Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында «Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қала аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары туралы» мәселесі қаралмақ.
Бұл мәселе қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қаралды. Жиында көтерілген мәселелерді толық бағдарлау үшін алдымен халық қалаулылары қалалық төтенше жағдайлар басқармасына қарасты №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің алаңында болып, өрт сөндіру қызметінің, жедел құтқару жасағының материалдық жағдайымен танысты. Мұнан соң депутаттар мәслихат ғимаратында сала мамандарымен бірге қала аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді талқылады.
Жиын барысында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов жұмыс барысы туралы хабарлама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы 8 айда Қызылорда қаласы аумағында әртүрлі сипаттағы 138 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 66-сы тұрғын үй секторында, 46-сы автокөлікте, 12-сі мекемелерде, 4-уі дала және орман өрті, 10-ы басқа да өрттер. Нәтижесінде 2 тұрғын жарақат алған. Абайсыздықтан қанша тұрғын үй мен мекеме тілсіз жаудан зиян шеккен. Бұл мәселе төтеншеліктерді алаңдатып отыр. Сол себепті олар үшін қысылтаяң кезде қажетті құрал жабдықпен қамтылу маңызды екенін айтады. Осы мәселеге байланысты сала мамандары тексеру жасаған. Нәтижесінде қалада 283 өрт сөндіру гидранты жарамсыз екендігі анықталған. Тілсіз жаудың бірі суға кету болса, қаладағы су айдындарында жыл басынан 4 адамның түрлі себеппен суға кету жағдайы тіркеліп, 1 жасөспірім қаза болған. Бұл өкінішті жағдайдың басты себебі – тұрғындардың қауіпсіздік ережесін сақтамауынан. Яғни ішкілік ішу, рұқсат етілмеген жерге суға түсуінен орын алуда.
Апат айтып келмейді. Сондықтан қандай қауіп-қатерге де сақадай сай болу үшін ірі көлемді төтенше жағдай орын алған кезде қала тұрғындарына дабыл беретін орталықтандырылған құлақтандыру жүйесін көбейту, коммуналдық меншіктегі қалалық жағажай ашу, өрт гидранттарының қалыпты жұмыс жасауын ұйымдастыру керегі айтылды. Сонымен қатар мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінің, жедел құтқару жасағының материалдық-техникалық базасын нығайту, жеке тұрғын үйлердің жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтауда автономды көміртегі тотығы датчигі құрылғысын орнатудың тиімділігі туралы халыққа түсіндірме шарасын жүргізу және басқа да мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Талқылау отырысы барысында көтерілген ұсыныстар мен пікірлер қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралатын болады.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!