Сенбі, 23 қараша, 10:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ынтымаққа ұйыстырған туынды

02.11.2021

878 0

Биыл егемен ел болып, тәуелсіздіктің тәжін кигенімізге 30 жыл болса,  мемлекеттің әнұраны – «Менің Қазақстаным» туындысына 65 жыл толып отыр. Осы орайда тарихи шығарманың қалай өмірге келгенін сөз еткенді жөн көрдік. Өйткені бұл ән 1956 жылдың қараша айында жазылыпты.

Қазақ валсінің королі атанған Шәмші ағамыздың ел жүрегінен орын алатын, көптің жадында сақталған бұдан да басқа әндері баршылық. Бірақ кез келген ән мемлекеттің гимні бола алмайды. Оның сөзі терең тебіреніспен жазылса, әні жүрек түкпірінен шыққан. 1956 жылы шығарылған әннің тарихына көз жүгірсек, ол қазақты рухтандыруды, біріктіруді көздейтін туынды екенін аңғарамыз. Композитордың өзі  «Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын Әнұран қажеттігін сездім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді» дейді естеліктерінің бірінде.

Қарап отырсақ, бұл әннің шығуына кеңес­тік үкіметтің солақай саясаты себепкер болған. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары жүрді. Жұмыс күші керек деген желеумен Қазақстанға Кеңес үкіметінің түкпір-түкпірінен көптеген адам қоныс аударды. Бұл оқиғалардың аста­рында үлкен саясат жатты. Қазақ жерін бөлініске салу, республиканың тұтастығына сызат түсіру секілді жымысқы мақсаттар көзделді. Мұны елдің тұтастығына бейқам қарамайтын кез келген тарихшы растай алады. Өйткені бұл – бар қазаққа белгілі шындық. Біз мұны деректі фильмдерден де, кинолардан да, тарихи мақалалардан да көріп, оқып, біліп жүрміз. Кеңес үкіметінің басындағылар Қазақстанның тың даласын, яғни солтүстік облыстарды Ресей тарапына қосу пиғылын жасырын жүргізді. Мұндай жымысқы саясатты түсінген қазақ халқының патриоттары ата-баба жерін сақтап қалуға талпынды. Міне, осы кезде Жұмекен мен Шәмшідей өртұлғалы қазақ ұлдары жүректе жатталатындай туындыны шығарды. Бұл әнді тыңдаған әрбір қазақтың рухы көтерілді. Тіпті радиодан күніне бірнеше рет беріліп тұрған. Сол арқылы халықтың еңсесі тіктелді. Бірақ сәл нәрсеге шүйлігетін қызылжағалылар «Менің Қазақстанымға» да тырнақтарын батырды. Шәмші ағамыздың өзі «… Кезінде кеңестік жүйенің қарғылы төбеттері әннің өнебойынан елдік сананың ұшқынын көріп, оның өлеңіне қатысты дау шығарған көрінеді» деген. Сондағы қосқан «Жеті жыл жоспары, Жеті қыр асқаны. Думанды бастады, Қазақтың жастары» деген жолдардан сол дәуірдің қозғаушы күші – коммунистік партияның жеті жылдық жоспарын ұлықтауға арналған шумақ екенін аңғару қиын емес

Жұмекен Нәжімеденовтің жұбайы Нәсіп апайдың айтуынша, ақын ағамыз бұл әннің сөзін 1956 жылдың қарашасында Алматыда, белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде шығарыпты. Әрбір сөзінің өзі бүтін бір ұлысты бірлікке ұйыстыруға, ынтымаққа шақыруға бағытталған. Қазақтың кең дала­сын, жайқалған егінін суреттейтін өлеңді қалай ғана сүймессің?! «Менің елім, гүлің болып егілемін, жырың болып төгілемін!..» деп ел мен жерді сүюге, Отанды қастерлеуге шақыратын жыр жолдары жүрекке бірден жетпей ме?!

Әңгімеге арқау болған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылдың 7 қаңтарында Елбасының Жарлығымен мемлекеттің ресми әнұраны болып бекітілді. Сол  жылдың 11 қаңтарында «Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет астаналық «Ақорда» резиденциясының шаңырағы астында, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды.

Мемлекеттік Әнұранымызда ұлттың ұлы­лығын айқындайтын, мемлекетті басқа мем­лекет­терден ерекшелеп тұратын, тыңда­ғанда жаныңды рахатқа бөлеп, рухани күш сый­лайтын сазы, әуені мен сөзі үйлесім тапқан. Сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, әні – Шәмші Қалдаяқовтікі. 

Жалпы біздің Әнұранымыз – Қазақстанды тәуелсіздікке бастаған,  елдің егемендігіне жол ашқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында күл­лі жастарды біріктірген «Менің Қазастаным» әні. Кеңестік үкіметтің әміршіл-әкімшіл сая­сатына қарсы шығу үшін «қазақты қазақ қана басқарсын» деп ұрандатқан жастардың жүрегінен терең орын алған осы бір өлеңнің ерекшеліктері де, қасиеттері де баршылық. Мұның ең басты құндылығы ынтымақ пен бірлікке, достық пен бейбітшілікке, ерлік пен қайсарлыққа бастайтын бар қазаққа ортақ жырға айналуында жатыр. Бұл әнді тыңдаған сайын алтын күннен нәр алып, дәнді даласын думанға бөлеген, ерлік пен елдіктің дастанына айналған Қазақстандай ұлы мемлекеттің азаматы болғанымды, қазақтай тау тұлғалы ұлттың баласы екенімді мақтан тұтамын.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: