Сенбі, 11 мамыр, 18:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
37-2047
11.05.2024
PDF мұрағаты

«Тіл – зергер, сөзің – өрнек, ойың – алтын»

26.08.2023

670 0

Әңгіменің әлқиссасын қоңырдан бастаудың ерекше сыры бар. Оның үстіне қазіргі заман жастары атадан балаға мирас болып келе жатқан қоңыр әңгіме дегеннің не екенін түсінбеуі мүмкін.

Қазақ дүниетанымындағы «қоңыр» ең алдымен халықтың тіршілік ету кеңістігі, өзін қоршаған әлемі, қоңыржай қалыпты мекені, соған лайық  ойлауы, сезінуі, қабылдауы.  Мысалы, «Қоңыр саз», «Назқоңыр», «Алқоңыр» сияқты ән-күй атауларының өзі де көп дүние сырын түсіндіреді. Себебі рухани өрісіміз – қоңырдан негіз алған үндік саз, ол табиғаттың өзі қалыптастырған үндік бояу. Яғни, қоңыр үн – табиғи үн. Қазақ халқы сол табиғаттың аясында көшпелі өмір тіршілігімен өзінің болмыстық қасиетінің бірі ретінде табиғаттың қоңыр үнін еншілеген. Ал қоңыр әңгіме деп жанға жайлы, тартымды әңгімені айтамыз.

Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен бабалар дәстүрін жаңғырту мақсатында «Қоңыр әңгіме» жобасы жүзеге асып келеді. Кезекті «Қоңыр әңгіме» рухани кешінің қонағы – жырау, фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов. Тағылымы мол кешті үш дүркін алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов тізгіндеді.

Алмас Алматов ағамыз өзінің төл туындысы «Қазына» тарихи дастанының желісін баяндап кештің көрігін қыздырды. 1856 жылы орын алған оқиғалар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматовтың «Қазына» атты дастанында суреттеледі. Арғынбай батыр бейнесі тұтастай ашылған шығарманың көркемдік тұрғыдан құндылығы ерекше. Қожеке батыр Мырзабайұлы (1814-1895жж.) ел қамын жеген қайраткерлерімізбен бірге жауға қарсы күрескен. Қожекенің хиуалықтармен және Қуаңдария бойына оқтын-оқтын сұғынған қоқандықтармен сан мәрте шайқасып, Кенесары, Жанқожа мен Садық Кенесарыұлының Ресей отарлаушыларына қарсы ұлт-азаттық көте­рілістеріне де белсене атсалысқаны елін-жерін сүюдің шынайы үлгісі болғаны көркем шығармада шынайы  өрілген.

Бұл дастанды Алмас ағамыз әлеуметтік желіге салған екен. 46 мың адам тамашалап, көпшілігі алғысын жаудырған. Риясыз көңілден айтылған алғысты мақалаға беруді құп көрдік.

«Керемет дастан. Көзіңе жас іркілмей тың­дай алмайсың. Оқиға желісі бір еліртіп, бір жылатып адамды үйіріп әкетеді екен. Алмас аға, мың жасаңыз. Ертеректе Көшеней жыраудың «Көрғұлысын» тыңдағанда дәл осындай әсерде болып едім. Рахмет Алмас аға!» «Не деген тарих!? Ағайынның арасының бүтіндігін сақтау үшін шешім қабылданған билік. Осы оқиғаға сценарий жазып кино түсірілсе қазақты бүкіл әлем таныған болар еді және кино әлемінде маңдайалды туындылардың бірі болар еді» деген мадақты естігенде тебіренбеу мүмкін емес.

Осындай ақеден пікірлер дастанның өмір­шеңдігі мен баяндылығын паш еткендей.

Тіл – зергер, сөзің – өрнек, ойың – алтын,

Білім – шам, дарын – сұлтан, сыншы – халқың.

Ақыл– кен, кеудең – көрік жатық отың,

Болғай де енді текке талап қамшың.

Тастап сөз тағылым қылып талапты ерге

Ел берген елге қорған ердің нарқын.

Кемітпес керек сөзді қыштай қалап.

Қайымды қара өлеңнің білсең салтын.

Талантты күйме қылып мақсатқа жек,

Кер құлан жүйрік көңілім сен де талпын, – деп бір қайырғанда, Алмас ағаның жүзі қызарып, бабына келіп-ақ қалды. Дастанды айтқан  сайын арқалы елдің делебесі қозып, «ой, пәлі-ай» деп риза боп, желпінген дауыстар естіліп жатыр. Жыраудың осындай қанатты сөздер айтқанда делебесі қозып, бәйгеге шапқандай түлеп шыға келетіні бар емес па? Тер шыққаннан соң қас тұлпардай бабына келіп, жөңкіле жөнелді. Салтанатты кеш Алмас ағаның ертеден шапса кешке озған, ылдидан салса төске озған жыр бәйгесінде шапса, шалдырмас тұлпардай жүй­ріктігімен танылған дарабоз жыр саңлағы екенін тағы бір дәлелдеді.

Екі сағатқа созылған сән-салтанаты келіскен кеш руханиятқа сусаған елдің шөлін қандырып, қазыналы өнер құдіретін паш етті. «Қазына»  дастанындағы кейіпкерлердің сөздерін Алмас ағамыз жан-тәнімен орындағанда әдемі әңгіме шымырлап бойға тарап, көрерменін өткен ғасыр төріне алып барғандай болды. Тұтас бір дәуірді көшіріп әкелгендей сезімде болдық. Оқиғаның желісіне кіріп кеткеніміз сондай уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық.

Тарихи дастан, ондағы уақиға, оны халыққа жеткізу ол енді Алмас ағамыздың шаршы топты игерудегі үлкен шеберлігі. Бір сөзбен айтқанда тамаша рухани кеш болды. Сахнада «Ақмешіт» ансамблінің сүйемелдеуімен жырау Руслан Ахметов, Малика Алдамжарова жырдан шашу шашса, Нартай Бекежанов атындағы драма театрының әртістері «Қазына» тарихи дастанындағы Арғынбайға анасының тоқтау айтқан тұсынан үзінді айтып, кешке көрік берді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері актриса Зәлипа Төлепова мен Мәдениет саласының үздігі, актер Сырым Әбдіразақов «Қазына» дастанының негізінде жазылған Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамынан» үзінді қойды. Кеш қонағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Сыпатаев өз өнерін жұртшылыққа ұсынды.

Кеш қорытындысында белгілі қоғам қай­раткері Сәби Аңсат сахна төріне көтеріліп, халықтың атынан өз ризашылығын айтып, «Қоңыр әңгіме» рухани кешінің алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.

– Жастардың рухын оятатын осындай рухани кештер жиі ұйымдастырылып отырса,  нұр үстіне нұр болар еді. Халыққа керек-ақ дүние. Ұйымдастырушыларға мың алғыс! Алмасжан, ел ішіндегі әңгімелерді естіп жүрміз ғой. Мына шығармаң бүтін бір заманның тарихын қамтыған, тілі бай, мазмұны мен оқиғалары татымды көркем дүние болған екен. Ақсақалдарды көп тыңдадың. Айналайын, талап оң болсын! , – деп ақсақал ақ батасын берді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: