Сенбі, 07 желтоқсан, 19:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

«Қазақконцерт» көшіп келген күн

26.04.2022

1011 0

Биыл қазақтың бұлбұлы Роза Бағланованың туғанына тура 100 жыл толды. ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетін әншінің бір ғасырлық мерейтойы тұсында өнер иесінің өмірі мен өнерін дәріптеу мақсатында жер-жерде көптеген мәдени іс-шаралар өтуде.

Шынында, көрнекті дауыс иесі жайында тереңнен қозғап, тарқатып айтар дүние көп. Содан-ақ ән падишасының өнер әлемінде биік белестерді бағындырғанын байқаймыз. Оның елді елең еткізген жанға жағымды, тәтті дауысы үлкен сахналарда бой көрсетуіне сеп болды. Талай әннің бағын ашып, қазақ даласына таратқан да Роза Бағланова еді. Бала күнімізде, әсіресе, мектеп қабырғасында жүргенде айтатын «Ақ көгершін», «Менің Қазақстаным» әндері әлі күнге жадымызда. Одан бөлек «Ақмаңдайлым», «Жан құштарым», «Туған айдай», «Қайықта», «Маржан қыз», «Жайлау әні», «Махаббат вальсі», «Айналайын», «Асыл арман» т.б. ел аузында жатталып кеткен әндерді әнсүйер қауым алғаш рет Роза Бағланованың орындауында тыңдады.

Әншінің екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында орындаған «Кестелі орамал», «Қараторғай», «Айнамкөз», «Екі жирен», «Жайдарман» т.б. әндері жауынгерлерге жігер сый­лаған. Бұл жайында көптеген көзкөргендер есте­ліктерінде айтады. Роза Бағланова орысша әндерді ғана емес, бір­неше тілде ән шырқаған.

Сырдағы сырлы саз

Өткен аптаның аяғында сазды кеш Сыр өңірінде жалғасын тапты. «Қазақтың қаһарман қызы» атты мерекелік концерт Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтті.

Концертте Нұрғали Нүсіпжанов бастаған Сұлушаш Нұрмағанбетова, Алтынбек Қоразбаев, Гүлнәр Сиқымбаева, Жеңіс Ысқақова, Игорь Благодарный, Айгуль Иманбаева, Асхат Үрпеков, Нұрлан Албан, Бауыржан Исаев, Зарина Жакенова сынды әртістер Роза Тәжібайқызының репертуарындағы әндерді орындады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрдің сүйемелдеуімен жеткен сазды ән келген көрерменнің құлағының құрышын қандырғандай болды. Аракідік тұлғаның ел мен жер тағдырына қатысты үзік-үзік пікірлері беріліп отырды. Театр залын толтырған әлеуметтің көңіл-ауаны да ерекше болды.

Өнер майталмандары Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев пен Сұлушаш Нұрмағанбетова Роза Бағланованың өнер әлеміндегі қолтаңбасын сөз етіп, Сыр жұртының өнер иелеріне деген құрметі үшін алғысын жеткізді.

– Роза Тәжібайқызы апамыздың елге сіңірген еңбегі ерен. Ол кісінің атқарған жұмысын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол кісінің әрбір жүріс-тұрысы, өнерге деген көзқарасы, адами болмысы бөлек еді. Қазақтың әнін әлемнің әр тілінде сөйлеткен бұлбұл әншінің жолы кейінгіге өнеге болып қалды. Бүгінгі концертте біз бұлбұл әншінің алашқа аманаттаған ән өнерін халыққа барынша көрсеттік деп ойлаймын, – деді Нұрғали Нүсіпжанов.

Күміс көмей әншінің тамаша әндері халықтың әншіге деген сағынышын үдете түсті. Ел тапжылмай отырып тыңдады. Мән-мағынасы жоқ әндер қаптаған қазіргі заманда, көнеге көз жүгіртіп, өнерпаздардың өнерін тамашалап, мақпал дауысты Роза Бағланованың әнін тыңдаған әнсүйер қауым шынында рухани демалып қайтты.

P.S. Роза Бағланованың әні барда ол ешқашан өлмейді. Бұлбұл әншінің шығармашылығы, ғибратты ғұмыры, қайраткерлік қасиеттері ғасырдан-ғасырға көш тартып, өскелең ұрпақтың жадында мәңгіге сақталады. Сырдан шыққан бұлбұл әншінің қазақтай іздеушісі барда шыққан биігі аласармақ емес.

К.АҚТАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: