өтуі ықтимал нысандар тізімін жариялаған болатын. Мәселені реттеу үшін Үкімет арнайы қаулы қабылдап, жобаның жүзеге асу жолын жүйелеуге талпынды. Аталған қаулы өткен жылдан бастап күшіне енеді. Бұл жолғы өзгеріс те тым ерек. Сала мамандарының сөзінше, өңір басшылары әкімдікке қарасты кәсіпорын-компанияны қалаған кәсіпкерге беріп, онымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісіміне отыра алады. Бұл «бармақ басты, көз қысты» әрекет белең алады деген сөз емес. Есеп пен сұрау жетерлік. Мәселен, министрлік жылына екі мәрте ашық алаңда есеп беруі міндеттелген. Оған сәйкес, қандай актив қаншаға сатылғаны, қай кәсіпорын инвесторлардың қызығушылығын тудырмай, жойылғаны, қайсыларының МЖӘ жобасына айналғаны туралы толыққанды есеп ұсынылады. Бұл бақылау ғана емес, талдау жүргізуге де жол ашары анық.
Реті келгенде айта кетейік, 2021-2025 жылдары 137 республикалық меншік жекеге өтпекші. Бұл толық цифр емес, тізбе ұлғаюы мүмкін. Ал ірі ұлттық компаниялар инвесторлармен әріптестік немесе ІРО-ға шығу жолымен жекешелендірілмек.
Екінші толқынның пайдасы тек қаржыда емес. Жоба аясында самсаған компанияларды өзара біріктіріп, жүйелі басқару формасын жасауға мүмкіндік туған. Бұл өзгеріс туралы қаржы ведомствосы мәлімдеген:
«Жекешелендірудің екінші толқынында «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» «Самұрық-Қазына» ұлттық холдингінің құрамынан шығарылады. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының 6 компаниясын бәсекелестік ортаға тапсыру көзделсе, ұлттық әл-ауқат қорының 6 ұйымындағы жекелеген қызмет түрлері қысқартылады», – деген еді.
Әрине, кез келген бастамаға сын-пікірдің айтылуы орынды. Жекешелендіруге қатысты да сарапшылардың ұстанымы әрқилы. Бірі жекешелендіру экономикалық баланысты бұзып, нысанның болашағын бүлдіреді деп санайды. Енді бірі әлемдік тәжірибені алға тартып, нысандар мен ұйымдар жекенің қолында болса, әлдеқайда табысты нәтиже көрсететініне сенімді. Байқағанымыз, әрбірінің салмақты себебі бар.
Қарсылардың басым дені нысандардың әлеуметтік маңызына қарай ойысуда. Яғни көбі білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының жекеге өткеніне наразы. Айтуынша, жекеменшік әлеуметтік нысандар халықтың пікірін ескере бермейді. Бірақ сарапшылар инвестиция мен экономикалық әлеуеттің ұлғаюы үшін жекешелендіру маңызды деген пікірде.
– Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 657 нысанды сату көзделген. Кешенді жоспарды іске асыру басталғаннан бері 330 млрд теңге сомаға 383 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді және 70 нысан қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. Бүгінде 25 нысан сатуға қойылған болса, 179 нысан сату алдындағы дайындықта тұр, – деді ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров
Автономды басқаруға қолайлы нысандар жекенің меншігіне өткеннен зиян шекпесе, қарсы шығу орынсыз. Оның үстіне дамыған елдердегі ЖОО мен денсаулық сақтау мекемелерінің басым дені кәсіпкерлердің иелігінде. Бұдан сервис жығылып, сала кенжелемейді. Керісінше, кәсіпкерлер «өзім дегенде өгіздей күшім бар» деген ұстаныммен ісін дамытуға күш салады. Содан болар, Еуропадағы жекеменшік әлеуметтік нысандар мемлекеттік мекемелерге қарағанда бәсекеге қабілетті.
Бізде де жекешелендірілген нысандар жетерлік. Бір қызығы, қаладағы денсаулық сақтау нысандары мен облыс орталығындағы арнаулы, ЖОО-ның басым бөлігі жекенің иелігінде. Сондықтан аталған өзгерісті қауіп көзі деп емес, даму тетігі ретінде қабылдаған жөн секілді. Себебі жаңару мен заман талабына сай сала ғана алға жылжитыны анық.
P.S. Апта бұрын Мемлекет басшысы Экономиканы ырықтандыру шараларына қатысты Жарлыққа қол қойды. Президент пәрменімен бәсекелестікті дамыту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз ету үшін Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құрылмақ.
Бұл ұйым жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің талаптарын әзірлейді. Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорындағы корпоративтік басқару мен сатып алу процестері жолға қойылады деп жоспарданған. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік ұйымдардың коммерциялық қызметінің қолжетімділігі, техникалық шарттарды алу және инженерлік желілерге қосылу рәсімдерін жеңілдету мен автоматтандыру көзделген. Демек, саладағы өзгеріс әлі алда.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: