Бейсенбі, 28 наурыз, 21:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Ажыратамын деп ажал құшты: Шиеліде 35 жастағы жігіт ауыр соққыдан кейін қайтыс болған

03.11.2021

1809 0

Қызылорда облысындағы Еңбекші ауылының тұрғындары арты кісі өліміне әкелген істе күдікті деп қамалған жігітті ауылдан аластату керек деп талап етіп жатыр. Айтуларынша қылмысқа күдікті бұған дейін де шағын ғана ауылда түрлі бұзақылықтарға барып, мазаларын алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қарапайым жұрттың тыныштығын кетірсе де кешіріммен қарап келдік дейді тұрғындар. Енді соның соңы атпалдай азаматтың азапты өлімімен аяқталды деп ашынады. Қыркүйекте Бекжаппаровтар әулеті 35 жастағы Ердәулеттен айырылады. Түн ортасы көшедегі төбелеске қатысушыларды арашалаймын деп жүрген азамат ауыр соққы алады. Соның кесірінен сегіз күн ес-түссіз ауруханада жатып көз жұмған. Осы өлімге марқұмның туыстары бүкіл ауылды бұған дейін де қорқытып, әркімге қоқан-лоқы көрсетіп жүретін 29 жастағы жігітті кінәлайды.

“Одан кейін ол келіп кешірім сұрайын, мынау менікі дұрыс болмады деген жоқ. Ол ауылда жүрді талтаңдап. Бәрін сатып аламын деп жүрді”, – дейді марқұмның әпкесі Әлия Айтпайқызы. 

Еңбекші ауылының тұрғыны Асылбек Доланбеков сол түнгі оқиғаның куәгері. Кикілжің спирттік ішімдікке мас болған ауыл азаматының осы көшеден өткен көрші ауылдың жігіттеріне килігуінен басталды дейді. Айтуынша жанжал кезінде араша болып жүрген марқұм Ердәулет Бекжаппаровты төбелесті бастаған әлгі жігіт асфальт үстіне алып ұрған. Қатты жерге баспен құлап, есінен танып жатқан Ердәулеттің басынан тағы бір тепті дейді.

Сорақысы марқұм сол сәтте әрең тыныстап қиналып жатса да, жедел жәрдем шақырмапты. Куәгерлердің сөзінше есінен танған Ердәулетті соққыға жыққан жігіт бірнеше сағат көлікте ұстап, тек таң атқанда ғана үйіне апарып тастап кеткен.

“Мені құлатты осы жерде. Оны тоқтатамын деп Ердәулет келгенде, Ердәулетті асфальтқа қадап тастады. Бас қан болып жатқаннан кейін балдар қорқып кетіп, су алып келіп басын жуды. Сосын машинаға мінгізді”, – дейді куәгер Асылбек Доланбеков. 

Тұрғындар Ердәулетке дер кезінде көмек болмағаны учаскелік полицейдің ауылда жоқтығы да себеп дейді. Ал ауылдың тәртіп сақшысы сол түні ауылда болғанын және жанжал жайлы да қоңырау түскенін айтады. Бірақ ести сала неліктен оқиға болған жерге келмегенін сұрағанда жауап бере алмай біраз күмілжіді.

Содан бері бүтіндей ауылдың мазасы қашқан. Ақсалдар жиналып, күдіктінің отбасын бірге басқа жаққа көшіру керек деп қаулы да жазыпты. Ал полиция департаменті күдіктінің бұрын істі болмағанын айтады. Алайда адам өліміне әкелген оқиғаға байланысты тергеу болып жатқанын, кінәсі дәлелденсе, күдікті 8 жылдан 12 жылға дейін түрмеге қамалады дейді құзырлы органдағылар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: