Бейсенбі, 18 сәуiр, 22:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Әлем назарын аударған картина

13.05.2023

620 0

Сыр өңіріне тағы бір сүйіншілейтіндей хабар жетті.  Сәуір айының 17-23 күндері Италияда Милан дизайн апталығы өтіп, оған Сыр өңірінен София Темірболат өз туындыларын жолдаған еді. Көрмеде сырбойылық жас Софияның эко картиналары үздік шығып, финалист атанды.

Айта кетелік, София қылқаламмен емес, азық-түліктен босаған қаптама­лардың қиындыларынан картина жасау арқылы әлемді тәнті етті. Иә, кәдімгі қаптама. Тұз, макарон өнімдерінен босаған қаптаманы ойланбастан, тіпті сыртына соншалық назар аудармастан да қоқысқа лақтыратынымыз белгілі. Оны кәдеге жаратуға болады екен. Көрменің негізгі мақсаты да осы, қоршаған ортаны қорғауға үндеу. Көрме талабы бойынша қатысушылар өз еліндегі тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу, назар аудару. Бұл орайда София «Аралтұз» өнімі, кәмпит, шәй, күріш, макарон өнімдерінің қаптамасын ұтымды пайдалана білді. Әсіресе тұздың көк түсті қаптамалары теңізді бейнелеуге үйлесе кетті.

Милан дизайн апталығында Софияның туындыларын ұсынған санаты бойын­ша әлемдегі үздіктер, дизайнерлер, қоршаған ортаға көзқарасы ерек 73 мемлекеттен 600-дай талантты жандар қатысқан екен.

Италиядағы көрме әйгілі «Palazzo Bandello» заманауи өнер галереясында өтті.

– Бұл көрменің орны бөлек. Бұл сұлулықты, өнерді тамашалау ғана емес, қоршаған ортаны қорғауды мақсат еткен, табиғатты аялауға үндейтін мазмұнды шара.

Көрме жетекшісі Россана Орланди – итальяндық дизайн саласының аңыз адамы, Николетта Орланди Бруньони ханым – көрме жетекшісі. Бұл көрме қоқысты қайта өңдеу мен қоршаған ортаны қорғауға көзқарасы ерекше, қор­шаған орта салдарын зерттеуге көптеген жылдар арнаған, қайта өңдеудің тұжырымдамасын жасап, ерекше қайталанбас, дизайнерлік талғамы жоғары, авторлық карти­налар жасайтын шеберлерге өз туындыларын ұсынуға мүмкіндік жасады. Қателеспесем, Милан дизайн апталығы аясында өткі­зілген эко-көрмеге Қазақ елінен алғаш қатысқан мен ғана. Осы тақырып аясында Россана Орланди ханымның жеке галереясы бар. Оны арнайы барып көрсем деген арманым бар. Көрмені ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді София Темірболат.

София бұл жобамен 8 жыл­дан бері айналысып келеді. Бұл туындының басты мақсаты – эко­логиялық мәселелерге баршаның назарын аудару.

– Бұл арт-жоба қоршаған ор­таның жай-күйі туралы көптеген флешмобтардан гөрі қоғам наза­рын аударта алады. Мен өз кар­тиналарымда көбіне еліміздің эко­логиялық мәселесіне айналған Арал теңізінің табиғатын бейнелеймін. Мен апатты салдарға тоқталмай, картиналардың эстетикалық және терең мағынасы арқылы адамдарды табиғатқа жақындатуға тырыстым. Өнер мен экология ұштасқан жобаны жасауға түрткі болған Арал проблемасы болды. Мен өз қаламда табиғат пен адам арасындағы жа­қын қарым-қатынасты көрсету мақ­сатында көрме ұйымдастырып тұрамын, адам мен табиғат туралы 30-дан астам көлемді картиналар жасадым. Адамдарды қоршаған орта жайлы ақпаратпен қамтамасыз ете отырып, бір-бірімізге мәселе­нің ауқымын түсінуге, оны шешу жолдарын табуға және пла­нетамызды сақтауға көмектесе аламыз.

Бұл – эко-өмір салты туралы ақпарат беру жобасы. Жоба бары­сында қоқысты қалай сұрыптау керек, нені қайта өңдеуге болады, қайта өңдеуге болмайтын дүниелер нені көркем картиналар жасау процесінде қолданған дұрыс, неден бас тарту керек деген тренингтер бар. Бұл жоба экологиялық ма­териалдарды пайдалануды талап етеді: азық-түлік қаптамасы бұл картиналар үшін жақсы материал болады. Мұндай жұмыстардың астарында табиғи ресурстарды сақтау тұжырымдамасы жатыр. Мен 15-тен астам көрме өт­кіздім. Картиналарды жасау процесін әлеуметтік желілерге жа­риялаймын. Әр адам қоршаған ортаны қорғау үшін таңдау жасай алады: полиэтилен пакеттерін сатып алмау, қайта пайдалануға болатын заттарды пайдалану, пластикті аз тұтыну. Себебі біз­дің планетамыздың эко ахуалы әрқайсымызға байланысты, – дейді өз туындысымен әлемнің назарын аударған жеңімпаз.

София көрмеге Арал теңізінің тұз қаптама қиындысымен бей­нелеген картиналар сериясын ұсыныпты. Туындыға қарасаң теңізі шалқыған, су бетінде аққу-қазы тербелген сұлулығына көз тоймас теңізді тамашалап, қуа­насыз. Арал теңізінің бейнесі дегенде суы тартылған, табаны кеберсіген, қайығы жағада қал­ған көріністі көз алдымызға елес­теткен едік. Алайда Софияның да, бұл көрменің де мақсаты биік. Адамзат табиғатты аялай білсе, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосса, экологиялық мәселелерді де жеңуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бәрі де адамзаттың қо­лында. Шынашақтай София ізгі­лікке үндеп жүр.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: