Сенбі, 20 сәуiр, 20:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Қала әкімі 9 мамыр Жеңіс күнімен құттықтады

09.05.2023

829 0

Құрметтi жерлестер!

Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Сонау 1945-ші жылдың көктемінде жанардан қайғы мен қуаныштың жасын қатар селдетіп қарсы алған Ұлы Жеңістің төл тарихымыздағы орны ерекше.

Бұл – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, бүкіл жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің өшпес даңқы жадымызда жаңғыратын күн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз. Мемлекет соғыс ардагерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Олар қоғамымыздың да құрметін көріп, қамқорлығына бөленуге тиіс» деді.Елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген сол бір ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр уақытта, оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлердің көрсеткен өрлігі мен ерлігін, қаһармандық өнегесін жас ұрпақ бойында қалыптастыру бүгінгі біздің ең басты мақсатымыз.

Бейбітшілік жолында миллиондаған адам құрбан болып, біз бұл жеңісті қимас боздақтарымыздың, әкелеріміз бен аталарымыздың өмірімен өтедік. Өкінішке орай, қан майданның қияметін басынан өткерген ардақты аға буынның қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Шаһарда бүгінде сол қаһарлы шақтардың көзі тірі екі куәгерінің ғана қалғаны жанымызды сыздататыны рас.

Ұлы Жеңіске қол жеткізген майдангерлерден қалыспай, тылда қажырлылықпен еңбек еткен ардагерлеріміздің де еңбегі орасан. Ашаршылықты, ауыртпашылықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да, қайсар жандарға көпшіліктің, анығырақ айтқанда, бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз.

Қадірлі соғыс және тыл ардагерлері!Біз «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды», – деген ұранды берік ұстанған елміз. Жеңісті жақындатып, сұрапыл соғыс салқынын алыстатқан ерліктеріңіз бен еңбектеріңіздің өтеуі болған қастерлі Тәуелсіздігіміз, мамыражай бейбіт күніміз үшін Сіздерге мың тағзым!

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

Құрметпен, Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: