Бейсенбі, 26 желтоқсан, 23:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сәуіржан Төлеш, әнші, киноактер: Бізде шоу бизнестен гөрі той бизнес жақсы дамыған

05.02.2024

1137 0

Көпке танымал «Келінжан» сериалында Нартай рөлін сомдаған Сәуіржан Төлеш – Сыр өңірінің тумасы. Әнші ретінде халықтың жүрегінен жол тапқан ол енді киноактер ретінде танылды. «Әке – балаға сыншы» демекші, бала Сәуіржанның әнге жақын екенін білген әкесі Төлеш оған кішкентай кезінде «осы сені асырайды» деп баян сатып әкеп берген екен. Әке тілегі қабыл болып, ол өнер адамдарының ортасында «баянмен ән айтуды трендке айналдырған Сәуіржан» атанады. Бүгінде елге әншілігімен қоса, киноактер ретінде танылған Сәуіржан Төлешпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– «Келінжан» сериалында актер ретінде танылған Сәуіржанның туған жері Қызылорда екенін біреу білсе, біреу білмес. Сол себепті әңгімені туған жеріңіз, өскен ортаңыз, отбасыңыздан бастасақ…

– Мен 1986 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келдім. Бес ағайындымыз. Үйдің кенжесімін. Алдымда 4 ағам бар. Мен дүниеге келгеннен кейін ата-анам Қызылорда қаласына көшіп келген екен. Балалық шағым Қызылорда қаласында өтті. Қаладағы №23 мектепте оқыдым. Әкем Төлеш өмір бойы мұғалім болды. Өнерге де жақын адам еді. Өзі ән айтпаса да, өнерді жоғары бағалайтын. Анам – Қалдыгүл отбасында бала тәрбиесімен айналысқан жан. Әкемнің айтуынша, мен кішкентайымнан музыкаға жақын болған екем. Бала кезімде домбыраға үйірсек болыппын. Ал төрт жасымда өзімнен-өзім домбыра тартып, үлкендер жиі айтатын халық әні «Күміс құман-ай» әнін домбыраға салып, ыңылдағанымды көрген әкем «осы бала түбі өнерге жақын болады» деп мені өнер мектебіне береді. Өнер мектебінде Болат Бекбатыров деген күйші ұстаздан сабақ алдым. Бұл өзі бесжылдық мектеп екен. Мен домбыра сыныбының бір жылын аяқтаған соң, алғырлығымды байқаған ұстазым бірден 3-ші сыныпқа көшірді. Сонымен, бес жылдық өнер мектебін 4 жылда аяқтадым. Өнер мектебінде тек домбыра ғана емес, ямаха да тартып жүрдім. 12 жасымда Файзулла деген ағамызбен тойға шығып, ән айтып, табыс таба бастадым. Сөйтіп, өнердегі алғашқы қадамым осылай басталып кетті.

Ал 9 сыныпқа өткен кезде әкеме музыкалық аппаратура алып беруін өтіндім. Сол кезде оның бағасы 1000 доллар тұрады. Әкем көңілімді қимай, біреуден екі есе етіп қайтаратын болып қарызға ақша тауып берді. Су жаңа аппаратураға қол жеткізген мен өнердегі ағаларыммен тойға шыға бастадым. Сол аппаратурамен мектептің бүкіл мерекелік іс-шарасын, тіпті мектеп бітіру кешін де өткіздім. Бір күні мектеп директоры Раушан Ахметәліқызы «сенің кешіңді ұйымдастырайық», – деді. Мектеп оқушысы үшін бұл үлкен мәртебе ғой. Мектептің акт залын безендіріп, үлкен концерт беретіндей дайындалдық.  Сыныптастарым, ұстаздарым мені шабыттандырып, қолдап жүр. Концертіме ата-анам келіп қатысты. Олар да мәз. Кейін ойлап отырсам, ата-анам үшін сол менің алғашқы әрі соңғы концертім болыпты…

Студенттік жылдарым да туған жерде өтті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің музыка факультетін бітіргеннен кейін де еңбек жолым сол тойдың айналасын да жалғасты. Кейін үлкен қалаға, үлкен ортаға кеткім келді. Әкемнің батасын алып, Алматыға жол тарттым. Үлкен қала, бейтаныс орта. Қанша дегенмен жүрексіну бар. Дегенмен жолымда жақсы адамдар жолықты. Өнердегі достарым марқұм Нәби Аймұратов, Ерболат Ержанбаев, Тахауи Ахтанов үлкен ортаны жатырқамау, тез сіңісіп кетуіме себеп болды. Кейіннен өнерде жүрген ағалар Жанат Бәйтеков, Мейрамбек Беспаевпен танысып, ағалы-інідей қатысып кеттік. Кейін МузАрттың 15 жылдығына орай шығармашылық концертінде ансамбльде ойнадым. Алматыда тойларға баянмен шыға бастадым. Сол уақытта тойда баян тарту кездесе бермейтін. Қысқасы, бала күнімде әкем «түбі сені асырайтын осы болады» деп қара баян сатып алып бергенде бұған соншалықты мән бермеген екем. Шынында да, менің есімім баянмен егіз болды. Баянмен ән айтуды трендке шығарсам, сол қара баян мені әнші Сәуіржан етті.

– Әнші Сәуіржан  «Келінжан» сериалы арқылы актер ретінде танылды. Шынын айтқанда, сізді елге танымал еткен де осы сериал болды.

– Иә, оны мойындаймын. Мені «Келінжан» сериалы танымал етті. Бұл кино әлеміндегі алғашқы қадамым. Тіпті киноға түсем деген ойым да жоқ. Продюссер Гүлнұр Мамасарипова баян тартатын адам іздеп Мейрамбек Беспаевқа хабарласқан ғой. Ол бірден мені ұсыныпты. Ұсыныс түскен соң қолымнан келсе көрейін деп, тәуекел етіп келдім. Кино алғашында Бақбақты деген ауылда түсірілді. Дайындық басталып кетті. Маған Нартайдың ролін түсіндіріп жатыр. «Мас адамның ролін ойнайсың, баян тартып жүресің» дегендей.  Костюмерлер үстіме шұрқ тесік киім кигізді. «Мынау немене?» деп әдепкіде түсінбей, қабылдай алмай тосырқағаным рас. Алғашында қиындықтар да болды. Бірақ жақсы алып шықтым деп ойлаймын. Негізі кино түсіру барысында өзіндік шектеу болады. Сценарийден шықпау, сондағы сөздерді ғана айту деген сияқты. Ал «Келінжан» сериалында бізге еркіндік берілді. Кейде рольді ойнау барысында өз шығармашылығыңнан қосып жіберетін кезің болады. Сонысымен де кино шынайы болды деп ойлаймын.

– Көрермен ретінде Нартайдың роліне қандай баға бердіңіз?

– Кинодағы рольдерді талдау, сын айту менің қолымнан келмейді. Себебі мен кәсіби маман емеспін. Бағасын халық береді. Бір қуанарлығы, қазір қазақ киносы қатты дамып келеді.

– Бұдан кейін киноға түсуге ұсыныс түскен жоқ па?

– «Күйеу бала» деген киноға түстім. Бірақ дәл «Келінжандағыдай» танымал болатындай рольде ойнамадым.

– Кинодағы Нартай мен өмірдегі Сәуіржанның ұқсастығы мен айырмашылығын айтыңызшы.

– Өнерге жақындығы, баян тартатыны, досқа адал, ешкімге зияны жоқ, адамгершілігі жаныма жақын болды.

– Ішімдікке жақындығы ше?

– Мүлдем татып көрмедім деп айта алмаймын. Пенде болған соң кемшіліктер де болады. Жастық шақ, оның үстіне Алматыда еркін жүрмін, «ай дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» дегендей. Қазір ішімдікпен дос емеспін.

– Отбасыңыз туралы айтсаңыз.

– Жұбайым Айжан екеуміз екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Айжан да әнші. Екеуміз бірге дуэт айтып жүрміз. Өнерде де, өмірде де біргеміз.

– Балаларыңыздың өнер жолын таңдағанын қалайсыз ба?

– Жоқ. Балаларымның әркімнің босағасында жүргенін қаламаймын. Себебі бізде шоу бизнестен гөрі той бизнес қатты дамыған. Қазір өнер адамдарының барлығы тойдың айналасында жүр. Себебі табыс табу керек, күнкөріс қамы…

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Г.Қымбат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: