Бейсенбі, 18 шiлде, 12:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Балабақшаның терезесінен құлаған баланы дәрігерлер қарамай қойған

20.06.2024

302 0

Сурет: depositphotos.com

Ақмола облысында балабақшаның екінші қабатынан құлап, бас сүйегі мен аяғы сынған баланы дәрігерлер қабылдамай қойған, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Оқиға 18 маусымда Ақмола облысы Шортанды ауданы Бектау ауылында орналасқан балабақшада болған. Күндіз сағат 12:00-де бала екінші қабаттағы терезеден құлап кеткен.

«Терезеден қарап тұрып, бір сағаттан кейін құлап кеткен. Бірақ көмек бірден көрсетілмеген. Жедел жәрдем қызметіне хабарласпаған. Баланың аяғы сынса да көтеріп жүрген. Ауылдың дәрігері жаяу келіп, басын ораған, ал сынған аяққа ештеңе істемеген»,  – деді баланың анасы Ұлжан Санат.

Бүлдіршіннің туыстары оны Шортанды ауданындағы ауруханаға алып кеткен. Себебі жедел-жәрдем көлігі жүрмейді. Баланың атасының айтуынша, ауруханаға келгеннен кейін балдырғанды қабылдайтын дәрігер табылмаған. Қарияның сөзінше, медицина ғимаратында баланы 40 минут бойы қарата алмай, әбден сабылған.

«Бізді ертіп жүрген медбике қайтадан екінші қабатқа көтерілді. Мен тоқтаттым. «Аты-жөніңді айтшы, кіммен сөйлесіп жүргенімді білейін» десем, ол телефонмен сөйлесіп кетті», – деді баланың атасы Санат Датпа.

Амалы қалмаған қария немересін көлікке салып, Астанаға тартыпты. 1,5 жарым сағат жол жүріп келе жатқанда бала есінен танған. Қалаға кіреберісте жедел жәрдем шақырып, баланы ауруханаға алып келіпті. Қазір оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

«Көрсетілген медициналық жұмыстан кейін ми жарақаты мен сол жақ жамбас сүйегінің, бас сүйегінің сынығы анықталып, бала қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Қазір баланың жағдайы ауыр, бірақ қалпына келіп жатыр. Алдағы уақытта жамбас сүйегіне операция жасау жоспарланып отыр», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Айжан Ақай.

Шортанды аудандық ауруханасының директорының айтуынша, баланы қабылдамауына себеп атасы ғимараттың ішінде шу шығарғаны болған.

«Бізде ғимаратта бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. 40 минут бойы дәрігер таппай жүрдім деген ақылға қонымсыз. Барлығы тез болды. Біздің дәрігерлер екінші қабатта болған. Олар төмен түсеміз дегенше баланың атасы оны көлікке отырғызып, Астанаға алып кетіпті. Оның үстіне, дәрігер мен ол кісі арасында түсінбеушілік туындаған», – деді Ақмола облысы Шортанды аудандық ауруханасының директоры Нұрлан Шагиров.

Ал оқиға болған балабақша қызметкерлері жұмыс істеп жүр. Бүлдіршіннің ата-анасы балабақшаның тәрбиешісі мен күтушісінің, балабақша директорының үстінен арыз жазбақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: