Жұма, 11 қазан, 04:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Мұнайға да, еңбек мигранттарына да мойын созбау керек

16.02.2021

7146 0

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Онда күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша биыл атқарылатын жұмыс жоспары талқыланды.

Мәжілісте сала мамандары қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бойынша жүзеге асатын жұмыстар жайын саралады. Күн тәртібіндегі бірінші мәселеде қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов былтыр өнеркәсіп өндірісі көлемі 84 процентті, өңдеуші өнеркәсіп 90,8 процентті құрағанын жеткізді.  Бұл екі көрсеткіш тікелей мұнай өнімімен байланысты болғандықтан, мұнай өңдеудің 30 процентке төмендеуі аталған салаға айтарлықтай кері әсер еткенін жасырмады. Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша көрсеткіш 102 процентке жеткен. Экономикалық ахуал тек мұнымен өлшенбейді. Бұдан өзге де салалар бойынша атқарылған ауқымды тірліктің нәтижесінде жоғары көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік туған. Былтырғы пандемияның салдарына қарамастан тығырықтан тиімді шыға білген сала мамандары биыл жаңа жоспарға сай жұмыс істемек. Тек мұнайға қарап отыруға болмайды. Сондықтан өндіріс саласының басқа да бағыттарын жандандыруды қолға алу қажет. Шаһар басшысы сала басшыларына осыны ескертті. Сондай-ақ осы бағытта әкім орынбасары Бектас Балғабайұлына бірқатар тапсырма беріп, оны қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау, құрылыс, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдерімен бірлесе атқаруды міндеттеді.

Халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бойынша атқарылатын жұмыстар туралы сала басшысы Индира Ақжігітова баяндама жасады. Жыл басынан бері қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне 5399 азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, қаладағы жұмыссыздық деңгейі 1 ай көлемінде 4,2 процентті құрапты. Мәселен  былтыр мыңнан аса адам жұмыспен қамтылса, биыл оның жартысына жуығы ғана екі қолға бір күрек тапқан.

Жұмыссыздық деңгейінің бұлай күрт өсуінің де өзіндік себебі бар. Бұл ретте бөлім басшысы індет кезінде біршама кәсіпкерлік нысанның, өндіріс орнының жабылуы, қызметкерлерді қысқартуы әсер етті дейді. Ендігі салаға кесірін тигізген індеттің салдарымен күрес күшейтілмек. Ол үшін сұранысқа ие мамандарды оқыту, жұмысқа орналастыру әрі қарай жалғасын табады. Осы орайда азаматтарды жұмысқа орналастырудың жаңа жоспары бекітілген. Онда мемлекеттік мекеме және жеке секторлармен байланысу көзделген.

Жұмыссыздықты жоюда туындайтын мәселе мен кедергі көп. Бір-бірімен үйлеспейтін кемшін тұстарды жіктеп берген Индира Ақжігітова азаматтарға жұмыс беруде жеке секторлардың сұранысы жоғары екенін әрі тұрақты жұмыспен қамтылу мүмкіндігі де барын атап өтті. Ал мемлекеттік мекемелерге «Жастар тәжірибесі», қоғамдық жұмыс арқылы тартылғандар уақыты келгенде жұмыссыз қалатынын жасырмады. Осыған сәйкес кәсіптік білім беру орындарында қажетті мамандық негізінде оқытуды жүйелеу керектігі де айтылды. Сала басшысының сөзін шаһар басшысы Нұрлыбек Машбекұлы да құптады. Әсіресе, індет кезінде еңбек мигранттарының келуіне шектеу қоюынан құрылыс саласында маман тапшылығы айрықша сезілген.

– Пандемия уақытында көрші елдерден келіп жұмыс істейтін еңбек мигранттарының келуіне шектеу қойылды. Сол себепті құрылыс саласын қарқынды жүргізуде қиындық болды. Өз азаматтарымыз құрылыс жұмысына барудан бас тартады. Кейбірі денсаулығы жарамайтынын айтады. Тіпті жалақысын 200 мың теңгеге көтереміз десе де, қара жұмыс істегісі келмейтіндер көп. Оған қоса құрылыс материалдары қымбаттады. Кірпіш зауыттарында жұмысшы тапшылығы орын алды, жұмыссыздар да азаймады, – деді мәселенің мән-жайын тарқатқан қала басшысы.

Ендігі осы мәселені шешу бағытында жоспар құрылып, жүйелі жұмыс жүргізу керектігі де айтылды. Сонымен қатар мәжілісте мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту, оларға қолайлы орта қалыптастыру назардан тыс қалмады. Биыл аталған топтағы азаматтарды жұмыспен қамтитын мекемелерге қойылатын талап күшейтіледі. Сондай-ақ олардың жүріп тұруына, тиісті қызметті оңай алуына қолайлы жағдай жасауды қала әкімі әрбір сала басшысына қатаң тапсырды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: