Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 20:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Өңірдегі цифрландыру жүйесінің жайы қалай?

09.08.2022

1166 0

Дәл осы сұрақтың жауабын білу үшін Қазақстан Республика­сының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин арнайы іс-сапармен Қызылорда облысына келді. Бағдарлау жұмысын министр алдымен қаладағы №3 емханадан бастап, цифрлан­дыруға көшкен медицина жүйесінің жұмысымен танысты.

Медицина мекемесін аралау барысында министр маммография кабинетіне өтіп, маммографиялық аппараттың PACS жүйесіне қалай қосылғанымен таныс болды. Аталған жүйе пациент ауруының тарихын бірнеше дәрігердің бір жүйеден көруіне және уақытты барынша үнемдеуге көмек береді. Айта кетерлігі, PACS жүйесі бүгінде Қызылорда облысының 13 медициналық ұйымына енгізілген.

Министр өз сөзінде облыстық денсаулық сақтау басқар­масы медициналық ұйымдармен тығыз жұмыс істеп, цифр­лан­дыру бағытында жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Цифрлық даму министрі Қызылорда қаласының халыққа қызмет көрсететін цифрлық кеңсенің  жұмысымен танысты. Кеңседе 2022 жылдың 6 айында азаматтарға 22129 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Халық­қа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысқан министр мекеме бүгінде республикадағы үздік қызмет көрсету орталықтарының бірі екенін тілге тиек етті.

Бағдат Мусиннің Сыр өңіріне сапары «Достық» үйінде жалғасып, онда ол министрліктің бүгінде атқарған жұмыс­тары мен алға қойған жоспарлары туралы баяндап, қала тұрғындарының қойған сауалдарына жауап берді.

− Бүгін мен өздеріңізді толғандырып жүрген өзекті мәселелерді талқылауға келдім. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, биылдан бастап халықпен кездесу жаңа форматта өткізіліп келеді. Ондағы басты мақсат − тұрғындармен тікелей кездесіп, өзекті мәселелерді тыңдап, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес азаматтардың проблемаларын шешуге ықпалдасу, − деді министр кездесудегі сөзінде.

Сондай-ақ министр елімізде цифрлық шешімдерді қалай енгізетінін қысқаша түсіндірді. Ол бірінші кезекте барлық жұмыс адамдардың, яғни қоғамның өмірін жақсарту үшін жүргізілетінін айтты. Екінші мақсат − бизнес үшін цифрлық өзгерістерді қолдану. Үшінші – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өзін Қазақстанның барлық мемлекеттік органдары мен әкімдіктерін цифрландыру бөлігінде негізгі «драйвер» ретінде ұстануы.

Министр Мусин сондай-ақ бүгінгі күні цифрлық даму министрлігі атқарған оңтайлы жұмыстарды да ашып айтты. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін қолжетімді ету бар. Яғни онлайн форматтағы E-Gov платформасы мен M-Gov мобильді қосымшасында 18 құжат цифрлы форматқа көшірілген. Одан бөлек, халықтың ХҚКО-ға жүгінбей-ақ 25 қызметі оңай алуы, яғни «проактивті» қызмет көрсету жүйесі. Бұл жүйеге мысал ретінде министр бала туған кезде анасына СМС хабарлама арқылы растау жүргізіліп, туу туралы куәлікті автоматты түрде рәсімдеу жүйесін келтірді. Бұрын бұл қызметті алу үшін ХҚКО-ға барып, өтініш беру қажет болатын.

Бағдат Мусин Қызылорда облысындағы кей мәселеге де тоқталды. Соның ішінде аймақтың байланыс және интернет жүйесімен қамтылуы. Оның сөзінше, Қызылордада 880 мың адам немесе халықтың 98,9 проценті сымды және сымсыз байланыс қызметтерімен қамтамасыз етілген. Алайда жалпы саны 9,6 мың халқы бар 42 ауылдық елді мекенде байланыс жоқ. Жыл соңына дейін 4 ауыл салық жеңілдіктері шеңберінде 2022 жылға дейінгі кезеңде «Востоктелеком» ЖШС-мен қамтамасыз етілмек. 18 ауыл бойынша геостационарлық емес спутниктік жүйелер есебінен қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда. Бұл туралы цифрлық даму министрі айтты.

Кездесу барысында министрге қала тұрғындары да көкейде жүрген сауалдарын қойды. Соның ішінде «Қазақтелеком» қызметін пайдалану, нақтырақ, қаланың кей аумағында «Қазақтелеком» қызметінің қолжетімсіздігі айтылды. Үйлерге акционерлік қоғамның қызметін қосу мүмкіндігі жоқ, тіпті «Сығанақ» шипажайында дема­луға халықтың бармауының бірден-бір себебі − бай­ланыс жүйесінің болмауы. Одан бөлек, ұялы байланыс операторларының тарифтік бағасының қымбаттығы айты­лып, қазіргі байланыс операторларының жұмысын тиімді ету үшін басқа да телекоммуникацияларға нарыққа шығуы­на жағдай жасау туралы министрге ұсыныс айтылды.

− «Қазақтелеком» АҚ − екі мобильдік оператор кіретін, өзінің қызметтері де бар алып компания. Мен акционерлік қоғамнан бір мобильдік операторды жеке шығару туралы ұсынысымды Мемлекет басшысына да премьер-министрге де бердім. Себебі бұл бәсекелестік ортаны қалыптастыруға септігін тигізеді. Ал қала ішінде желі тарту мәселесіне келер болсақ, қаланың белгілі аумағына интернетті тек «Қазақтелеком» тарта алады деген «миф». Бұл қызметпен басқа да компаниялар айналыса алады. Кез келген интернет провайдер құрғысы келген адам біздің министрлікке жүгі­ніп, желі тартуына мүмкіндік бар.  Алматы, Шымкент өңі­рінде басқа шағын операторлар көбейді. Міне, сол опера­торларды Қызылорда облысына тарту арқылы да мәселені шешу мүмкіндігі бар. Бұл ең алдымен халықты интернетпен қамтамасыз етеді, екіншіден, бәсекелестік болады.

Шынын айту керек, біздегі мобильді интернет жүйесі сапалы деуге келмейді. Ал тариф жоспарларының аздығы жағынан біз әлем бойынша алдыңғы қатарда, үшінші-төртінші орында тұрмыз. Сол себептен де тарифтердің санын көбейту керек. Өйткені аз тариф арқылы сапалы интернетпен қамтамасыз ету мүмкін емес, − деп жауап берді министр Бағдат Мусин.

Кездесу барысында сондай-ақ қала тұрғындары «Смарт қала», 112 бірыңғай байланыс жүйесіне қатысты тол­ған­дырған сауалдарын қойды. Министр бұл бастамалар­ды толыққанды зерттеп, аймақ басшысымен кездесуде әкімдік деңгейде шешілетін мәселелерді жеткізетінін айтты.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: