Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 09:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Шерзат Болаттың ата-анасы жантүршігерлік жағдайды баяндады

30.11.2024

5668 0

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың ата-анасы сұхбат берді. Олар болған қайғылы оқиғаны егжей-тегжейлі баяндады. Марқұмның анасы ұлын өлтірген түні күдіктілерді тоқтатуға тырысқанын есіне алды. Ал әкесі 4 қазанға қараған түні дүкендегі жанжалдың қалай басталғанын айтып берді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

Stan.kz ақпарат агенттігі Талғарда қаза тапқан Шерзат Болаттың ата-анасы берген сұхбатты баяндайды. Марқұмның ата-анасы  өрттен кейін Шерзаттың отбасы үйлеріне қайтпаған. Ал оқиға болған дүкен жабық тұр. Отбасы ешкімнен ақша сұрамағандарын, әлдекімдердің өз аттарынан ақша жинағандарын жеткізді. 

«Қазір біз ата-анамызбен тұрып жатырмыз. Әкімдік тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. Желіде біздің ақша жинап жатқанымыз туралы ақпарат тарады. Белгілі болғандай әлдекімдер атымды жамылып көмек сұраған. Менің бұған қатысым жоқ”, – дейді Шерзаттың әкесі. – 

Шерзаттың әкесі бастапқыда қоқан-лоқы көрсеткендер болғанын айтты.

«Басында қорқытқандар болды. Ол туралы да ашық айтқан едім. Қазір ондай жоқ, тынышталып қалды”, – дейді ол.

Шерзаттың анасы ұлын еске алып, бөлек болмысы жайлы сөз қозғады.

«Шерзатымызды күнде еске аламыз. Оның өлімі бізге ауыр тиді. Ұлым еркін, ержүрек, мейірімді бала еді. Барлығына көмектесуге тырысатын. Ақкөңіл еді. Менің сөзімді жерге қалдырмайтын”, – дейді Шерзаттың анасы.

Оқиға болған түні анасы баласын қорғап, жиналған топтың перзентін өлтірмеуін өтінген.

«Оқиға болған түні әжесі екеуіміз дүкеннің маңына бардық. Олар бізге назар аударған да жоқ. Шабуылдап жатыр екен. Ана ретінде ұлыма тиіспеңдерші деп өтіндім. Менің сөзіме қараған жоқ. Баламды және күйеуімнің бауырын аяусыз соққыға жығып, ұлымды өлтіріп кетті. Көздерінде қатігездік бар еді. Олар әдейі жасады, бәрібір еді. Қазір олардың аналары сол оқиға орнында болғандай айтып жатыр. Балаларының қандай екенін білмей тұра, бізді кінәлап жатыр. Мен кінәлілердің өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын қалаймын”, – дейді Шерзаттың анасы.

Шерзаттың әкесі оқиға түні Дархан есімді жігітті сабырға шақырмақ болғанын айтты.

«Дархан деген жігіт келіп сыра алды. Дархан өзі төбелес бастады. Мен ұлымды сабырға шақырдым. Дарханға да “қой” деп айттым. Бірақ Дархан таныстарын шақырды. Ұлымның да інімнің де достары көп еді. Бірақ біз төбелесті ушықтырмадық. Ешкімді шақырған жоқпыз. Күдіктілердің ата-аналары бізге жала жауып жатыр. Тіпті ол жігіттердің әке-шешелері келіп көңіл де айтқан жоқ”, – дейді Қаржаубай Нұрымов.

Шерзаттың отбасы іс біткеннен кейін Талғардан көшіп кетуге ниетті. Қазір тергеу аяқталуға жақын дейді адвокаттар.

“Қазір тергеу жүріп жатыр. Менің болжамым бойынша жақын арада тергеу аяқталады. Заң бойынша белгілі бір уақыт аралығы бар. Тергеу қажет жұмыстарды уақытылы жүргізіп жатыр. Екі аптадан кейін іс прокуратураға берілуі керек. Артынша тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысады. Қазір екі психолог балалар мен ата-аналарымен жұмыс істеп жатыр», – дейді адвокат Саида Тәуекелова.

Отбасының адвокаттары бірнеше іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты.

«Бастапқыда тергеу 7 күдіктіні анықтаған. Қазір 11 адам “Адам өлтіру” бабы бойынша тергеліп жатыр. Сонымен қатар куәгерлер де бар. Тек “Адам өлтіру” бабы бойынша ғана емес, қылмысты жасыру, қоқан лоқы, өрт бойынша да қылмыстық істер жүргізіліп жатыр”, – дейді адвокат Карина Көшербаева.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: