Жұма, 29 наурыз, 02:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

350-інші бап. Қоқысты қайда тастаймыз?

10.07.2021

2649 0

Шаһардан тазалықшылар күн сайын 200 тонна тұрмыстық қалдық, яғни қоқыс шығарады екен. Ол қалдықтың барлығы арнайы полигондарға жеткізіледі. Биыл 1 шілдеден бастап осы тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты экологиялық кодексте арнайы бап күшіне енді. Ондағы 350-інші бапқа сәйкес енді тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптамай көмуге тыйым салынады. Заңға сәйкес өңірдегі қоқыс полигондары қалай жұмыс істеуде?

Облыстық экология департаменті ұйымдастырған баспасөз турында бір­қатар тілшілер қауымы арнайы қоқыс өңдейтін полигондарға барды. Қазіргі кезде облыста қалдықтарды сұрыптау мақсатында «Ибрайхан и К ЛТД», «Smart Rubber» ЖШС, «Эко-Н Сервис» серіктестіктері жұмыс істейді. 

Мәселен, «Ибрайхан и К ЛТД» серіктестігінің полигонында жинақ­талған шыны, автошина, пластик, мата, құрылыс пен тамақ қалдықтары сұрыпталады. «Smart Rubber» ЖШС автокөліктердің жарамсыз шиналарын қайта өңдеп, тамшылатып суаруға арналған түтіктер өндіреді. «Эко-Н Сервис» мекемесі құрамында сынабы бар істен шыққан шамдарды залал­сыздандыруды жүзеге асырады.

– Белкөл кентінен 7,5 шақырым қа­шықтықта орналасқан «Ибрайхан и К ЛТД» серіктестігінің нысаны 2020 жылы іске қосылды. Полигонның негізгі қызметі – қаладан шыққан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау. Өткен жылы құзырлы мекеменің рұқсатымен арнайы нысан және жарамсыз қалдықты көметін аймақ ашылды. Мұнда күніне 200 тоннадай тұрмыстық қатты қалдық келіп түседі. Сұрыптаудан өткен пластик, шыны, металл қалдықтар арнайы орындарға жеткізіледі, – дейді облыстық экология департаментінің бас маманы Ахметжан Сағындықов.

Ол қалдықты өңдеуден гөрі сұ­рыптау экологияға пайдалырақ екенін айтты. Сондай-ақ осы кезге дейін экологтар осы мәселені көтеріп, өткен жылы министрлік бұл өзгерісті қолға алғанын да жасырмады.

Расымен бұл қоқыс полигондарының пайдасы аз емес. Бұл нысандар табиғат тазалығын сақтаумен қатар тұрмыстық қалдықтан тиімді арылуға ыңғайлы. Десе де әлі де мұндай нысанның қа­тарын арттыру немесе жұмыс күшін көбейту керек-ақ. Осыған байланысты басқарма әкімдікке өздерінің арнайы ұсынысын білдіруде.

Мысалы ресейлік құрылғылардың көмегімен тұрмыстық қалдықты сұ­рыптайтын «Ибрайхан и К ЛТД» серіктестігінің қоқыс полигонына күн сайын 180-200 тонна қоқыс әкелінеді. Дегенмен 40 жұмысшы жұмыс істейтін бұл полигоннан күніне 5-10 тонна ғана шикізат алынады екен. Қалған қалдықтар арнайы шұңқырларға көміледі.

– Полигон жыл-он екі ай жұмыс істейді. Кешеннің қуаты жылына 60 мың тонна, ал сағатына 26 тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптауға жетеді. Жарам­ды деп танылған қалдықтар арнайы престеліп, қоймада жиналып, Шым­кент, Алматы секілді қалаларға жі­беріледі. Мысалы, кешен өткен жылы сұрыптаудың көмегімен тұрмыстық қал­дықтан 115 тонна шикізат алды, – дей­ді «Қызылорда Тазалығы» ЖШС-нің эколог маманы Жанарбек Шаянбеков.

Облыстық экология департаментінің мәліметі бойынша, аймақта 145 поли­гонға жер учаскесі белгіленгенімен, оның тек 7-і ғана экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлы­ғымен бекітілген «Жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай тұрмыстық қатты қалдықтардың сұрыпталу мен өңделу үлесін 40 процентке жеткізу, тұрмыстық қатты қалдықтарды орна­ластыру нысандарын 95 процент эко­логиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру жоспарланған.

Басқарма бүгінде тазалықтың сақ­талуы мен заң талаптарының бұ­зылмауын қадағалаумен белсенді айналысуда. Мәселен, биыл геопортал жүйесі бойынша ғарыштық мониторинг арқылы космостық бейнелерді зерде­леудің көмегімен Қызылорда қаласынан 50 шақырым радиус аумағында 100 рұқсатсыз қалдық орындары анықталып, жою жұмыстары жүргізілген.

Ендігі мақсат – жаңа жоба мен заңнамаға сәйкес әр елді мекеннің халық саны өсімін есептей отырып бірнеше үлгіде полигон жобаларын жасап, әр аумаққа орналастыру. Ол жерге жеткізілген тұрмыстық қалдық сұрыптаудың нәтижесінде шикізат көзіне айналары сөзсіз. Міне, осы жоспардың барлығы жүйелі жүзеге асса қоршаған ортаның жағдайы жақсарып қалатыны анық.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: