Сәрсенбі, 15 сәуiр, 19:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27 (2239)
14.04.2026
PDF мұрағаты

Жасанды интеллект жылы: жаһандық бәсеке және ұлттық мүдде

14.04.2026

104 0

Сурет: ашық дереккөзден

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында еліміз озық технологияны тұтынушы емес, оны құрушы және экспорттаушы ретінде жаңа сапалық деңгейге көтерілуді мақсат тұтуда. Мемлекеттік қызметтің цифрлануы мен коммуникация­лық инфрақұрылымның қарқынды дамуы арқасында соңғы жылдары тұрғындардың басым бөлігі заманауи электронды қызметтерге қол жеткізіп қана қоймай, күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырды. Бұл ретте IT саланың экспорттық әлеуетінің артуы мен отандық стартаптардың жаһандық нарыққа сенімді түрде шығуы еліміздің шикізаттық тәуелділіктен арылып, интеллектуалды экономикаға бет алғанын көрсетеді. Дегенмен технологиялық прогресс өзімен бірге тек мүмкіндіктерді емес, сонымен қатар киберқауіпсіздік, деректердің құпиялылығы және өңірлік цифрлық алшақтық сияқты күрделі сын-қатерлерді де ала келді. Осы орайда, жасанды интеллект жылы бізге не береді және Қазақстанның бұл бағыттағы қадамдары қаншалықты тиімді болмақ деген  сұрақтар бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбына айналып отыр.

Көшбасшы елдер цифрландыруды қалай жүзеге асыруда?

Әлемдік геосаясат пен экономиканың алға жылжуы тек табиғи ресурстармен емес, деректердің жылдамдығы мен алгоритмдердің сапасымен өлшенетін кезеңге аяқ бастық. Бүгінгі таңда технология қолайлы құрал емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық үстемдіктің басты тірегі. Әлемдік көшбасшы ел саналатын АҚШ, Оңтүстік Корея мен Жапония бұл бәсекеде технологияны мемлекеттік басқарудың өзегіне айналдырып үлгерді. Мәселен, АҚШ-та цифрлық экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10 пайыздан асып, саланы алып технологиялық корпорациялар алға сүйреп келеді. Шығыс Азияның техно алпауыттары да бұл бағытта ешкімге дес берер емес.

Оңтүстік Корея 97 пайыздық интернет қолдану көрсет­кішімен ғана емес, 5G желісін алғаш болып енгізуімен де ерекшеленді. Мұнда мемлекет пен ірі корпорациялардың үндестігі соншалық, кез келген технологиялық шешім бірнеше айдың ішінде бүкіл елдің игілігіне айналады. Ал Жапония «Қоғам 5.0» тұжырымдамасы арқылы роботтар мен жасанды интеллектіні күнделікті тұрмысқа енгізіп, демографиялық қиындықтарды технологиялық артықшылыққа айналдырудың шебер үлгісін көрсетті. Олардың ЖИ саласындағы инвестициялары жыл сайын өсіп, өндірісті толық автоматтандыруға бағытталуда. Бұл қатарға Эстония мен Сингапурдың тәжірибесін қоспай кету мүмкін емес. «Цифрлық республика» атанған Эстонияда мемлекеттік қызметтердің 99 пайызы онлайн форматқа көшкен, тіпті сайлаудың өзі цифрлық дауыс беру арқылы өтеді. Бұл мемлекеттік қызметтің шығынын азайтып, ашықтықты қамтамасыз етудің эталонына айналды. Ал Сингапур «Smart Nation» бастамасы арқылы қаланы басқарудың бірегей жүйесін құрып, логистика мен денсаулық сақтау саласында деректерді өңдеу бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Қытай Халық Республикасы  2030 жылға қарай жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшы болуды көздеп, бұл мақсатқа жүздеген миллиард доллар қаржы құюда. Қазірдің өзінде Қытайда бет-әлпетті тану және цифрлық төлем жүйелері күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған.

Жаһандық статистикаға сүйенсек, жасанды интеллект пен цифрландыру 2030 жылға қарай әлемдік экономикаға қосымша 15,7 триллион доллар табыс әкелмек. Бұл цифрлық трансформацияның тек техникалық процесс емес, нақты экономикалық пайда екенінің дәлелі. Сондықтан Қазақстан үшін басты меже – мемлекеттік қызметтерді онлайн тиімді ету ғана емес, «жаңа технологияларға» (DeepTech) бет бұру. Цифрландыру өнеркәсіптің өнімділігін арттырып, логистикалық хабтардың жұмысын жеделдетіп, білім беру мен медицинаның сапасын жаңа деңгейге шығаруы тиіс. Көшбасшы елдердің тәжірибесі көрсеткендей, болашақ технологияны жай ғана тұтынатын емес, оны жасап шығаратын және барлық салаға енгізе білетін елдің еншісінде болмақ.

Жасанды интеллект пен цифрландыру жылынан не күтеміз?

2025 жыл Қазақстан үшін цифрландыру мен жасанды интеллекті жаппай талқылаудан нақты іске көшіру кезеңіне айналды. Елде 2024-2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қабылданып, оны іске асыру алты негізгі бағытқа деректер, инфрақұрылым, адами капитал, ғылыми зерттеу, құқықтық орта және акселерациялық бағдарламаларға  сүйенетіні айтылды. 2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданатын өнімдер саны бес есе өсуі тиіс, ал осы салаға қатысты білім беру бағдарламаларының үлесі де артады. 2025 жылы цифрлық трансформация мемлекеттік қызмет өзегіне жақындай түсті. Ресми дерекке сүйенсек, барлық негізгі мемлекеттік органдарды қамтитын 20 цифрлық трансформация картасы бекітілді. Бұл карталар 72 сала бойынша экономикалық және әлеуметтік процестерді қайта құруға арналған. Яғни, мәселе тек сайт жаңарту немесе жаңа қосымша жасауда емес, мемлекеттік қызмет көрсету логикасын өзгерту, шешім қабылдауды деректерге негіздеу және азаматпен өзара байланысты сервистік модельге көшіруде болып отыр.

Инфрақұрылым тұрғысынан 2025 жыл ең маңызды бетбұрыстардың бірін алып келді. 9 шілдеде Alem.cloud Ұлттық суперкомпьютер орталығы іске қосылып, ресурс­тары мемлекеттік органдарға, ғылыми институттарға, универси­теттерге, бизнеске және стартаптарға тиімді болды. Супер­компьютер базасында тілдік модельдерді оқыту, ЖИ агенттерін әзірлеу, деректерді талдау, контент генерациясы және модельдеу міндеттерін тестілеу басталған. Бұл Қазақстанның ЖИ саласындағы мүмкіндігін жаңа деңгейге көтерді, өйткені бұған дейін отандық командалардың көп бөлігі сыртқы бұлтты сервистерге тәуелді болатын. Енді жергілікті есептеу қуаты пайда болған сайын, қазақ және орыс тілдеріндегі жергілікті модельдер, мемлекеттік сервистерге бейімделген шешімдер және корпоративтік ЖИ құралдары көбірек дамуы ықтимал.

Цифрландырудың күнделікті өмірге әсері де айқындала түсті. Цифрлық трансформация балабақшаға, мектепке, жоғары оқу орнына қабылдау процестерін, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тіркеу қызметтерін жеңілдетуге бағытталған. eOtinish платформасы арқылы 2025 жылдың соңына қарай 5 миллионнан астам өтініш түскені көрсетілді. Бұл азаматтар мен мемлекет арасындағы байланыс цифрлық форматта жақсы кәдеге асқанын көрсетуде.  Байланыс және интернет сапасы жағынан да айтарлықтай өзгеріс бар. Үкімет мәліметінше, соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 триллион теңгеден астам инвестиция салынған, соның арқасында интернеттің орташа жылдамдығы 94 Мбит/с деңгейіне жеткен. Сонымен бірге 2027 жылға қарай халықты интернетпен 100 пайыз қамту міндеті жарияланды. 2025 жылы Starlink қызметі Қазақстанда ресми іске қосылып, ол 1700-ден астам ауыл мектебінде жұмыс істеп тұрғаны хабарланды. Мұның бәрі ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға әсер етуі мүмкін. Егер осы қарқын сақталса, жақын жылдары шалғай өңірлерде қашықтан оқу, телемедицина, агротехникалық шешімдер және цифрлық мемлекеттік қызметтер әлдеқайда тұрақты жұмыс істей бастайды.

2025 жылғы үрдістің тағы бір маңызды ерекшелігі – цифрландырудың енді тек ІТ министрлігінің немесе жекелеген технократтардың тақырыбы болып қалмауы. Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында цифрлық өзгерістер мемлекеттік басқару мен экономиканың түйінді мәселелерін шешудің негізгі құралы ретінде сипатталды. Әсіресе, салық­тық әкімшілендіру, мемлекеттік қызмет сапасы, деректерге сүйенген басқару және жасанды интеллектіні нақты сектор­ларға енгізу күн тәртібіне шықты. Бұл саясаттың жоғары саяси деңгейде бекітілгенін көрсетеді. 2026 жыл ресми түрде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Яғни, 2025 жыл дайындық, жобалау және инфра­құрылым құру кезеңі болса, 2026 жыл сол бастамаларды жаппай енгізу мен нәтижесін көрсету кезеңі болмақ. Бұл жерде бір маңызды жайт бар. Қоғам көбіне мұндай бастамалардан бірден өзгеріс күтеді, бірақ шын мәнінде цифрландырудың әсері көбіне жүйелі жүреді. Алдымен ведомстволық жүйелер біріктірілсе, кейін деректер сапасы жақсарып, содан соң ғана жасанды интеллект күнделікті қызметке енеді.

Ендеше, 2026 жылдан не күтеміз? Ең алдымен, мемлекеттік қызметтер бұрынғыдан да проактивті бола түседі. Азаматтар анықтама іздеп жүрмей, дайын қызмет ұсынатын модель күшейеді. Екіншіден, бизнесте тәуекелді бағалау, құжат айналымын өңдеу, клиентпен байланыс және өндірістік талдау салаларында ЖИ құралдары тез таралады. Үшіншіден, білім беру жүйесінде ЖИ бойынша пәндер мен бағдарламалар көбейіп, еңбек нарығында деректер талдаушысы, машиналық оқыту инженері, ЖИ өнім менеджері, киберқауіпсіздік маманы секілді жаңа рөлдерге сұраныс артады. Төртіншіден, өңірлерде интернет инфрақұрылымы күшейген сайын цифрландырудың игілігі тек мегаполистермен шектелмей, аудандық деңгейге дейін жетеді. Бұл әсіресе мектеп, аурухана, әкімдік және агроөнеркәсіп салалары үшін шешуші фактор болмақ. Басты басымдық – технологияны енгізу емес, оны ұлттық мүдде мен азаматтардың жайлылығына қызмет еткізу.

Бетті дайындаған  София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: