Жұма, 29 наурыз, 01:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Балалық шақтағы досым

02.08.2022

877 0

Бала кезде велосипедке қызықпаған бала болмаған шығар. Себебі қалаған жеріңе оп-оңай апаратын, керек десең балалардың қызыға қарауына жағдай жасайтын сол «шайтанарба». Көшеден мінгесіп алып әрлі-берлі жүйткіп жүрген балалар да ең бақытты көрінетін. Футболға да, телевышканың астынан шие теруге де, тіпті мектепке де белсебетпен барған бала ең «крутой» еді. Мен де солардың қатарынан болсам дейтін едім. Болдым да…

Жетіншіні жеті төрттікпен тәмамдап, сегізіншіге көшетін жылдың жазы. Ішім алабұртып, түнімен ұйықтай алмадым. Шешем де «Ертең саған сюрприз жасаймыз» деп қуантып қойды. Ал ұйықтап көр. Ол қандай сюрприз? Не үшін? Мүмкін жаңа телефон алып беретін шығар? Әлде мектепке киім алуға баратынымызды сюрприз деп отыр ма екен? Мүмкін велосипед? Ай қайдам, өздері үй салып жатқанда қайдағы велосипед? Ол темірің де арзан тұрмайды ғой… Міне, осындай ойлар маза бермей, түнімен дөңбекшіп жаттым. Бірақ сонда да қалауым велосипед еді.

Менде ешқашан өзімнің, «ноп-новый» күйінде алған велосипед болған емес. Ең біріншісі кіп-кішкентай, артқы дөңгелегінің екі жағында кішкентай дөңгелегі бар «детский» велосипед болды. Оның өзін бірінші сыныпта міндім. Ауылдағы нағашым «біздің балаға кішкентай» деп беріп жіберген. Басында әбден қуанып, ала жаздай әрлі-берлі зырғығаным болмаса кейін қызығы басылды. Өйткені түрі тозған, тот басқан темір еді ол. Оның үстіне үйрен деп кішкентай дөңгелектерін алып тастағанда құлап, талай жарақаттанғам. Сол үшін де көңілім қалды. Қасқаның цебі де шығып кете беретін. Әлішердің 710-дық Стелсын, кәдімгі үлкен велосипедін тепкен соң өзімдікін менсінбей де қалдым. Одан кейін ағаларымның колонкаға айырбастап алған, ақша жинап қолдан алған темір тұлпарлары болды, әрине. Бірақ олар да жаңа болмаған соң аса бір ұнамайтын. Маған су жаңа, жалт-жұлт еткен белсебет керек еді.

 Міне, осылай өз ойымда су жаңа көлігімді армандап жатып әйтеуір ұйықтап кетіппін. Келесі күні түсте ояндым. Қызық… Сағат 10-нан өткен. Шешем көшеге шығар болсақ «Күн ысып кетпей тұрғанда ертерек барып келейік» дейтін. Демек, базарға бармаймыз. Онда сюрприз деп жүргендері велосипед емес. Мұндай ойдан кейін көңілім түсіп кетті. Себебі мені велосипедтен басқа ештеңе қуантпайтындай… Алайда оянғанымды көрген анам «Тез-тез жуынып, шайыңды ішіп ал. Көше жаққа барамыз» деді. Атып тұрдым. Ұшып-қонып жүріп жуынып, анам құйған бір кесе шайды іштім. Іштім деген әшейін ғана. Дәл сол шай суып болмады, бір-екі ұрттадым да, анамның көзін ала бере төге салдым. Көшеге киетін киімді де лезде киіп, сыртқа шықтым. Енді шешем шығып болса ше… Асыққаным сонша үйге екі-үш рет кіріп, «Мама, тездетші» деп, ақырында сөз де естіп алдым. Эх-х-х, мені қайдан түсінсін? Маған не алып беретінін, жо-жоқ, велосипед алып бергеніне асығып тұрмын. Сюрприздың велосипед екеніне сенімдімін. Өйткені бұған дейін әрлі-берлі «намекать» еткеніммен үйдегілер түсіне қойған жоқ. Ақыр соңында «Түсімде велик көрдім» деген әңгімені жиі айтып, өтірік сандырақтап сөйлеген болып «велик-велик» деп қақылдайтынмын. Сөйтіп шешем де шықты.

Маршруткаға мініп, базарға да жеттік. Дәл өзі. Шешем тура велосипед сататын бутиктерге қарай жүріп барады. Жолда танысын көріп, сөйлесіп қалмаса екен деп тілеп келем. Дүкен ашық болса екен деп те сыйынып келем. Ашық. Әне тұр. Сан түрлі темір тұлпар жалт-жұлт етіп көздің жауын алады. Алдында себеті бар Урал, қызыл-көк Стелстің 410, 710 бәрі-бәрі тұр. Е-е-е, араларындағы ең мықты деген «скоростной» велосипедтер де бар. Мұндайын мінген адамда арман жоқ шығар. Шешем сатушымен сәлемдесті де «Таңда» деп қана айтты. Ал керек болса, өзім таңдайды екенмін. Жалпы мынаны аласың деп кез келгенін көрсетсе де дайын едім. Анамның мына сөзі тіптен қуантып жіберді. Қалтасында қанша ақша барын білмесем де шамамен 410-дық Стелс алуға рұқсат деп болжадым. Қызылы қыздарский, көгі көзге түспейді, сарысы Ерсұлтанда бар. Не де болса жасылы дұрыс-ау. Өзі де алыстан көзге түседі екен. «Мынаны алам» дедім. Шешем сатушымен әңгімені жіберіп жатыр, мені ести қойған жоқ. Шамалы ойланайын дедім де ақыры басқалары ұнамаған соң сол жасылын алатын болдым. «Мама мынаны алайықшы» деген сөзіме ше­шемнің не дегенін білесіз бе? Ол сөзінен кейін мен бақыттан басым айналып, ғарышқа бір ұшып келгендей болдым. Ішім қуаныштан бүріп ауырып кеткендей ме… «Оны қайтесің тыртитып. Әкең «скоростной» алсын деді. Мыналардың ішінен таңда» деді шешем. Міне, бақыт, міне, қуаныш. Осы кезде бұрын бірдене бола қалса үйдің үлкендері «Сені асырап алғанбыз» дейтін. Бұл жолы ол сөздерінің өтірік екеніне тағы бір көзім жетті. Маған велик, скоростной велик алып бермекші. Әрқайсысына бір мініп, сыртымнан елестетіп көріп, тағы да жасылын алам дедім. Бірақ жай жасыл велик емес, рамасы ерекше иілген, рулі де түп-түзу, спортшылардыкіндей велосипедті таңдадым. Сатушы көлігімді сайлап, дөңгеле­гін қатайтып, бір-екі кілтін ұстатты. Құдай-ау, өзінің құжаты бар екен. Серийный нөмірін сәйкестендіріп, гарантиясын жазып берді. Вело­сипед емес таза көлік қой мынау. Шешем «Мен аздап базар аралаймын, сен үйге бара бер. Үй жаққа келгенде хабарласам, пакеттерімді велигіңе артып аларсың» деген соң үйге қарай тарттым.

Қалада мұндай велик тек менде секілді. Жұртқа жалтақтап, қайсысы қызғана, қызыға қарайды екен деп келем. Өзім де үстінде сенімді отырмын. Адам жоқ жерлерде түймесін басып, ызғытып та аламын. Қатты жүрген кезде кәдім­гідей самал жел есетінін қайтесіз. Ие-е, шынымен де скоростной десе скоростной екен. Үйге қарай келгеніммен кірмедім, әрлі-берлі зырғытып жүрдім де қойдым. Қақ төбеден күн шыжып тұрғанда біреуі де далаға шықпайды ғой. Әйтпесе жаныма жетіп келіп, қызықтап тұрушы еді. Сол күні темір тұлпарымды аяп үйге тастап, шешемнің дәу пакеттерін қолым қиылса да өзім әкелдім. Міне, осы күннен бастап менің бақытты балалық шағымның кезекті кезеңі басталды.

Қолы қалт етсе қала кезіп, белсебетімен белсеніп жүретін де мен. Екі аттасаң жететін дүкенге великпен баратын да мен. Балалар болып жарысса бірінші келетін де мен. Әйтеуір қуанышты сәтімнің көбін белсебеттің үстінде жүріп өткізіп, кейде оған мұңымды да шағатын едім. Балалық басылмаған кезеңде өзімді Тур де Франстың қатысушысы ретінде сезініп, асфальт жолда жүйткіп жүретінмін. Кейінірек Қытайдан «Алиэкспресс» дүкенінен тұлпарыма түрлі зат алдырттым. Жарық түссе түрлі-түсті болып жанатын катафоттар, түнгі кезде қосатын жарық шамы, тиын-тебен мен телефон салатын сөмке де бар еді. Велосипед менікі болғанымен қызығын барлығы көрді. Әкем кейде жұмысқа мініп кетсе, үйдің үлкен­дері көшеге сонымен кететін. Тіпті ең алғаш рет қызбен қыдырғанымда да осы бір серігімді қасымда сүйретіп жүргем. Мектепке де велосипедпен барып, күннің көзінде тұрып қалмасын деп ерте барып, көлеңкеден орын иемденуге асығатынмын. Велосипедімді мініп көршіммен 30 шақырым жердегі ауылға барып, балық та аулағанбыз.

Міне, осы кездердің бәрінде байғұс бір бұзылған емес. Артық дыбыс шықса әкемнің артынан қалмай жөндетіп аламын. Қыс кезін­де ақша жинап, жыл сайын дөңгелектерін жаңар­тамын. Машина жуса мен де жағаласып велосипедімді сылап-сипап жүретінмін.

Демалыста үйге барғанда көрдім. Күтімі жоқ болған соң наклейкасы жыртылып, майы да ағып, топыраққа тұнған. Дөңгелектерінің де жаңартылмағанына біраз болған. Ең өкініштісі қазір оған аса қуанбайтын болыппын. Жай көлік ретінде қарап, тек шаруаға ғана пайдала­нам. Кезінде көп қуаныш сыйлаған, бақытты еткен велосипедіме ол кезде бей-жай қараймын деп ойламаппын. Жаны болмаса да жанымды түсінетін темірді аяймын. Әркім бір мініп, білгенін істеп, себепті-себепсіз скоросын ауыс­тырып жүрген шығар. Айқыш-ойқыш жолдардан жай өтпей, темірі темірге соғылып әбден қиналса керек. Шашыраған лай судан басқаны көрмегеніне де көп болғандай. Тіпті түнгі қаланы аралап, оған ешкім әңгіме де айтпайтын шығар.

Қайтейін… Мен қазір басқа қаладамын. Саған мұңымды шағып, сыр шертетін кіш­кен­тай бала да емеспін. Сен маған шексіз жақ­сы­лық жасадың. Ал мен тек үйдегілердің сені сатып не ауылға беріп жібермеуіне жағдай жасай аламын. Балалық шағымды бақытқа бөле­генің үшін алғыстан басқа айтарым да жоқ…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: